24 Қаңтар, 2017

Волонтер болу – абырой

295 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
5Әлемнің студенттері бақ сынайтын Олимпиада – спортшылар үшін ғана емес, басқа салада оқып жүрген жастар үшін де маңызды. Екі апта бойы әлем жұртшылығының назарында болатын еліміз үшін басты мұрат – дүбірлі доданы абыроймен өткеру. Спортшылардың алғашқы легі келген күннен бастап аяғынан тік тұрып қызмет көрсететін ерікті дейтін қауым бар. Волонтер – өз еркімен қызметке жегілгенімен, атқарары жеңіл-желпі шаруа болмаса керек-ті. Еліміз ғана емес, шет мемлекеттерден де өтініштер аз түспегенге ұқсайды. Барлығы 3 000 еріктінің 2 800-і – Алматыдан, 100-і – еліміздің әр түк­­пірінен, қалған 100 студент шет ел­дер­ден. Алматыда өтетін ХХVIІІ қысқы Универсиада ойындарында ерікті болуға, әсіресе, АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Ресей, Қытай, Корея елдері қызығушылық танытыпты. Волонтермен жұмыс істеу жөніндегі департаменттің мәліметінше, осы міндетті атқаруға 15 000-нан астам өтініш түскен. Солардың ішінен талапқа толықтай жауап береді дегендерді іріктеп алу да оңайға соқпаса керек. Сондықтан, еріктінің бір аты – таңдаулы деуге келеді. Бір ғана емес, бірнеше шет тілін меңгеру, Қазақстанның, Алматының тарихын жақсы білу – басты талап. Сондықтан, қазір таңдаулы 3 000 студенттің білімін жетілдіру, тілдік деңгейін көтеру мәсе­лелері бойынша тренингтер өткізіліп болды, қонақтарды күтіп алуға дайын. Айта кету керек, волонтерлер 32 бағыт бойынша қызмет етеді. Универсиада жақындаған сайын дайын­дықтар жан-жақты пысықталуда. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек волон­тер­лермен кездесіп, істеріне сәттілік тіледі. Волонтерлердің басым көпшілігі бұл міндет алдымен өздерінің болашағы үшін маңызды екенін айтады. Мұндай әлемдік шараларда жинаған тәжірибенің өмірлік үлкен сабақ болатынына сенімді.  Алмас НҮСІП, журналист  АЛМАТЫ