арқалы ақынды еске алу шығармашылық кеші өтті
Ақынның өскен ортасы – аяулы Айыртау атырабы, сырлы Сырымбет, ерке Есіл жағасы, сымбатты Саумалкөл, жауһаздай Жалғызтау, қасиетті Қоскөл, Қамысақты бойы. Жалған дүниеге шыр етіп келіп, кіндігі кесілген туған жері, Үкілі Ыбырай, Біржан сал, Ақан сері, сырбаз Сәкен секілді көмейлерінен жыр төгілген таланттылар шоғыры оның қиялын қанаттандырып, жан сарайын сұлулыққа құштар етті. Өмірі өлеңмен өріліп, әуені әнге ұласқан тума талант иесі кешегі сал-серілердің сүрлеу жолын жалғап, елін, жерін жүрегімен жырлап өтті. Жырлары мен әндері артына өшпес мұра ретінде қалып, халық жүрегіне ұялады. Көзі тірісінде «қазақ поэзиясының жезкиігі» атанған көрнекті ақын Кәкімбек Салықовтың 85 жылдығы қасиетті Қызылжар өңірінде кеңінен атап өтіліп, ақындық, қайраткерлік, композиторлық тұлғасына жан-жақты баға берілді.
Н.Погодин атындағы орыс драма театрында өткен «Ұлт үшін Ұлытаудай ұлы қазақ» атты шығармашылық кешке еліміздің әр түкпірінен қадірлі қонақтар, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімхан, марқұмның ұлы Ерлан, немересі Динара, туған-туыстары арнайы келді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров қазақтың аяулы перзентінің тағылымға толы өмірі мен қызметіне тоқталып, солтүстікқазақстандықтар үшін орны бөлек, ерекше екенін, есімі әркез мақтанышпен аталатынын, еске алу кеші дәстүрге айналатынын жеткізді. Кеш әсерлі әңгімелерге, ескірмейтін естеліктерге, сазды әуендерге толы болды. Айтыстың ақтаңгері Аманжол Әлтаев «Арнауында» кестелі жыр шумақтарын төгілдірді.
Өлгенше өзегінен өлең өріп,
Өмірге жыр қазаны қайнап келді.
Қазағым күнде тумас Кәкімбектей,
Қаныштың ізін басқан қайраткерді,
деп суырыпсалма машығымен өнерсүйер қауымды бір сілкіндірді.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева өз сөзінде «мен қазақтың біртуар перзентімен 1976 жылы таныстым. Ән әлеміне құмартып жүргенімді байқап, үлкен сахналардан көрінуімді үнемі қолдап жүрді. Оның «Бір ауыз сөз», «Аңсау», «Сарыарқа», «Аққу жеткен», тағы басқа лирикалық жырлары мен әндерінде адам мен табиғаттың ішкі үндестігі керемет үйлесім тапқан» дей келіп, «Жезкиік», «Қалдырған» әндерімен жиналғандардың құлақ құрышын қандырды. Кәкеңнің Сарыарқаның төсінде жезкиіктей жүйткіген күміс қанат жырларына көптеген көрнекті композиторлар ән жазған. Солардың бірі, Жағыпар Әлімханов Кәкеңе арнаған «Сағыныш» күйін күмбірлете орындап берді. Оның немересі, халықаралық «Шабыт байқауының» лауреаты Сәкен Әлімханов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов, жыр мүшәйрасының «Гран при» жүлдесінің иегерлері, ақындар Ерлан Жүніс, Бауыржан Қарағыздың ән, жыр шашуларын жұртшылық риясыз сезіммен қабылдады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ