24 Қаңтар, 2017

Несие нарығының бір жылы

693 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Экономиканың түрлі саласы 2016 жылды қорытындылай бастады. Жақында өткен жылғы несие нарығының нәтижелері айтылды. Әдетте нәтижені Ұлттық банк, жекелеген банктер мен түрлі зерттеу ұйымдары ұсынады. Биыл бірінші болып есеп ұсынуға асыққан Бірінші кредит бюросының сарапшылары өткен жылы несие нарығы тұрақты болды деген пікір айтады. Яғни қарқынды даму да, күрт құлдырау да жоқ. Сонымен, 2016 жылы Қазақстандағы несие нарығының жағдайы қалай болды?

Жыл басындағы жағдай

2016 жылдың басында Бірінші кредит бюросы сарапшыларының нарыққа жасаған болжамы нашар-тұғын. Өйткені, Несие сапасы индексі­нің көрсеткіші жыл басында төмен еді. Ол 2015 жылдың ортасынан төмендеп, 2016 жылдың қаңтарында 59% деңгейінде тұрған. гра

Жыл бойы не өзгерді?

БКБ сарапшыларының айтуынша, 2016 жылы несие тарихының базасына 500 мың келісімшарт қосылған. Бұлардың 315 мыңы – жаңа борышкерлер. Яғни, бірінші рет несие алғандар. «Жалпы алғанда, бөлшек несие портфелі 4,6 трлн теңге деңгейінде болды. Ал бизнесті несиелендіру қор­жыны 15,4 трлн теңгені құрады. Яғни 1,2 трлн теңгеге ұлғайды. Бұл бірін­ші тоқсанда банктердің бизнесті не­сиелендіру бойынша мемлекеттік бағдарламаларды белсене орындауына байланысты. Қазіргі кезде көптеген банктер үшін бизнес-несиелендіру негізгі пайыздық кіріс көзі болып отыр. 2016 жыл бойы бұл бағыттағы келісімшарттар базасы 11 мың бірлікке өсті. Ал «жұмыс істемейтін» қарыздар 15%-дан 13,4%-ға төмендеді», дейді БНБ бас директоры Руслан Омаров. гра1

Несиенің қай түріне сұраныс болды?

Өткен жылы пайыздық мөлшерлеме жағынан несие карталары ең жоғары өсім көрсеткен. Кредиттік карта қор­­жыны 5 млрд теңгеге немесе 83 мың қолданушыға өскен. Соңғы үш жыл­да кредиттік карта нарығы тек төмендеумен болған еді. Несие картасын түсінбеу, пайызына наразылықтан, бұлардың банктердің имиджіне әсері­нен кейін бірқатар банктер бұл өнімді қысқартқан болатын. Алайда 2016 жылы несие картасына сұраныс артқаны байқалады. Сарапшылар 2017 жылы да сұраныс өседі дейді. Өткен жылы бөлшек несие нары­ғын­да кепілдіксіз, тұтынушылық несие тағы да ең жоғары сұранысқа ие бол­ған. Өсім 235 млрд теңге немесе 326 мың жаңа тұтынушы. Ал жалпы көлемі 2,3 трлн теңгені құрады.  

Автонесие мен ипотекаға сұраныс төмендеді

Өткен жылы автонесие қоржыны 15% немесе 345 млрд теңгеге тө­мен­деген. Ипотекалық несие қор­жы­ны 128 млрд теңгеге немесе 9,4% пайыз­ға азайған. Кепілзатпен берілетін не­сие қоржыны 70 млрд теңгеге ке­мі­ген. Көрсеткіштің бұлай болуына бұ­рын берілген несиелерді қайтару кө­ле­мі­нің жаңадан берілген несиелерге қа­рағанда артық болуы себеп. Яғни жа­ңа несиелер саны азайған. Көр­сет­кіштің азаюының тағы бір се­бебі елі­мізде бөлшек несиелендіру на­ры­ғында өнім ұсынушылар тауа­шалық несиелендіруге ден қоя бастауына байланысты. Өткен жылғы көрсеткіштерден бай­­қағанымыз, несиелендіруде тәуе­келі жоғары сала ретінде бөлшек не­сиелендіру қалған. Жалпы, бөлшек не­­сиелендірудің тәуекелі кез келген уақытта жоғары болып келеді. Бі­рақ өт­кен жылғы несие сапасының ин­де­ксі­не қарасақ, қазақстандықтардың борыш­ты қайтару мен міндеттемелерін орын­дауда мұқият бола бастағаны бай­қалады. 2016 жылдың соңында несие сапасының индексі 70 пайыз деңгейінде болған. Дефолттық жағ­дай­дағы борышкерлер саны 19,7 пайыз. Ал нарықтағы конъюнктураға тәуе­лді борышкерлер саны 7,6 пайызды құрап отыр. Жалпы, өткен жылы бөл­шек несие нарығында қайтаратын мер­зі­мінен асып кеткен NPL үлесі 2015 жыл­мен салыстырғанда 3,5 пайызға тө­мендеп, 17 пайыз деңгейінде болған. Демек, қазақстандықтардың қаржылық сауатының артқаны байқалады.  

2017 жылдан не күтіледі?

Сарапшылар 2017 жылы банк саласында үлкен өзгерістер болады дегенді былтырғы жылдың соңында-ақ болжай бастаған. Бұлардың негізгілері банк секторында бірігулер болып, мұның салдары нарықта турбулентті жағдайларға ұласуы мүмкін. Банктер стратегияларын өзгертіп, салдарынан несие нарығында консервативті өсім болуға жетелеуі мүмкін. «Алайда жалпы жағдай 2016 жылмен салыстырғанда аса өзгермейді дейді», нарық сарапшылары. Несие нарығында әртүрлі сегменттегі кепілсіз тұтынушылық несие мен тауарлық несиеге сұраныс артады. Сонымен қатар, халықтың несиені онлайн ресімдеуге ынтасы артуы мүмкін. Тұтынушылық несие алатын клиенттер үшін бөлшек нарықтағы ТОП5 банктер арасында тартыс болуы да ғажап емес. «Ал орта деңгейлі банктер арасындағы негізгі бәсекелестік несие картасын тұтынушыларға ие болу үшін өрбиді», дейді сарапшылар. Ербол АЗАНБЕК, қаржы сарапшысы АЛМАТЫ