20 Қаңтар, 2017

Эмма Шейдлер, волонтер: Универсиада экономикалық тұрғыдан да тиімді

360 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
[caption id="attachment_93764" align="aligncenter" width="591"]Version 2 Version 2[/caption] «Менің есімім Эмма Шейдлер», – деді 18 жастағы неміс қызы. Ол өткен жылы мектепті аяқтап, «Іс-шара менеджменті» мамандығын оқу үшін Шотландияның Эдинбург қаласына көшіп барыпты. Эмма – Алматыда өтетін қысқы Универсиадаға келетін еріктілердің бірі. Ол Қазақстанға келуге, Универсиада секілді халықаралық жарыстарға ат салысуға құштар екенін айтады.  Ағылшындар спортты өмірінің бір бөлшегі ретінде қарайды ғой. Жалпы ол елдегі Универсиаданың деңгейі қандай? – Бір қызығы, кәсіби спортпен айналыспайтындардың, қара­пайым халықтың көп бөлігі Универсиада туралы есті­меген екен. Олимпиада мен «Дос­тас­тық ойындарынан» кейінгі дүбірлі дода туралы Ұлыбри­тания­дағы ақпараттың аздығы мені таңғалдырды. Доста­рыма Қазақстанға қысқы Уни­вер­сиа­даға ерікті болып бараты­ным­­ды айтқанымда, олар қандай жарыс екенінен бейхабар-тұғын. Әрқайсысына жеке-жеке түсін­діруге тура келді. Меніңше, Бри­тан үкіметі студент спорт­шы­­ларды жеткілікті қолдамай­тын секілді. Себебі, студенттер ара­­сын­дағы әлем чемпионаты мен Ун­и­версиада Тұманды Альбион­да аса танымал емес. «Достастық ойындары» Ұлыбританияда жиі өткізіледі. Халықтың оған деген көз­қарасы қалай? – Қазір мен тұрып жатқан Шот­ландия «Достастық ойын­дарын» өткізген-ді. Сондықтан елдің бәрі аталған байрақты бәсекеден хабардар әрі сол арқылы спортқа деген қызығушылығы оянады. Шотландия үшін «Достастық ойындарын» өткізу үлкен абырой болды. Шотландияда волонтерлар қатары көп пе? Жалпы, халық кез келген шараға ерікті болуға қалай қарайды? – Көптеген әуесқой жаттық­тырушылар ақша төленбегеніне қарамастан ерікті болуға құмар. Олар спортты жан-тәнімен сүйе­ді. Әсіресе, жас балалар ері­к­ті болу арқылы клубтарға жазы­лып, спортпен айналыса бастайды. Соның нәтижесінде, болашақ спортшылар әзірленеді. Лондон Олимпиадасынан кейін Ұлыбританияда спорттық додаларда ерікті болуға ынта­лы­лар саны өсті. Себебі, олар байрақты бәсекенің атмо­сфе­ра­сын жақсы сезінді. Келер жылы Лондонда жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты өтеді. Лондон Олимпиадасына волонтер бол­ған­дардың көбі сондай додаға қайта қатысуға талпынып отыр. Медиа саласының спорт­қа, сондай-ақ, дене шынық­тыруға әсері қандай? – Меніңше, бұқаралық ақпарат құралдарының спортпен айналысуға үгіттеуде үлесі зор. Менің достарымның көбі – Ұлы­британияда туып, осында өскендер. Олардың бәрі біраз уақыт футбол ойнаған. Футбол туралы ақпараттың БАҚ-та көп болуы осыған жақсы әсер етті деп айта аламын. Алматыға келуге не әсер етті? – Универсиада секілді бай­рақ­ты бәсекеге қатысу – өте үлкен тәжірибе. Көптеген елден келген адамдармен араласып, ой бөлісу өте қызық. Сондай-ақ, Универсиадаға волонтер болу менің сабағым үшін де пайдалы әрі іс-шаралар индустриясында тәжірибе жинауға көмектеседі. Қазақстан туралы бұрын білетін бе едіңіз? – Өкінішке қарай, Қазақстан туралы білетінім аз. Алайда ерікті болуға қабылданған соң, ел туралы ақпарат іздей баста­дым. Қазақстанды өте суық деп естідім. Бұл мен үшін жаңа белес болайын деп тұр. Әзір­ге қазақ мәдениеті туралы аз біле­мін, әйтсе де, Қазақстанға бар­ған­да жан-жақты танысамын деп ойлаймын. Универсиада секілді халық­ара­лық жарыстар өткізуші елге бүкіл назарды аудартып, көп­теген туристердің келуіне ықпал етеді. Бұл сол елге эко­но­мика­лық тұрғыдан өте тиім­ді. Әрі халықтың да бірігуін, ынты­мақ­тас­тығын арттырып, елімен мақтануына себеп болады. Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Абай Асанкелдіұлы