Астанада EXPO-2017 көрмесінің өтуіне байланысты ЖОО үшін 2017-2018 оқу жылы 10 қыркүйекте басталады, деп хабарлады
Tengrinews.kz.
EXPO-2017 көрмесін өткізу кезінде елордадағы көлік қозғалысын жеңілдету үшін жоғары оқу орындарындағы 2016-2017 оқу жылының соңы мен 2017-2018 оқу жылына өзгертулер енгізу мәселесі қарастырылды.
"Жоғары оқу орындарындағы ғылыми кеңестердің шешімімен 2016-2017 оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Ал 2017-2018 оқу жылы 10 қыркүйекте басталады деп жоспарланды. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарындағы академиялық күнтізбелерге өзгертулер енгізді", - делінген ведомствоның хабарламасында.
Cонымен қатар, ҚР БҒМ өкілдері ҚР "Білім туралы" заңына сәйкес, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰБТ жоғары оқу орындарына түсу үшін тапсырылатын іріктеу емтихандарының бір формасы болатынын айтып өтті. Осыған байланысты 2017 жылдың түлектері ҰБТ-ны екі кезең бойынша тапсырады: қорытынды аттестация, яғни, мектептегі қорытынды емтихан, ал екінші кезең - ҰБТ. ҰБТ жоғары оқу орнына түсу емтиханы болып саналады.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, ҰБТ тапсыру туралы өтініш 10 наурыз бен 10 мамыр аралығында қабылданады.
Айта кетейік, биыл ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде аралығында, ал кешенді тестілеу 17-23 шілде аралығында өткізіледі. Ал EXPO-2017 көрмесі Астанада 2017 жылдың 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтеді.