Кеше «Дипломат» қонақүйінің «Бәйтерек» залында Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауына ТМД елдерінен қатысқан байқаушылар журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді.
Мәслихатқа ТМД атынан қатысқан байқаушылардың барлығының пікірі бір ізден шықты. Сайлауалды үгіт-насихат кезінде электронды және мерзімді БАҚ-тарда барлық үміткерлер үшін бірдей жағдайлар жасалғаны, көшелерге ілінген билбордтар мен плакаттарда да теңдей орын берілгенін және кешегі өткен сайлау кезінде ешқандай заң бұзылушылық орын алмағанын баса айтты. Қазақстан халықаралық нормаларға сәйкес, әлемдік стандарттарға жауап беретін сайлау өткізді, біз азаматтық парыздарын өтеуге құлшыныстарын көрсеткен барша қазақстандықтарды құттықтаймыз, деп бастады өз мәлімдемелерін олар.
ТМД байқаушылары атынан ортақ ойымызды қағазға түсірдік, ол жақын күндерде өздеріңізге мәлім болады, деген ресейлік Сергей Лебедев дауыс беру кезінде кейбір техникалық кемшіліктердің байқалғанын, алайда олардың өзі сол уақытында-ақ шешіліп отырғанын айтты.
Беларусь елінен келген байқаушы Николай Лозовик: «Біздің елімізде сайлау науқаны басталысымен саяси шиеленіс алдымыздан шығып отырады. Бұл тек біздің елімізде ғана болатын жағдай емес. Сайлау алдында саяси партиялар өздерінің билікке қарсылықтарын айтып, наразылықтарын білдіріп жатады. Азаматтардың өзі жеке бастарының проблемаларын осындай кезде оңтайлы пайдаланып айтып қалады. Кейбір елдерде сайлауды сындарлық мақсатқа емес, қайта сол елдің конституциясына сәйкеспейтін амалдарды қолдану арқылы билікке қол жеткізуге ұмтылып, билікті құлатуға дейін барады. Ал Қазақстанда біз қайта сайлау науқанында қоғамның біріге түскенін көрдік. Біздің республикадан байқаушы ретінде 16 адам қатынасты, маған олардың барлығы сайлауда заң бұзылмағандығын жеткізді. Біз сайлау өте жоғары деңгейде өтті деп бағалаймыз», деді.
Сергей Лебедев: «Көп ретте біздерді, яғни ТМД байқаушыларын еуропалықтар сынап та қалады. Алайда, еуропалықтар ортақ бір тілде ұғынысатын біздердің бір-бірімізге жақын діліміз бар екенін түсіне бермейді. Мәселен, кеше бір сондай байқаушы ерлі-зайыптылардың кабинаға бірге кіргенін көріп, тобымен дауыс беру орын алды деп жатыр. Ал ТМД елдеріндегі ерлі-зайыптылардың арасындағы қарым-қатынас әрине батыстағыдан өзгеше. Тағы бір мысал. Бельгияда азаматтарды міндетті түрде дауыс беруге мәжбүрлейтін заң бар. Егер екі рет келмесе, әкімшілік жаза, ал үшінші рет келмесе, қылмыстық жаза қолдану қарастырылған. Ал Қазақстандағы адамдардың дауыс беруге кезекке тұруы оларда мүлдем болмайтын жағдай. Сондықтан демократия дегеніміз, біреуден біреуге көшіріп ала қоятын нәрсе емес. Сайлау қазақстандықтардың бүгінгі жеткен жетістіктерін бағалайтынын, оны әрі қарай Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жалғастыра беретіндігін көрсетті.
Кезегімен сөз алған ТМД байқаушылары қазақстандықтар үлгі алуға әбден лайықты деп тарасты.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.