1974 жылы Канаданың ұлт саулығы және әлеуметтік қамтамасыз ету министрі М.Лалонд халықтың денсаулығы туралы жасаған баяндамасында «денсаулық өрісі» деген тұжырымды ұсынған. Онда денсаулық сақтау саласында тек медициналық аспектілерге көңіл бөлу дұрыс емес екендігі, ұлт саулығын жақсарту үшін бұл проблемаға кеңірек қарау керектігі айтылған.
Ол бір-бірімен тығыз байланысты төрт мәселені атады: қоршаған орта, өмір сүру салты, биомедицина және медициналық қызмет. Ұлт саулығына әсер ететін кейбір факторлар денсаулық сақтау саласынан тыс жататыны аталды. М.Лалонд баяндамасында ұлт денсаулығын сақтаудағы адамның жеке басының рөліне, денсаулық сақтау саласындағы теңсіздікке және халықтың қатері жоғары тәуекел жағдайында өмір сүретін топтарына назар аудару керектігі айтылды. Белгілі америкалық әлеуметтанушы Т.Парсонс денсаулық индивидтің қоғамда өзінің әлеуметтік рөлін және міндеттерін тиімді орындай алу қабілеті деп атады. Қоғамның дұрыс дамуы үшін тұрғындардың денсаулық деңгейі жақсаруы керек.
1975 жылдан 2005 жылға дейінгі, яғни 30 жыл аралығындағы әлемнің 169 мемлекеті бойынша жинақталған деректерді салыстырмалы талдауға болады. Егер 1975 жылы жан басына шаққандағы табыс – 1 мың доллар, орташа өмір сүру ұзақтығы 48,8 жылға сәйкес келсе, 2005 жылы дәл осындай табыс дегейінде орташа өмір сүру ұзақтығы төрт жылға ұзағырақ болған. Тамақтану жүйесінің жақсаруы, білім беру саласы мен медициналық технологиялардың жетілуі, ақпаратты алу және пайдаланудың институттық әлеуетінің өсуі, қоғамның білімді дұрыс пайдалануы, тиімді медициналық қызмет, тұрақты деңгейдегі табыс арқылы орташа өмір сүру ұзақтығы жоғарылады.
Денсаулық сақтау саласы экономикаға да тығыз байланысты. Ұлт саулығы экономиканың дамуы үшін маңызға ие. Денсаулығы жақсы адамдардың еңбек өнімділігі жоғары, тиісінше экономика мен қоғам дамуына үлкен үлес қосады. Дамыған экономика да ұлт саулығына үлкен үлес қосады. Теңсіздік деңгейін бақылай отырып, әлеуметтік ортаны жақсарту арқылы өмір сүру сапасын жоғарылатуға болады. Сапасы жоғары медициналық қызмет халық денсаулығын жақсартады. Денсаулық сақтау шығындары азаяды. Табысты экономика денсаулық сақтау саласына көбірек ресурстар береді. Ұлт саулығына көп факторлар әсер етеді. Қазіргі кезде әр фактор әсерінің үлесін бағалау жұмыстары жүргізілуде. Оны мынадай топтарға бөлуге болады: әлеуметтік, экономикалық және мәдени факторлар, табыс пен білім деңгейі, жұмысбастылық, әлеуметтік қолдау, мінез-құлық факторлары, өмір сүру және қоршаған орта жағдайы, тамақтану, физикалық белсенділік, таза суға қолжетімділік, ауаның ластануы, жеке тұлға факторлары – физиологиялық, генетикалық, психологиялық, өз өмірін бақылау қабілеті, медициналық қызметке қолжетімділік, профилактика және емдеу.
Ұлт саулығының әлеуметтік-экономикалық детерминанттары әлеуметтік иерархия, табыс теңсіздігі, экономикалық өсу, әлеуметтік капитал, халықтың этностық құрамы және еңбек нарығы параметрлері, әлеуметтік нормалар. Адамдардың өмір сүретін әлеуметтік-экономикалық контексінің сипаттамалары қоршаған орта жағдайы, тұрғын үй жайлылығы, көлікпен қамтамасыз етілуі, тұрмыстың жағдайы және қылмыс деңгейіне байланысты. Адам өмірінің әртүрлі кезеңдеріне микро-макро климат та әсер етеді, оның физиологиялық, психологиялық, моральдық жағдайын айқындайды. Эмпирикалық зерттеулер ұлт саулығы деңгейі мен әлеуметтік-экономикалық детерминанттар арасындағы байланысты бірінші кезектегі факторлар – әлеуметтік экономикалық және демографиялық, екінші кезектегі факторлар – биологиялық, психоәлеуметтік өмір сүру салты бойынша бағалайды. Халықтың түрлі топтары арасындағы денсаулық теңсіздігі әрқилы. Кедей үй ауқатты үй шаруашылықтарына қарағанда, табыстарының көп бөлігін тамақтануға жұмсайды. Денсаулық теңсіздігінің негізгі себептерінің бірі табыс деңгейі. Кедейлік пен денсаулық арасындағы байланыс тек дамушы және кедей елдерде ғана емес, бай елдерде де байқалады. Дамыған елдер үшін материалдық жағдай факторы маңыздылығы төмен болғанмен, психоәлеуметтік факторлар маңыздылығы өсуде. Дамушы елдерде ІЖӨ және ұлт саулығы арасындағы байланыс өте күшті болса, дамыған елдерде мұндай байланыс күрделі. Канадалық ғалымдар денсаулық сақтау және білім беру салаларының қаржыландырылуы мен қолжетімділігі әлеуметтік-экономикалық топтар арасындағы теңсіздікке байланысты екенін айтады. Білім беру және денсаулық сақтау қызметі ақылы мемлекеттерде аталған сала қызметіне қолжетімділік, төлем қабілеті шектеулі немесе ақы төлеу мүмкіндігі жоқ топтар денсаулығының төмен деңгейі байқалады. Керісінше, денсаулық сақтау саласы қоғамдық қаражаттан қаржыландыратын мемлекеттерде табыс және денсаулық деңгейі арасындағы байланыс әлсіз. Бұл теңсіздік адамның өзінің әлеуметтік иерархиядағы орнын табысқа байланысты салыстыру арқылы байқалады. Табыс теңсіздігі және денсаулық арасындағы байланыс өте әлсіз екендігін дәлелдейтін де зерттеулер бар.
К.Джади және И. Паттерсон есімді ғалымдар табыс теңсіздігін денсаулық деңгейінің өзіндік детерминанты деген пікірді күшейтіліп айтылған деп санайды. Еңбек нарығындағы өзгерістер мен кепілсіз жұмысбастылық адамдардың денсаулығына, әлеуметтік, психикалық, физикалық және әл-ауқаты деңгейіне әсер ететіні байқалған. Осы проблемаға арналған көптеген зерттеулер жұмыс орнының қысқаруы мен адам денсаулығы арасындағы байланысқа арналған. ХХ ғасырдың 70-жылдарынан бастап осы кезеңге дейін жүргізілген зерттеулердің барлығында жұмыс орнының қысқаруы адам денсаулығының бір немесе бірнеше көрсеткіштеріне әсер ететіндігі байқалды. Аталған зерттеулердің бесеуінде әйелдер және ерлерден тұратын бақылау тобы құрылса, келесі екі топ инженерлік-техникалық жұмысшылардан тұрған. Зерттеулерде жұмысты жоғалту мерзімін күту кезеңіне көңіл бөлінген. Осы кезеңде «жақын адамын жоғалту» қайғысына пара-пар уайым пайда болған. Жұмыстың жалғасуына кепілдік болмаған жағдайдың адам денсаулығына әсері туралы зерттеулер Ұлыбританияда жүргізілді. 1984 жылы басталған мемлекеттік органдар көрсететін қызметті жекешелендіру кезінде 382 мың мемлекеттік қызметші болашақта жекешелендіруге жататын 125 агенттікке жұмыс орнын ауыстырған. Ерлердің жұмыс мәртебесінің өзгеруіне байланысы психологиялық көрсеткіштер сапасы төмендеген. Қызметкерлер арасында ажырасу, ал ажырасқандар арасында өлім-жітім көрсеткіші көбейген. Жұмыссыз ер адамдардың әйелдері, балалары арасында өлім-жітім тәуекелі жоғары болған.
Әлеуметтік сақтандыру нарықтық жүйе емес, оның кепілі – мемлекет. Бұл үлгінің пайда болуы Германияда жұмысшылар мәселесін шешу қажеттілігінен туындаған еді. Осы үлгінің пайда болуымен жұмысшылар жұмыс берушілермен қатар әлеуметтік сақтандыру жүйесін басқаруда әлеуметтік мәртебеге ие болды.
Осы айтылғандардан қорытынды шығара отырып, ұлт саулығы мен мемлекеттің әл-ауқаты арасында орасан зор байланыс бар деп тұжырым жасауға болады.
Ләззат СПАНҚҰЛОВА,
экономика ғылымдарының докторы, профессор