Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Канада Парламенті Қауымдар палатасы Сыртқы істер және халықаралық даму жөніндегі комитетінің төрағасы, «Қазақстан-Канада» парламентаралық ынтымақтастық тобының тең төрағасы Роберт Нолт бастаған парламенттік делегацияны қабылдады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.
Қ.Тоқаев атап өткендей, Қазақстан мен Канаданың дипломатиялық қатынастар орнатқан 25 жыл бойы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Канадамен өзара тиімді жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға, жоғары технологиялық бірлескен өндірістерді құруға, сауда-инвестициялық байланыстарды өрістетуге баса назар аударып келеді. Сенат Төрағасы канадалық депутаттарды Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халық-
аралық көрмесіне шақырды.
Қ.Тоқаев ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы аясындағы Қазақстан мен Канада парламентшілерінің сындарлы ынтымақтастығын атап өтті. Ол канадалық депутаттардың Астанаға сапары екіжақты парламентаралық үнқатысуға жаңа серпін беретініне сенім артатынын жеткізді. Жүздесушілер халықаралық саладағы маңызды мәселелер, олардың ішінде Сириядағы жағдай туралы пікір алмасты.
Р.Нолттың пікірінше, Қазақстан Канаданың жақын досы болып табылады, екі елдің ортақ жақтары көп, оның ішінде климаты мен географиясының да ұқсастықтары бар. Канада парламентшілері Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуда нәтижелі рөл атқарғысы келеді. Депутаттар Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылындағы тамаша жетістіктерін атап өтті. Парламентшілер біздің елімізге алдағы екі жылда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшесі қызметінде жемісті жұмыс атқаруына тілектестігін айта отырып, күрделі халықаралық мәселелерді шешуге елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Сондай-ақ, Сенат Төрағасы Германияның Қазақстандағы елшісі Рольф Мафаэльді де қабылдады. Қ.Тоқаев дипломатты біздің еліміздегі қызметінің басталуымен құттықтады және Қазақстан мен Германияның ынтымақтастығын нығайтудағы маңызды жұмысында табысты болуға тілектестігін білдірді.