Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы президенттігіне кезектен тыс сайлаудың аяқталуына байланысты отандық және шетелдік баспасөз құралдарының өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді.
Оны кіріспе сөзбен ашқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев Орталық сайлау комиссиясының алдын-ала берген мәліметіне қарағанда Қазақстан Республикасындағы сайлау құқы бар азаматтардың 90 пайызға жуығы сайлауға қатысып, соның 95 пайызға жуығы өзіне дауыс бергенін атап өтті. Мұның өзі қазақстандық электораттың менің жүргізіп келе жатқан саясатымды қолдап, оның дұрыс бағдармен келе жатқанын көрсетті. Мен өзімді қолдаған сайлаушыларға, жақтастарым мен пікірлестеріме ризашылығымды білдіремін, дей келіп: Cөйтіп, бұл дода да өзінің мәресіне жетті. Қазақстан тағы да бір рет төрткүл дүниенің назарын өзіне аударып, ашық, әділ, демократиялық талаптарға сай сайлау өткізді. Бұлар туралы шетелдік және халықаралық ұйымдардан келген байқаушылар жоғары бағалар беріп жатыр, деді. Сонымен бірге, Елбасы БАҚ өкілдеріне де Қазақстандағы сайлау процесіне қызығушылық танытқандары үшін алғысын білдірді. Одан әрі Президент журналистердің көптеген сұрақтарына жауап берді. Алғашқы болып ұлыбританиялық FBC телекомпаниясының журналисі Эккард Сейгар сұрақ берді. Ол Президенттен алдымыздағы бес жылда қандай басымдықтарды ұстанатындығы және Қазақстанның дамуындағы негізгі элементтер қандай болатындығы туралы сұрады.
– Президенттік мандат адамға мемлекеттің алдында тұрған міндеттерін анықтау үшін беріледі, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Біздің елдің дамуындағы экономикалық міндеттерге келетін болсақ, олар анықталып, біз 2015 және 2020 жылға дейін орындалатын индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асыруды қолға алдық. Өзімнің жыл сайынғы Жолдауымда мен биыл елді әлеуметтік жаңғырту мәселесін алға қойдым. Онда мен азаматтарымызды оқытып, мамандық алу арқылы жұмыспен қамтуды, сондай-ақ тұрғын-үймен қамтамасыз ету проблемаларын шешу қажеттігін Үкіметке тапсырдым. Бұл бағыттар халықтың толық қолдауына ие болды. Ал саясат туралы айтатын болсақ, біз алдағы уақытта да ұстанған бағдарымыздан айнымайтын боламыз. Болашақта да Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы сияқты елдермен тығыз ынтымақтастықты жалғастыра беретін боламыз. Еуроодақ пен Америка Құрама Штаттары біздің үлкен әріптестеріміз болып қала береді. Ал аймақтағы басқа елдермен интеграциялық процестер шеңберіндегі ынтымақтастықтарды жалғастыра беретін боламыз. Елді саяси жаңаландыру бағытын біз одан әрі жалғастырамыз. Заңның үстемдігін сот жүйесін тәуелсіздендіре түсу арқылы нығайта беретін боламыз. Біздің мемлекетіміз алып территориялы, унитарлы ел болса да біз билікті орталықсыздандыру бағытын одан әрі жүргіземіз. Келесі сайлаудан бастап біздің Парламентіміз Конституциямыздың талабына сәйкес көппартиялы болады. БАҚ бостандығы мен тәуелсіздігіне барлық басқа да дамыған елдердегі сияқты ешқандай шек қойылмайды, бұл істе біз өзіміздің батыстық әріптестеріміз бен достарымыздың ұсыныстарын үнемі ескеріп, олармен кеңесіп отыратын боламыз. Сайлау процесі кезінде ұйымдасқан «Қазақстан-2020» демократиялық коалициясы» алаңында біз оппозициялық партиялар және қоғамдық қозғалыстармен елімізді экономикалық және саяси тұрғыдан одан әрі дамытудың проблемаларын талқылау жөніндегі диалогтарды жалғастыруға дайынбыз, деді Елбасы. Ресейдің ИТАР-ТАСС ақпараттық агенттігінің өкілі Светлана Тумакова сайлау додасында жеңілген қарсыластарыңызға не айтар едіңіз деп сұрады. Нұрсұлтан Әбішұлы жауабын: мен бүгін оларға сайлау додасына қатысып, белсенділік көрсеткендері үшін ризашылығымды білдірдім, деп бастады. Алдағы уақытта олар қарсы болмаса, біз өзара ынтымақтаса отырып, құнды ұсыныстарды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз, дей келіп, Елбасы оппозициялық партиялар өкілдерінің президенттік сайлауға қатыспағанына өкініш білдіретінін атап өтті. Әрине, бұл әр партияның өзінің қалауы, бірақ біз өз тарапымыздан оларды сайлауға қатысуға шақырдық, деді Президент.
Қазақстанның кемел болашағын қалай елестетесіз, сол кездегі халықтың әл-ауқаты қай деңгейде болады деген біздің сұрағымызға Елбасы оның «Қазақстан-2030» стратегиясында жазылған деңгейде болатынына сенім білдірді. Менің барлық істеген қызметім өз пешенеме жазылған қазақтың жаңа мемлекетін құруға, оны өркениетті елдермен теңестіруге арналды. Біз қираған экономиканы оңалдырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға қол жеткіздік. Ал қазір қолға алып отырған бағдарламаларымызды іске асырғанда халықтың әл-ауқаты бұдан да жақсара түседі деп санаймыз. Қазір біз ауылдағы ағайынның жұмыс істеймін дегендеріне шағын несиелер беріп, мамандығы жоқтарына тегін оқыту арқылы мамандық әперіп жатырмыз. Оларды жұмысқа орналастыру мәселесі де күн тәртібінен түспей отыр. Денсаулық сақтау мәселесін жақсарту үшін ауылға таза ауыз су жеткізу мәселесін толықтай шешудеміз. Осындай істердің сәттілікпен іске асуына халқымыз белсенді араласуы керек, сонда қазақстандықтардың әл-ауқаты да өркениеттің озық елдері қатарына жетеді. Одан әрі Нұрсұлтан Әбішұлы жалпы жағдайларға тоқталып өтті. Бүгін әлемнің көптеген елдерінде қан төгіліп жатыр, ал біз мызғымас бірлікті көрсете білдік. Басқа елдерде сайлау кезінде халық жік-жікке бөлініп, өзара дауласып кетеді, ал біз біртұтас тұрақтылықты көрсеттік, деді Елбасы.
«Казахстанская правда» газетінің тілшісі Лаура Түсіпбекованың шетелдердің көбінде дау-дамай болып, кейде қан төгіліп жатқанда Қазақстандағы сайлаудың тыныш өту құпиясы неде деп ойлайсыз деген сұрағына Н.Назарбаев Мемлекет басшысы елде үнемі жақсы бағыттағы өзгерістердің болып тұрғанын қамтамасыз етуі керек, деді. Бізде ондай өзгерістер көп. Егер біз Қазақстанды посткеңестік елдермен салыстыратын болсақ, басқа бір елде де біздегідей жақсы көрсеткіштер болған жоқ. Біз ІЖӨ-ні 700 доллардан 9 мыңға дейін жеткізіп, 12 есе өсіре алдық. Еңбекақы 5-6 есеге өсті, экономиканың өсу қарқыны жөнінде мынаны айтар едім: қазір Қазақстан экономикасы ТМД-ға қарайтын барлық Орталық Азия мен Қап тауындағы республикалардікін қосқандағыдан да артық. Біздегі жұмыссыздық сол елдермен салыстырғанда ең төмені. Оның үстіне жаңа жұмыс орындары тұрақты түрде ашылып жатыр. Тек қана «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы 50 мың адамға жұмыс беріп отыр. 2009 жылы бүкіл әлемдегі экономикалық дағдарыс шегіне жетіп, жұмыссыздық артып жатқанда, Қазақстан «Жол картасы» бағдарламасы арқылы жаңадан 25 мың жұмыс орнын аша білді. 2014 жылға дейін біз әлі де 160 мың жұмыс орнын ашамыз. Оның үстіне біздің халқымыз татулықты жоғары бағалап, көршілерінің сенімі мен дәстүрлерін сыйлап, өзара төзімділікті жақтап отырады. Міне, біздегі тұрақтылықтың құпиясы осында, деді Елбасы.
«Хабар» агенттігінің тілшісі Александр Аксютиц оппозицияның сынына қалай қарайсыз деген сұрақ қойды. Кез келген Президентті, соның ішінде үлкен табыстарға қол жеткізіп отырған Президенттің жанында әрқашанда сын да жүреді. Бұл қалыптағы жағдай, сондықтан мен олардың сынына байыптылықпен қараймын. Әділ сыннан қорытынды шығарып, оларды қабылдай аламын. Өз тарапымнан мен оппозицияға: билікке таласқаннан гөрі, елдің жақсы тұрмысқа жетуіне атсалыссаңыздар дұрыс болар еді деген ұсыныс айтар едім, деді Президент.
«Қазақстан» ұлттық телеарнасының тілшісі Айбек Қобдабай ауыл шаруашылығына бөлінетін нақты көмектер туралы сұрады. Оған Елбасы 2003 жылдан бері үнемі ауыл шаруашылығына көмек беріліп келе жатқанын, 670 млрд. теңге қаражат бөлінгенін айтты. Ал енді ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге үлкен көңіл бөлеміз. 52 мал бордақылау пункттері ашылып, оның төңірегінде 2300 шағын бизнес ұйымдастырылады, деді.
Мемлекетаралық «Мир» ТК тілшісі Ирина Мұхамадеева Кеден одағының келешегі туралы сұрады. Оған Елбасы жарқын болашақтың тек экономикалық интеграцияда екенін айтты. Ал Кеден одағы – Еуроодақтың үлгісіндегі нағыз экономикалық тиімді құрылым. Соның арқасында бір жылда ғана Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы 30 пайызға, Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар алмасу екі есеге артты. Осыны көріп тұрған қандай адам Кеден одағы тиімсіз деп айта алар, деді Елбасы.
«КТК» телеарнасының тілшісі Ярослав Красиенко пәтерге қолжетімділік бағытында тағы да қандай істер жасалатын болады деген сұрақ қойды. Оған Елбасы Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіне, екінші деңгейдегі банктер арқылы несие беру арқылы пәтер алудың жеңілдетілген жолдарын айтып берді. Мәселен, Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіне алатын пәтердің 50 пайызын жинақтасаңыз, қалғанын несие ретінде банк береді. Ал оны пәтерге тұрып алып, жылдар бойы төлеп құтыла аласыз, деді Президент.
Баспасөз мәслихатының соңында Президент Н.Назарбаев БАҚ өкілдеріне белсенді қызметтері үшін ризашылығын айтты.
Жақсыбай САМРАТ.