Астанада ҚР СІМ Қайрат Әбдірахманов Беларусь СІМ-нің бірінші орынбасары Андрей Евдоченкомен кездесті, деп хабарлайды ҚР СІМ-нің баспасөз қызметі.
Тараптар бірінші кезекте екі ел басшыларының Достық және ынтымақтастық туралы келісім рухында Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынастардың прогрессивті және серпінді дамуындағы рөлін атап өтті. Сондай-ақ, кездесу барысында Қ.Әбдірахманов пен А.Евдоченко жоғары деңгейдегі саяси байланыстардың алдағы күндерге арналған жоспарын талқылады.
Өз кезегінде еліміздің Сыртқы істер министрі Беларусь тарапына Қазақстанның 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігіне сайлануына белсенді түрде қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Кездесуде 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде екі жақтың ынтымақтаса жұмыс істегені еске алынды.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың, сондай-ақ, аймақтық және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі байланыстардың басым бағыттарын талқылады. Бұған қоса, олар сауда-экономика жөніндегі үкіметаралық комиссияның шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Әсіресе, комиссияның Қазақстан мен Беларусьтің географиялық қолайлы орналасуын ескеріп, Қытай, Еуропалық одақ және Орталық Азия елдерінің нарықтарына тауар жөнелту ісін ілгерілету жөніндегі жұмыстарына екпін берді. Олар одан әрі парламенттік дипломатияның арасындағы байланыстарды нығайту маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде А.Евдоченко Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне Беларусь тарапы баса назар аударғанын, ядролық қауіпсіз әлем құрудағы қазақстандық бастамаларды қызу қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар, Беларусь дипломаты өз елінің ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу бағытындағы дайындық жұмыстары жөнінде айтып берді.
Кездесу соңында тараптар екі елдің аймақтық және жаһандық өзекті мәселелерді шешу бағытындағы ұстанымдары ұқсас екенін атап өтті. Бұдан бөлек, олар Еуразиялық экономикалық одақ аясында, сондай-ақ, қос мемлекеттің өзара ынтымақтастығының барлық желілері бойынша тығыз байланыстар одан әрі жалғаса беретінін сөз етті.