07 Сәуір, 2011

«Ойыл» энциклопедиясы оқырманның олжасы

876 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ойыл өңірі бізден бұрынғы ұрпақтарды да тұр­мысқа қолайлылығымен көңілін аударған қасиетті де қадірлі мекен. Бұл өңірде аузымен құс тістеген ақындар да, жаудың бетін қайтарып, елін-жерін ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған батырлар да, аққуға әнін қосқан әншілер де, буын­сыз бишілер де өткен. Алайда, осы  өңірдің жер-су атаулары, осында мекен еткен халқының қадірлі тұлғалары, еңбегімен ел өркендеуіне үлес қосқан аға буын, өнер жұлдыздары, мемлекет қайрат­кер­лері туралы кейінгі жас толқын біліп жарытпайды, білгендерінің өзі тым берінің бетін қалқиды. Рас, бұған дейін де Ойылдың арғы-бергі тарихы жайлы кітаптар шығарылды. Әрине, олардың да өңір шежіресін жасауда өзіндік орны бар еңбектер екенінде дау жоқ. Дегенмен, бұрын шығарылған энци­кло­педияларда біраз жәйттер қамтылмай қалған тұс­тар да кездеседі. Осындай олқылықтың орнын тол­тыру үшін дүниеге келген «Ойыл» энцикло­пе­диясы­ның жаңа кітабы үлкен еңбектің, тынымсыз ізде­ніс­тің нәтижесі екені сөзсіз, әрі бұрынғы кітап­тар­дағыларды да қамтыған, толықтырған толымды еңбектің жиынтығы десек, шындықтан алшақ кете қоймаспыз. Сондықтан да Ақтөбе мемлекеттік пе­да­гогикалық институтында  өткен «Ойыл» энци­кло­­педиясының  тұсаукесеріне көп адам жиналды. Жиында энциклопедияның бас редакторы Алмат Пангереев кітап мазмұнын слайдтар арқылы көрсете отырып, түсіндіріп шықты. Ойылдың аудан болып құрылу, таратылу және қайта құрылу жайын, бөлек-бөлек топтастырып, қолжеткен биіктерді сол кездегі  үлес қосқан адамдардың есімімен тығыз байланыс­тыра баяндады. Бір сөзбен айтқанда, ауданның тари­хы мен  елге қызмет еткен адамдар энциклопедияда тиянақты саралан­ған­дығы көрініп тұр. Бұл энци­клопедияда 1200-ден астам жеке адамдардың өмір­баян­дары мен еңбек жолдары баяндалыпты. Олар­дың арасында ойыл­дық ғалымдар, ел басқарған азаматттар, ел басына күн туғанда қолына қару алған Ұлы Отан соғы­сының ардагерлері, тылда еңбек еткен қарапайым жұмысшылар, бейбіт кезде ел байлығын еселеуге үлес қосқан еңбектің нағыз майталмандары туралы мол мағлұматтар енгізілген екен. Энциклопедиядан Ойылда табылған балбал тас, Қырықоба аумағында жүргізіліп жатқан қазба жұ­мыс­тары,біздің дәуірімізге дейінгі  IV-V ғасыр­лар­да­ғы обалар, ағайынды Арал-Әжібай батырлар, батыр қыз Ботагөз, оның кесенесі аудан орталы­ғын­дағы кө­не тарихи ескерткіштер, көне Көкжар жәр­мең­кесі мен Көкжар мешіті, тұңғыш «Еркін» газеті­нің Ойыл­да шы­­ғарылғаны, арқалы ақындар Шернияз Жарыл­ға­сұлы, Қызыл Тұрдалыұлы, ақ тарының атасы Шы­ға­нақ Берсиев, сынықшы-емші Сүлеймен Қарабала­ұлы туралы және басқа деректер мен дә­йек­терге қа­нығ­а алады. Біз осы бір шағын мақалада ондағы де­рек­тер­дің бірен-сара­нын ғана тілге тиек еттік. Қызы­ғу­шы­лық таныт­қан адамға мұнан да мол мәліметтер кездесетіні сөзсіз. Энциклопедияның құрылтай­шы­сы  «Но­бель» ЖШС-нің директоры, ойыл­дың Атым­тай­ жо­март азаматы Нұрлан Жұ­мағалиевті айта кеткен жөн. Ол өзі баспа ұстап отыр­ғанына қарамастан,  кітапты 2000 таралыммен Алматы қаласынан шы­ғар­ды, безендірілуі мен көркемделуіне, сапалы қағазға басы­лып, түптелуіне көп көңіл бөлгені көрініп тұр. Ішкі мазмұны мен сыртқы-ішкі көркемделуі  көз тартады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.