Таяуда «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Қайрат Келімбетов Нидерланд корольдігінде болды.
Шетелдік инвестицияларды тарту бойынша Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында айқындалған міндеттерді жүзеге асыру аясында өткен сапарды Қазақстанның Нидерландтағы елшілігі мен АХҚО ұйымдастырды.
Сапар аясында Қ.Келімбетовтің Нидерланд қаржы министрлігі мен орталық банкі басшылығымен, 115 мың кәсіпорын жұмылдырылған Нидерланд өнеркәсіпшілері мен жұмыс берушілер конфедерациясының және «Residents Corporate Services» және т.б. компаниялар жетекшілерімен кездесулері өтті.
Келіссөздер барысында шетелдік капиталы бар компаниялардың салық, ұйымдастырушылық және құқықтық реттеу жүйелерін жетілдіру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, ерекше назар сенімді басқару мен корпоративтік қызмет көрсету салаларындағы озық голланд тәжірибесіне аударылды. Кездесулер аясында тараптар қаржы-инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мен тәжірибе алмасуға өзара мүдделілік танытты.
Оған қоса, отандық делегация Амстердамдағы Дүниежүзілік сауда орталығына (WTCA) барды. Дүниежүзілік сауда орталықтары ассоциациясы басшылығымен болған келіссөздер қорытындысы бойынша «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясындағы ынтымақтастықты өрбіту мақсатында «WTCA» сарапшыларының елордаға сапарын ұйымдастыру бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.