22 Ақпан, 2017

Туындама өнері

322 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Аударманы осы іспен кәсіби түр­де айналысқан, білікті ағамыз Ісләм Жарылғапов «Туындама өнері» деп ата­ған еді. Шынында, аударма – қай­­т­а тудыратын өнер. Кейбір ау­дар­­­малардың мағынасы мен маз­мұ­ны түпнұсқадан әлдеқайда асып ке­те­тіні белгілі. Абайдың Лермонтов ар­­­қылы Гетеден аударған «Қараң­ғы түн­­де тау қалғыбын...» айт­па­­ған­­ның өзін­де, оған жүздеген мы­сал­­дар кел­тіруге болады. Туындама өнерін көркем әдебиетте ғана емес, кез келген аудармада да тиім­ділікпен қолдануға болады, сонда аударылған мәтіннің жүзі жайнап, бетіне қан жүгіріп тұрады. Шебер аудармашының қолынан шыққан ресми құжаттар мен жат мәтіндердің өгейсімей, жүрекке жата кететіні содан. Аударманың бәсі бізде қазір асып тұр. Барлық құжат орыс тілінде әзірленіп, мемлекеттік тілге аудармалар арқылы келеді. Бірақ бүгінгі аударманың көбі туындама өнеріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, түпнұсқаның мазмұнын толық ашпайтын, сөзбе-сөз қотарылған қарабайыр дүние. Ондайдың бәрін мемлекеттік ор­гандарда аудармашы болып қызмет іс­тейтін мамандар жасайды. Өкі­нішке қарай, олардың жұмысын қа­рап, тезге салатын жан табыла бер­мейді. Сондықтан олар өз қадери-ха­лінше мәтінді сөзбе-сөз қию­лас­ты­рып, кілт сөздерді көрсете алмай, ма­ғынасына терең бойлай алмай, әй­теуір аударып шыққан болады. Мұн­дай­лардың мазмұнын тану үшін көп жағ­дайда түпнұсқаны көтеруге тура ке­ліп жатады. Қазақша сөйлей алмайтын, орысша оқыған үлкенді-кішілі шенеу­нік­те­ріміздің «ана тілін шығарып жатқан» осын­дай аудармалар. Осындай жолмен жа­салған мәтіндер мен құжаттарды Пар­ламентте, я басқа жерде оқып берген шенеунік қатты қиналып, онсыз да шала білетін тілі тұтқырланып, әбден сасады. Кейбір аудармалар орыс тіліндегі мағынасын жоймау үшін сөз қай­та­лау­ларына ұрынып, сөйлемі шұбар ала болып та жатады. Сөзіміз жалаң бол­мас үшін бір мысал келтірейік. Жуыр­да Парламентте мынадай мәт­ін­д­егі заң қабылданды: «Қазақстан Рес­публикасының Үкіметі мен Түрік Рес­публикасының Үкіметі ара­сын­дағы арнайы мақсаттағы бөлім­шелердің оқу-жаттығуларын өткізу кезінде қабылдаушы Тараптың қол­дау көрсетуі туралы өзара түсі­ніс­тік туралы меморандумды рати­фи­кациялау туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасы заңының жобасы». Бұл сөй­лемде 30 сөз бар, соның ішінде «ту­ралы» мен «республика» сөздері үш реттен қайталанған. Заң жобасын «Қазақстан Республикасының заң жобасы» деген тіркес те артық, өйткені, Қазақстанда туған заң жобалары Қазақстан Республикасыныкі екені онсыз да белгілі емес пе? Оны әрбір заң үшін қайталай берудің қажеті қанша? Осы мәтіндегі кілт сөз: «Меморандум о взаимопонимании», яғни «өзара түсіністік меморан­думы». Басқа сөздің бәрі соның әрекетін ашып тұрғандар. Сондықтан заңды: «Арнайы мақсаттағы бө­лім­шелердің оқу-жаттығуларын өт­кіз­генде қабылдаушы тараптың қолдау көр­сетуі жөнінде Қазақстан мен Түр­кия үкіметтері арасында жа­сал­ған Өзара түсіністік меморандумын ра­ти­фи­кациялау туралы заң жобасы» деп аударылған болса әлдеқайда жеңіл әрі түсініктірек болмас па еді? Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Әрине, заң жобасының аудармасын қараған жетік мамандар мұны көрген болуы мүмкін, бірақ қайсыбірін түзете берсін... Салдарынан, осындай қиын да күрделі атаулар қала береді. Жоғарыда шенеуніктеріміздің «қа­зақша тілін шығарып жатқан» осындай аудармалар екенін айттық. Бұл сөз­дің еш артықшылығы жоқ. Бар­лық мем­лекеттік органдардағы қазақ тіліне жау­аптылар – тек аударма­шы­лар. Ше­неуніктер мемлекеттік тілде сөй­леу қа­жет болғанда солардың жасаған мә­­­тін­деріне жабысып, солардың ті­лі­мен сөй­леп жатады. Көптеген баян­да­ма­лар аудармашының қарымын ай­на-қатесіз танытып тұрады... Әрине, ешкім де аудармашы болып тумайды. Бұл мектеп біздің елі­мізде, әлі де толық қалыптасып бол­ған жоқ. Бұрын тек баспасөз ғана ау­дармамен айналысып, бұл бағытта әбден машықтанып, шеберліктің жоғары шыңына жеткен мамандар қа­лыптасқан еді. Олар барлық саланың мә­тіндерін еркін аударатын. Алайда, олар­дың тәжірибесін басқаларға көрсетіп, шеберлігін үйрететін ешбір мек­теп қалыптаспады. Бүгінгі таңда ау­дармаға мемлекеттік деңгейде назар аударатын сәт келді. Аудармашыларға осы іспен айналысқан білікті аға­ла­ры­­мыздың ақыл-кеңесі мен әдістерін үй­рететін арнаулы орталық ашылуы ке­рек. Сонда туындама өнері жандана­тын болады, ал тіліміз жұтаңдануын қоя­ды.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»