Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің алдында экспортқа бағдарланған, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті, сапалы азық-түлік өнімдері өндірісін ұлғайту арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету міндеті тұр.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында 2015 жылы республика бойынша елімізде ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3,3 трлн теңгеге жетті. Астық өндірісінің қарқынды дамуы арқылы Қазақстан әлем алдында өзінің «астық державасы» мәртебесін айқындады. Қазіргі уақытта республика әлемнің 70-тен аса мемлекетіне 5 млн-нан 10 млн тоннаға дейін астық экспорттайды. 2016 жылы ректордтық өнім – 23,7 млн тонна бидай жиналды. 2016 жылы ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 35%-ға өсіп, 228 млрд теңгеге жетті. Елде ауыл шаруашылығы салаларын әртараптандыру бойынша
ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні майлы дақылдар 2,0 млн, мал азықтық дақылдар 3,5 млн гектар жерге себіледі.
Әлемдік нарықтағы мұнай мен металл бағасының едәуір төмендеуі және экспорттық тауарларға деген сұраныстың азаюы Қазақстан экономикасына, оның ішінде ауылшаруашылық саласының дамуына кері әсерін тигізуде. Сондықтан, отандық ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге нақты қолдау көрсету үшін «Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» заң қабылданып, «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» жобасы әзірленді. Қазіргі кезде бұл заң жобасы Үкіметке бекітуге ұсынылды. Аталған жобада ауылшаруашылық өндірісін заман талаптарына сай дамытуға бағытталған жаңа даму басымдылықтары ұсынылды.
Мемлекеттік бағдарламаның басты міндеттері – жем-шөп базасын кеңейту негізінде мал шаруашылығы тиімділігін 58%-ға және басымдыққа ие дақылдар өндірісін ұлғайту арқылы өсімдік шаруашылығының тиімділігін 40%-ға арттыру. Ірі кооператив құру үшін 670 мың ұсақ тауар өндірушілерді өндіріске тарту жоспарланған. Өнім өндіру мен өткізудің ауқымды жүйесін құру арқылы ауылшаруашылық кооперацияларын дамыту негізінде ішкі нарықты отандық өнімдермен толықтыру, ауыл шаруашылығын субсидиялаудың заманауи әдістері негізінде мемлекеттік қаржылық қолдаудың тиімділігі мен оның қолжетімділігін арттыру қарастырылған. Бұл бағытта 2021 жылға қарай 25 мың несие алушыға тең дәрежеде 300 млрд теңге бөлінбек. Техникалық жабдықталу деңгейін арттыру, тиімді шетелдік технологиялар трансфертін ұйымдастыру, ақпаратпен қамтамасыз ету, жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері де жолға қойылмақ.
Бүгінгі таңда бос жатқан жерлерді, суармалы алқаптарды игеру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жер ресурстарын пайдалану сапасын арттыру мақатында 600 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу жоспарланған. Аталған шаралардың барлығы инновациялық технологияларды енгізу арқылы бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын өркендететін жаңа аграрлық саясатты дамытудың тетіктері болып табылады. Бұл үшін жаңа бағдарлама бойынша республикалық және жергілікті бюджеттен 2374,2 млрд теңге бөлу қарастырылған.
Ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасында ғылым, білім және өндірістің өзара байланысын арттырып, отандық өндірістің қарқынды дамуына барынша жағдай жасалмақ. Бірінші кезекте ауылшаруашылық өндірісінің қажеттіліктеріне жауап беретін зерттеулермен айналысатын ғылымға басымдылықтар берілмек. Бұл ретте ғылым тауар өндірушілердің нақты сұраныстарына байланысты қаржыландырылатын болады. Жаңа бағдарлама жобасында білікті мамандар дайындау ісінде жалпы көрсеткішті емес, мамандарды дайындаудан бастап өндірістің тапсырмасын ескеру қажеттілігі нақты көрсетілген.
Жаңа бағдарлама көмегімен ұсақ шаруашылықтарды iрiлендiре отырып, ғылым, бiлiм, өндiрiс интеграциясын күшейту арқылы ел экономикасын инновациялық бағытта өркендету қадамын жетiлдiру басты қағидаға айналуы тиiс. Себебі, бүгінгі күні ауыл шаруашылығындағы агроқұрылымдардың ұсақтығы ең өзекті мәселе болып тұр. Олардың саны 185,0 мыңнан асады. Қазіргі кезде республикамызда ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен 1,6 млн ауыл тұрғындарының жеке қосалқы шаруашылықтары айналысады. Агроқұрылымдардың 95%-ы – шаруа қожалықтары, олардың 81%-ының егістік алқаптары 50 гектардан аспайды. Елдегі барлық мал басының 52-ден 63%-ға дейіні үй шаруашылығында шоғырланған, яғни оларға мал шаруашылығының жалпы өнімінің 74%-ы тиесілі. Мал шаруашылығы өнімдерін өндірумен негізінен үй шаруашылықтары айналысатынын ескерсек, саладағы өнімділік пен бәсекеге қабілеттілік деңгейі өте төмен. Себебі, ұсақ шаруашылықтардың адам денсаулығына қауіпсіз азық-түлік өнімдерін өндіретін өңдеу кәсіпорындарын қажетті ауылшаруашылық шикізатымен қамтамасыз етуге, инновациялық, ресурс үнемдеуші технологияларды өндіріске енгізе алатын жоғары білікті мамандарды жұмысқа тартуға мүмкіндіктері жоқ. Көптеген шаруалардың техника сатып алуға қаржылары жетіспейді. Фермерлер өз өнімдерін негізінен ортадағы делдалдар арқылы өткізгендіктен, сатылған әрбір тауар бірлігінен алынатын пайданы (70-75%) делдалдар көріп келді (шетелдерде бұл көрсеткіш 25-30% шамасында).
Елдің аграрлық саласында бұндай жағдайдың қалыптасуына бірқатар себептер әсер етті: отандық ауылшаруашылық өндірісінің төмендеуі; материалдық-техникалық әлеуеттің әлсіреуі; азық-түлік нарығындағы интеграцияға мүдделі емес монополист-фирмалардың үстемдігі; мақсатты мемлекеттік қолдаудың аздығы; инвестициялық ахуалдың тұрақсыздығы; интеграциялық үрдіске оң ықпал жасайтын заңдық базаның жоқтығы және т.б. Осының салдарынан Қазақстанның ішкі нарығының 60%-ы ғана отандық тауар өндірушілер өндірген азық-түлік өнімдерімен, қалғаны импорт есебінен қамтамасыз етіледі. Сырттан әкелінетін өнімдердің барлығы дерлік өңделген дайын өнімдер және оларға жыл сайын орта есеппен 1,8 млрд АҚШ доллары жұмсалынады. Сондықтан, отандық агронарықта алдыңғы қатарлы агротехникалық шаралар кешенiн қолдануға бағытталған ірі тауарлы шаруашылықтар қалыптастырып, «алқаптан тұтынушыға дейінгі» технологиялық үрдісті қамтамасыз ету қажеттігі туындады. Әлеуеттері үлкен кәсiпорындарда ғана инновациялық технологиялар мен ғылыми жобалардың нәтижелерiн енгiзуге және жаңа форматтағы мамандарды жұмысқа орналастыруға болатынын уақыттың өзі дәлелдеді.
Республикада 1995 жылдан бері кооперация туралы 2 жалпы салалық, 3 арнайы заң қолданыста болған. Бірақ бұл заңдар жоспарланған нақты нәтижелерді емес, ауылдық тауар өндірушілер арасында көптеген түсінбеушіліктерді туындатты. Қазақстанда ұсақ тауарлы шаруашылықтардың басын біріктіру бойынша жұмыс бiрнеше жылдар бойы жүргiзiлгенімен, ұсақ шаруалар өз ерiктерiмен кооперативке бiрiккiсi келмеді. Себебі, оларды кооператив құруға ынталандыратын экономикалық механизмдер әзірленіп, заңды халыққа түсіндіру шаралары іске асырылмады. Осының нәтижесінде, тауар өндірушілер жаңа құрылымға сенімсіздік білдірді. Көптеген аймақтарда жеңілдетілген несие алу үшін ғана кооператив талаптарына мүлде сәйкес келмейтін «жалған кооперативтер» құрыла бастады. Қажетті құқықтық ме-
ханизмдердің болмауы шаруа иелерінің кооперативке біріккен жағдайда өздерінің жерлерінен және жылжымайтын мүліктерінен айырылып қалу қорқынышын туғызды. Осындай түйткілдер елдегі шаруалардың кооперацияға бірігуін тежеп келді.
Жаңа қабылданған «Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» заңында осы кемшіліктерді жою үшін нақты нәтиже беретін экономикалық механизмдер қарастырылған. Өндірістік және қызмет көрсету кооперативтері арасындағы құқықтық айырмашылық, пай үлестері мен кооператив жарғысының болуы міндеттелген. Кооперативтердің қызмет көрсету ерекшеліктеріне байланысты салық және монополияға қарсы заңнамаларына, жеңілдікпен несие алу шарттарына өзгерістер енгізілді. Барлық нарық субъектілері жеке, өзара бірлесіп және мемлекетпен бірге табыс табуда тең құқыққа ие болды.
Осы заңның принциптерінің бірі – кооперативке қатысушылар экономикалық тұрғыдан дербес болуы. Олар өзiнiң өндiрiстiк құралдарының иесi болып, өзi өндiрген өнiмге иелiк етуi және әрбiр кооператив мүшесiнiң мүлiктiк жер пайымен қосқан үлесiне сай түскен пайданы өзара келісіп шешуге мүмкіндік алады. Кооперативтiк шаруашылық құрудың негiзгi шарты – бiрiктiрiлген кәсiпорындардың мүдделерiн сақтау. Қызметтiң мақсаты мен сипатына байланысты әр шаруа бірнеше кооперативке мүше бола алады. Кооперацияның тұтынушылық, өндiрiстiк, кәсiпшiлiк, жабдықтау, өткiзу, несиелiк, тұрғын үй және тағы басқа түрлерiн ажыратуға болады.
«Ауылшаруашылық кооперативтерi» туралы заңды жүзеге асыру арқылы ұсақ үй шаруашылықтардың қолдарындағы ресурстарды тиімді пайдалануға болады. Ауылшаруашылық кооперативтерін құру – тауар өндірушілердің еңбегін ынталандыруға, табысты әдiлеттi бөлуге, өндiрiстiк даулардың азаюына ықпал етеді. Бұған қоса ұйымдастыру үрдiсiнiң құрамына ауылшаруашылық өнімдерді тасымалдау, сақтау, өткізу және қызмет көрсетумен айналысатын шаруашылықтар да енеді. Шаруалар экономикалық тиiмдiлiк үшiн бiрiгiп, өндiрiстiк циклдің барлық кезеңдерiн – шикiзаттан бастап нарыққа дайын өнiмдi өткізу жолдарын толық қамтитын болады. Бұл ретте өнімді сатып алу, тасымалдау және өңдеуші мекемеге жеткізу мәселелері 1,3 есеге ұлғаймақ. Жаңа заң кооперация мүшелерінің өзара ықпалдастығы нәтижесінде тауар бағасының үстемесін 15-20%-ға төмендетуге жағдай туғызады. Осының нәтижесінде, ауылдық жерлердегі тұрғындардың жылдық табысын 300 млрд теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік туады.
Жаһандану үрдiсi қарқын алған заманда инновациялық ғылым-бiлiмге деген сұраныс артуда. Ауыл шаруашылығын жүргізудің индустриялды әдістерінің орнын басып келе жатқан нанотехнологияның өзi бүгiнде күнделiктi тұрмысымызға енді. Жаңа технологиялар қоршаған ортаға жасалатын антропогендік зиянды төмендетіп, шығындарды азайтып, ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік беруде.
Қабылдауға дайындалған жаңа бағдарлама ғылыми-техникалық серпiлiске жол беретіні хақ. Агросектордың сыртқа өнiм шығару мүмкiндiгi зор екендігін ескерсек, өндiрiсте жаңа инновациялық технологияларды игеру, биотехнологияларды дамыту бүгiнгi күннiң басты артықшылығы болып табылады. Өндiрiс пен ғылым интеграциясында да әлеуетiмiз жеткiлiктi. Экспорттық бағытта ауылшаруашылық өнімін өндіру мүмкiндiгін жiберiп алмау қажеттігін әрбір ауылдық жердегі тауарөндіруші дұрыс түсiнуi тиіс. Осы бағыттағы іс-шараларды жүзеге асыру білім сапасын жаңа деңгейге көтеруді және мамандардың кәсібилігін арттыруды қажет етеді. Бұл орайда университет ғалымдары мақсатты түрде тауар өндірушілерге ғылыми-тәжірибелік қызмет көрсетуде.
Халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу және білім беру базасын құрудың заманауи тәсілдерін меңгеріп, стратегиялық бағытта жүйелі даму жүйесін қалыптастыру – университеттің қазіргі күнде қол жеткізген ең басты жетістіктерінің бірі. 2016 жылы университет базасында Агротехнологиялық хаб құрылды. Бұл университет дамуының жаңа сатыға көтерілуіне мүмкіндіктер берді. Халықаралық талаптарға сай құрылған Агротехнологиялық хаб аясында орындалатын зерттеулер импортты алмастыру мақсатында экспортқа бағытталған өнім өндірісін ұлғайту, шет елдердің озық технологиясын тарту үшін қажетті жаңа жұмыс орындарын ашу сияқты өзекті мәселелерді инновациялық жолмен шешуге барынша жағдай туғызды. Қазіргі кезде Агротехнологиялық хаб негізінде АҚШ, Еуропа және Азия мемлекеттеріндегі 36 ғылыми орталықтармен тығыз әріптестік байланыстар орнатылып, әлемнің 13 беделді жоғары оқу орындарымен қос дипломдық білім беру бағдарламасы іске асырылуда. Жүргізілетін жұмыстар қатарында: Корнель университетімен жергілікті алманың болашақтағы сорттарының гендік қорын зерттеу, Колумбияның NASA университетімен климаттық модельдеу арқылы дәнді дақылдардың өнімділігін жоспарлау мәселелері қарастырылады. АҚШ, Қытай, Ресей ғалымдарымен зиянкестер мен арамшөптерді алдын ала анықтау, «Геоскан» мен NASA ғалымдарымен АӨК-дегі тәуекелдердің ортақ жүйесін құру секілді жобаларды атауға болады. Таяуда АҚШ-тың ауылшаруашылық депар-
таменті басшылары университет оқытушыларына, магистранттары мен докторанттарына арнап жайылымдық жерлердің экогидрологиясы жөнінде тренинг өткізді. Университеттің жас ғалымдары нидерландтық серіктестермен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне ұсынылатын бірлескен ғылыми жобаны дайындау үстінде. Осындай бағытта шетелдік әріптестермен 30-дан астам бірлескен ғылыми жобалар жүзеге асырылады.
Университет соңғы жылдары Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталығын құру жұмыстарын жүргізуде. Арнайы оқу-зерттеу лабораторияларын құру үшін беларусьтық ауылшаруашылық техникалары мен бөлшектерінің түпнұсқа кескіндері алынды. Университет жанынан Беларусь ауылшаруашылық техникаларының көрсетілім алаңы ашыл-
мақ. Университеттің оқу-тәжірибелік шаруашылығы аумағында беларусьтық ауылшаруашылық техникалары мен машиналарын, осы салаға қажетті қондырғыларды сынақтан өткізу полигоны ұйымдастырылуда. Онда білім алушы жастар «алқаптан тұтынушыға дейінгі» аралықтағы толық технологиялық түзілімді зерттеп, өндіріс жағдайында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік алатын болады. Бұл жерде аграрлық саладағы кәсіпкерлер, инженерлер, техника жүргізетін мамандар өз біліктіліктерін жоғарылата алады. Аталған шаралар қызметі отандық агроөндірістік кешен алдында тұрған күрделі мәселелерді тиімді шешуге ықпал етеді. Бұл ретте университет отандық тауарөндірушілердің мәселелерін шешуде бар мүмкіндіктерін пайдалануда.
Инновациялық бағытты ұстанған оқу орны әлемнің озық тәжірибелерін трансферттеуде сәтті қадамдар жасап келеді. Осы орайда, Алматы қаласында өткен жылдың 9-10 желтоқсаны күндері бірінші орталықазиялық агротехнологиялық саммит ұйымдастырылды. Саммит жұмысына мемлекеттік орган басшылары, АҚШ, Еуропа, Азия мемлекеттерінің танымал эксперт-ғалымдары, республиканың ауылшаруашылық тауарөндірушілері, аграрлық салада қызмет ететін ірі компания өкілдері, ауыл әкімдері қатысты. Саммит аграрлық сала ғалымдарының, агроқұрылым жетекшілері мен тауар өндірушілердің ортақ мәселелері, атап айтқанда, мемлекет-жекеменшік серіктестігі, аграрлық білім мен ғылым, жаңа технологиялар мен озық білім транс-
фертін жүзеге асырудың өзекті мәселелері талқыланып, пікір бөлісіп, тәжірибе алмасатын алаңына айналды. Қатысушылар тарапынан ауыл шаруашылығына қатысты өзекті мәселелерін ортаға салатын Саммит жұмысын жыл сайын өткізу туралы шешім қабылданды. Жиын қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар әзірленіп, АӨК маңызды мәселелер мен оларды шешу жолдары жөнінде арнайы қаулы қабылданып, Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданды.
Аграрлық білімнің қара шаңырағы Қазақ ұлттық аграрлық университеті еліміздің ауыл шаруашылығы саласына қажетті кәсіби білікті мамандарды даярлаумен қатар, салаға қатысты қабылданатын мемлекеттік бағдарламаларды халыққа кеңінен түсіндіру мен оны жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.
Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры,
ҰҒА вице-президенті, академик
Алматы