«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп мақалдап жүріп, біраз жақсы салт-дәстүрлерімізді жоғалтып алдық та, біраз пайдасынан зияны басым дәстүрлерді жамап алып, әдетке айналдырдық. Сол жамап алған әдеттің бірі жылда туған күнді тойлау. Мен бұл жерде 50, 60, 70 сияқты арасына он жыл салынып жасалатын мерейтойларды айтып отырғаным жоқ. Ондай жасқа келу, соған аман жету қуаныш екені рас. Ондай жасқа жете алмай кеткендер қаншама.
Мәселе туған күнді жылда тойлау жөнінде. Менің бір әпкем бар. Ауылда тұрады. Өздері жанды-жақты бірталай жан. Өздерінің және балаларының туған күндерін жылда өткізіп жатады. Ай сайын, кейде бір айда бірнеше туған күн тойын өткізеді. Кейін оларға немерелерінің туған күндері қосылды. Ауылда қазір туған күн арақ-шарапсыз өтпейді. Бірде әпкеме: «Осыларың не дарақылық. Балалардың мүшел жастарын ғана атап өтіп, жылда туған күнді тойлауды қоймайсыңдар ма», деп кеңес айттым. Сонда ол: туған күнді тойлағымыз келіп бара жатқандықтан емес, еріксізден жасаймыз. Ауылдағылар, әсіресе, жастар жағы бір-бірлерінің туған күндерін жаттап немесе жазып алған. Сол күні «туған күндеріңмен» деп шақырусыз-ақ келіп тұрады. Амалсыз ерте қамданып, қазан көтереміз. Жүз грамм жұтпай, көңілдері көншімейді. Қалай ренжітерсің, деп шынын айтты.
Сондай күй жұрттың бәрінің басында бар. Қазір балалар туған күндерін бірнеше ай бұрын сөз қыла бастайды. «Туған күніме не сыйлық әпересіңдер, кімдерді, қанша достарымды шақырасыңдар», деп соны ойлаумен болады. Кейбір ауқатты ата-аналар баласы оқитын сынып оқушыларының бәріне дорбамен дәмін апарып беруді шығарды. Үйде өткізетіні өз алдына. Бір үйде бірнеше бала болса, сонша туған күн жасалады, достары шақырылады. Ал осы ата-ана үшін қосымша шығын екенін былай қойғанда, дұрыс тәрбиеге жата ма? Менімше, туған күнді жылда тойлау үлкендер үшін де, балалар үшін де дарақылық, ысырап. Қаржылай да, уақыт жөнінен де ысырап.
Қазақ халқының, мұсылман жұртының наным-сенімінде, ата салт ұғымында ысырап күнәнің бір түріне жатады. Қазақ тек мүшел жасын ғана атап өткен. Мүшел жасқа ене бастағаннан бастап, жетім-жесірлерге садақа беріп, Алладан тілек тілеп, кінә-күнәлары үшін Құдайдан кешірім сұраған. Міне, бұл қолдайтын-қостайтын өте жақсы дәстүр-салтқа жатады. Бұрын үлкендер батып бара жатқан күнге қарап тұрып «тағы да бір күнім өтті, ақырға бір күнге жақындадым» деп мұң етеді екен. Қазір адамдар әр күні түгіл, әр өткен жылына, керісінше, қуанып, туған күндерін тойлай беруге құмартып алды. Балалар да туған күндерінің тез келуін асыға күтетін болды.
Туған күнді жылда тойлау – өзге жұрттан арақпен қоса еріп келіп жұққан жаман әдет. Қазақ одан арақпен қоса құтылғаны абзал демекпіз.
Жұма – Назар СОМЖҮРЕК, жазушы.