Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының байқаушылар миссиясы өкілдерін қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Кезектен тыс президенттік сайлауға ЕурАзЭҚ ПАА тарапынан байқаушы болып келген делегация құрамындағы Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің табиғат ресурстары мен қоршаған ортаны қорғау комитетінің мүшесі Анатолий Васьков пен ЕурАзЭҚ ПАА жауапты хатшысы Петр Зверев кездесуде өз пікірлерімен бөлісті.
Анатолий Васьков өз сөзінде Қазақстанның бас қаласында тұңғыш рет болып тұрғанын, ерекше әсер алғанын айта келіп, алдағы сайлауға дайындық барысы заңды жолмен жүріп жатқанын байқағанын мәлім етті. Қазақстан халқының бірлігі мен келісімі елдегі тыныштықтың кепілі екенін тілге тиек етті.
Мәжіліс Төрағасы меймандарды сайлауалды науқанының жұмысы қалай жүргізіліп жатқаны жайлы жан-жақты таныстырып өтті. Сайлау науқаны қолайлы әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайда өтуде. Қазақстан Республикасы әлемдік қаржы дағдарысынан аман шығып, 2010 жылды ІЖӨ-нің 7 пайыздық өсімімен қорытындылады. Қазақстан – осы жылдардың ішінде зейнетақы мен бюджеттік қызметкерлердің еңбекақысын үш рет арттыруды жүзеге асырған әлемдегі санаулы елдердің бірі.
2010 жылы-ақ еліміз 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспардың және үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның алғашқы нәтижелеріне қол жеткізді. 800 млрд. теңгені құрайтын 152 нысан іске қосылды, соның арқасында 23 мың адам жаңа жұмыспен қамтылды. Жалпы, жас мемлекеттің 20 жыл ішіндегі дамуы тұрақтылықпен және қарқынды өркендеумен ерекшеленеді.
Қазақстан ЕҚЫҰ-ға, ШЫҰ-ға төрағалық етуі арқылы халықаралық беделге ие болды. Үстіміздегі жылы Ислам Конференциясы Ұйымына жетекшілік жасайды.
Мәжіліс Төрағасы меймандарға дауыс берушілердің жоғары белсенділігі туралы айтты. Бұл елді басқару ісіне халықтың нақты қатысуын, халықтың демократиялық құндылықтарды бағалай білетіндігін көрсетеді. Сайлау органдары қызметінің тәуелсіз және ашық екендігі анық байқалып отыр. Соның ішінде Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) жариялылықты қамтамасыз етуде.
Меймандарға Орал Мұхамеджанов Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президентін сайлауға келген 1059 халықаралық байқаушыны тіркегенін хабардар етті. Соның ішінде ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросынан – 357, ТМД-дан – 426, ШЫҰ-дан – 13, сондай-ақ халықаралық ұйымдардан – 100, шет елдерден 163 өкіл бар.
Халықтың сайлауға қатысуға ынта білдіруінен-ақ елдегі азаматтық ашық қоғамның дамып келе жатқанын анық көруге болады.
Палата Төрағасы Қазақстанның әрбір азаматы сайлауға қатысу арқылы тұрақтылық, елдің өркендеуі және ынтымағы жарасқан келешек үшін дауыс беретінін жақсы сезінетінін айтты.
Тараптар Кедендік одақтың болашағы, оның заңдық негізін қалыптастыру мәселелерін талқыға салды. Ең бастысы – көрші елдердің бір-біріне деген ынтымақтастық байланысы ашық, халықтардың сенімі жоғары. Сондықтан тараптардың мүддесін көздеген қажетті заңдарды қабылдауға толық негіз бар.
Кездесудің ортақ түйіні – алдағы сайлау Қазақстанның стратегиялық серіктес елдермен тығыз қарым-қатынас жасауына жаңа серпіліс беретіні анық.