Жуырда «Қазақфильм» АҚ түсірген «Бейсетай Дәуренбеков және 12 тағдыр» атты деректі фильмнің көрсетілімі болды. Алматы облысына қарасты Іле-Балқаш аудандарындағы Аралтөбе ауылында болған бұл оқиға бүгінде көмескі тартқанымен, кезінде күллі Кеңес Одағын дүр сілкіндірген еді. Фильмде 1972 жылдың 18 желтоқсанында Іле өзенінде суға кеткен 12 баланы құтқарып қалған Бейсетай Дәуренбековтің ерлігі баяндалады. Өзеннің арғы бетіндегі интернатта оқитын 15 бала мінген қайық Іленің тап ортасына келгенде сеңге соғылып, аударылады. Жағада балаларды мектепке шығарып салып тұрған ата-аналары мен жақындары жылап, айлақты басына көтергеннен басқа еш қайран қыла алмай тұрғанда, қарапайым ауыл адамы Бейсетай Дәуренбеков шала-шарпы шешінген қалпы мұз қата бастаған Ілеге секіріп кетеді. Ерлік ешқашан ескірмейді. Бірінің етегінен бірі тартып, ұйыққа сүйреп кеткен үш баланың өмірін су жұтты, ал қалған 12 бүлдіршінге өмір сыйлаған сол жүрек жұтқан жігіттің жанқиярлық ерлігін дәріптеген деректі фильм араға 44 жыл салып жарыққа шықты.
Ешкім де ерлікті ер атану үшін істемейді. Ол табан астында жасалуымен бағалы. Көзсіз батырлықты жасауға бірінші жағдай мәжбүрлесе, екінші, адам бойына тәрбие сіңіретін, ұжданмен келетін азаматтық мінез итермелейді. Қас-қағым сәтте шешім қабылдап, қыл үстінде тұрған тағдырға араша тұру үшін ақыл да, күш те, білек те емес, ең алдымен жүрек керек. Өз жақыны жағалауда санын сабалап, айғайға сүрең қосып, сүрлігіп жүргенде, өзгенің баласы екенін де, өзіне өлім қаупі төнетінін де ойлап жатпастан ағыны қатты Ілеге секіріп, өз өмірін қатерге тігу – ержүрек батырдың ғана қолынан келетін іс. Бір қолына шоқпар, бір қолына қалқан ұстап, қас дұшпанына қасқая шапқан кешегінің батырынан көз алдында шырылдап, жас өмірін қия алмай жанталасып жатқан балалардың өмірі үшін қанын ішіне тартқан қара суға қойып кеткен бейбіт күндегі Бейсетайдың ерлік ісінің қай жері кем?
Режиссер Қайрат Қуанышбаевтың Бейсетай батыр туралы фильм түсіріп, қоғамның назарын аударғысы келген мақсаты құптарлық. Фильм, бас кейіпкердің және ажал тырнағынан аман қалған балалардың, бүгінде жасы елуді еркін еңсерген жандардың сұхбатына құрылған. Олардың бәрі де Іленің үстінде болған өмір мен өлім арбасқан қырық жыл бұрынғы оқиғаны дәл бүгін болғандай еске алып, ауыл халқы бірауыздан батыр атандырған Бейсетайдың ерлігін ескерусіз қалдырмай, Үкімет тарапынан бағаланып, нағыз батыр атанғанын, оған «Халық қаһарманы» атағы берілгенін қалайды. Бір сағаттық деректі фильмде Бейсетай батырдың су түбіне батып бара жатқан балаларды қалай құтқарғаны, оларды қайыққа қалай тиегені, қайықты жағалауға қалайша жүздіріп әкелгені егжей-тегжейлі баяндалады.
Ерліктің бағасын арзан ұғымдар тұмшалап, қаһармандық қасиет-мінез болудан қашықтап бара жатқан кезеңде жасы 78-ге келген қарияның кешегі ерлігін жас ұрпаққа насихаттап, сол ерліктің себебін түсіндіруге тырысу, батырға лайықты құрмет көрсетуге назар аудартқысы келген режиссер мұратын қоғам болып құптайтын уақыт жетті. Өйткені, баланың отаншылдық сезіміне «елді, жерді, адамды сүю керек» дейтін құрғақ айтыла салатын асқақ сөзден гөрі ең әуелі алақандай ауылда қоңырқай ғана өмір кешіп жатқан қарапайым Дәуренбековтерді құрмет тұтуға үйрету, соның жарқын мысалын көрсету әлдеқайда сенімдірек әсер етеді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ