16 Ақпан, 2017

Алашорда мұражайы жөндеуден өтеді

788 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жымпитыда Алаш тарихына тікелей қатысты үш ғимарат бар, олар: салынғанына 127 жыл болған мешіт, қазақтың алғашқы дәрігерлері Дәулетше Күсепқалиев, Бақтығали Бисенов, Халел Досмұхамедұлы қызмет еткен аурухана-лазареттің бір бөлігі және Күнбатыс Алашорда үкіметінің екі қабатты ғимараты. Бұл ғимараттар мемлекет қорғауына алынған. Алашорда үкіметі Батыс бө­лім­шесінің төрағасы Жаһанша Досмұ­хамедов пен әріптесі Халел Досмұхамедовтің жұмыс кеңсесі болған атаман Таракановтың үйі совет кезінде де бірде НКВД, әскери комиссариат, аудандық мәдениет бөлімі және басқа да кеңсе қызметін атқарды. Тек 2007 жылы ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің балансына берілген. Бүгінде жеке музей мәртебесі жоқ, ресми түрде «Алаш залдары» деп аталатын бұл ғимаратта Алаш қозғалысы тарихына арналған 400-дей жәдігер, құжаттар, фотосуреттер орналасқан. – Алаш қозғалысының 100 жыл­дығына орай биыл ауданда ірілі-ұсақты 25 шара ұйымдастыру жоспарланған. Оның ішінде «Алаш жолымен» атты Жымпиты-Семей бағытында тарихи-танымдық экспедиция, Мәскеу қаласында Ж.Дос­мұхамедұлы жерленген Дон зиратына экспедиция, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция, «Азаттықты аңсаған Алаш» деректі фильмінің тұсауын кесу, ақындар мүшәйрасын өткізу секілді шаралар бар, – дейді Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева. Жақында Батыс Қазақстан облы­сының әкімі Алтай Көлгінов Алаш­орда мұражайына арнайы келді. Мұражай жәдігерлерімен танысқан өңір басшысы Алаш қозғалысының 100 жылдығы қарсаңында мұражай ғимаратын жаңғыртудан өткізу жайлы ұсынысты бірден қолдады. Салын­ғанына 150 жыл болған ғима­раттың қазіргі жағдайына сараптама жасалып, жаңғырту жоспары, сметасы бекітілуі тиіс. Бұған қоса, Сырым Датұлы атын­дағы тарихи-өлкетану музейін де жеке ғимаратқа көшіру мәселесі шешіліп тұр. Айнагүл Бақтығұлқызының айтуынша, музей қорында жалпы саны 5 мыңдай құнды жәдігер бар екен. Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ
Соңғы жаңалықтар