Кеше Астанадағы «Rixos President Astana» қонақ үйінде Сириядағы шиеленісті реттеу бойынша халықаралық келіссөздер басталғаны белгілі. Жабық есік жағдайында өтіп жатқан келіссөздер бір тәулікке созылады деп жоспарлануда.
«Қазмедиа» орталығында баспасөз мәслихатын өткізген Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко келіссөздерге халықаралық қоғамдастықтың қызығушылығы өте жоғары екенін мәлімдеді.
Ол шараға 7 тараптың өкілі қатысып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, Сирия үкіметінің делегациясын БҰҰ жанындағы осы елдің тұрақты өкілі Басар әл-Джафари басқарады. Сирия оппозициясының делегациясында шамамен 15 оппозициялық топтың өкілі бар. Ресей делегациясы осы ел президентінің Сирия ісі бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьевтің басшылығымен келіп отыр. Түрік және Иран делегацияларын аталған мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары – Седат Онал мен Садек Хусейн Джабери Ансари бастап келді. Бұдан бөлек, Сириядағы дағдарысты реттеу процесіне БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнаулы өкілі Стаффан де Мистура мен АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джон Крол қатысып отыр.
Сонымен қатар, вице-министр Астана процесі бойынша ақпарат таратуға әлемнің түкпір-түкпірінен 320 журналист келгенін мәлім етті. Олардан бөлек, 120 отандық БАҚ өкілі бар. «Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келіссөздердің басында ғана фото және видео түсірілімге жіберіледі. Өйткені, оның негізгі бөлігі жабық режімде өтеді. Өздеріңіз байқап отырғандай, қазіргі уақытта Астанадағы сирияаралық келіссөздерге халықаралық қоғамдастықтың қызығушылығы өте жоғары», – деді Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары.
Ол, сондай-ақ, қажет болған жағдайда Қазақстан алдағы уақытта да Сирия мәселесі бойынша халықаралық кездесу алаңын ұсынуға дайын екендігін мәлімдеді.
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»