28 Ақпан, 2017

Дауласқанмен дау бітпейді

607 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бір кездері Би-аға Бейімбет Майлиннің: «Қайдан келесің? – Соттан келемін. Соттан емес-ау, оттан келемін», деп айтқан өкініші сол заманмен бірге кетсін деп тілейік. Қазір тәуелсіз елміз. Оқымаған қазақ, сөз түсінбейтін адам жоқ. Сондықтан шындық бетке шығарылып, тура сөз айтылса, сөйтіп, мәселенің ақ-қарасы ашылып, ақиқаты анықталса, кез келген дауласқан адамдардың бір шешімге келетіні анық. Ол шешім нәтижесі – қателікті мойындау. Мәміле деген осы, бұл небір дауды дер кезінде ушықтырмай ұясында өшіру. Дау сотқа жетсе, оның аты да жаман естіліп, нәтижесі де жақсы бола қоймайтыны рас. Қит етсе бір-бірін сотқа сүйреу амалы біздің ата-бабамыздан қалған әдет емес. Ақсақалдар алқасы барлық дау біткенді қолма-қол шешіп отырған. Бұл игілікті дәстүрдің сыны кетпеген кейбір ауылдарда әлі сақталып отырғаны бар. Бірақ оны жандандыру ісі қолға алынбайтындығы адам бойындағы таза имандылықтың азайып бара жатқандығынан ба дейміз. Иә, бұрын бабаларымыз кез келген дауды екі-ақ ауыз сөзбен мәмілеге келтіріп берген деп көп айтамыз. Бірақ қазір сол бабаларымыздың ісіне де, сөзіне де ден қоятын адам көрінбейді. Әйтсе де қызбалыққа кім салынбайды дейсіз, байқаусызда, яки қапыда жасалып қойған істің арты жамандыққа соқтырмаса екен деп тілейтіндер көп. «Ашу – алда, ақыл – артта» деген рас. Кім де болсын сорақы ісі үшін кейін бармағын тістеп жатады. Бұл, әрине, жақсы емес. Дегенмен, «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дегендей, ең бастысы – айыбын түсініп, кейін түзу жолға бет бұрғысы келетін жанның түзелуіне жол ашқан да дұрыс-ау! Мұндай адамдарға бүгінде «Меди­а­ция туралы» Заң көмекке келіп отыр. Біз­дің елімізде «Медиация туралы» Заң 2011 жылдың қаңтар айында қабылданып, сол жылдың тамызында күшіне енді. Медиация дегеніміз, латын сөзінен аударғанда екі көзқарасты бөлісу, яғни қос тараптың тепе-тең­дігін ұстану, бейтарап болу деген ұғым­ды білдіреді. Заң да бұл ұғымнан ауыт­қып кеткен жоқ, медиация үдерісі – тараптардың келісімі бойын­ша жү­зеге асырылатын, олардың өз ерік­те­рімен қолайлы шешімге қол жеткізу амалы. Бір сөзбен айтқанда, бұл үрдіс медиатордың көмегімен тараптар ара­сын­дағы дауды реттеу рәсімі болып табылады. Медиацияға өте үлкен мән берген жөн. Оның болашағы зор. Өйткені, кез келген адамның арасында, тіпті ерлі-зайыптылар арасында да ке­ліс­пеушіліктер орын алып жатады. Сон­да мұндай мәселелерді шешу ме­диаторларға жүктелсе және ол білікті мамандар көмегімен сотқа жетпей шешіліп жатса, қос тарапқа да тиімді. Медиаторлар болмашыға қырсығып, түймедейді түйедей етіп, ерегесіп жүргендердің жүрегін жібіте алса, сөйтіп, дауласқандардың көзін аша білсе – зор жеңіс. Ал ме­диацияның тиімділігінің бірі – істің құпия жүргізілетіндігінде. Онда кімнің келгені, не қаралғаны, не айтылғаны – бәрі құпия сақталады. Тіпті, әлгі құжаттар кейін жойылып жіберіледі. Демек, медиацияға көп­ші­ліктің бет бұруы үшін себеп бар. Әлем­дік тәжірибеге көз жүгіртсек, өза­ра келіспеушіліктің 40 пайызы осы ме­диация арқылы өтіп, оның 80 пайызы шешімін табады екен. Иә, дауласқан жандарды татуластыру үшін барлық шара қарастырылып жатыр. Енді азаматтық істерді татулас­тыру рәсімдері арқылы шешу жағы да қарастырылады. Мәселен, жаңадан қол­­данысқа енгізілген Азаматтық про­цестік кодекстің 17-тарауына бұ­рын болмаған татуластыру рәсімдері ен­­гізілді. Аталған кодексте татулас­тыру рәсімдері 174-182-баптармен қа­рас­ты­рыл­ған. Осы баптардың талаптары­на сай, сот тараптарды татуластыру үшін тиіс­ті шараларды қолданады, дауды іс жүр­гізудің барлық сатыларында реттеу­де көмек көрсетеді. «Дау мұраты – бітім» деген осы. Мұ­ны түсінген адамдар дауласа қалса бітімге келуге тырысатыны анық. Сон­­да қаржы да шығындалмайды, ал бә­рі­нен бұрын абыройға кір түспей, жы­­лы қарым-қатынас, адамгершілік, тіп­ті, достықты да сақтап қалуға зор мүм­кіндік туады. Бірақ, ең дұрысы ағай­ынның бір-бірімен жауласпағаны, дау­лас­пағаны ғой. Мына қамшының сабын­дай қысқа ғұмырда «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деп Абай атамыз айтқандай, арада өзара сыйластық жүргенге не жетсін.

Александр ТАСБОЛАТОВ,

 «Егемен Қазақстан»