Жалпы, әлемдік статистикадан ажырасу себептерінің қатарында қаржылық қиындықтардың бар екенін аңғаруға болады. Яғни, жас отау құрылған кезде-ақ отбасылық бюджет мәселесі туындайды.
Психологтар отбасылық бюджетті жүргізу ерлі-зайыптылардың екеуінің де міндеті деп есептейді. Мамандардың айтуынша, оны жүргізудің үш түрі бар:
Біріншіден, отбасының ортақ табысы ер адамның қолында. Бірақ, әйелі өзінің жеке қажеттіліктеріне де ақша сұрауға мәжбүр болады. Психологтар бұл жағдайда ер адамдардың көпшілігі үнемшіл келеді дейді.
Екінші түрі – қаржыға байланысты барлық шешімді әйел қабылдайды. Бірақ қазақы болмысымызға салсақ, бұл ер адамның намысына тиетіні белгілі. Сонымен қатар, ғылымда әйел адам аяқ астынан сауда жасауға, ойланбай шешім қабылдауға бейім келетіні де анықталған.
Үшінші түрі – отбасылық. Жалпы, қазіргі отбасылардың көпшілігіне осы жақындау. Себебі, қазір көп отбасыларда ерлі-зайыптылардың екеуі де қаражат табады. Бұл жағдайда ақшаны ақылдасып жұмсаудың тиімділігі байқалады.
Негізінен, отбасылық бюджетті жоспарлаудың үш түрлі ережесі бар. Біріншіден, ақшаны үнемдеуге емес, көбірек табыс табуға ұмтылу. Көп жағдайда адамдар керісінше жолды таңдайды. Екіншіден, балаға кішкентайынан ақшаны орынды жұмсауды үйрету. Үшіншіден, отбасылық кеңес. Яғни, барлық шығындар мен кірістерді есептеп, бір-бірімен ақылдасып отыру.
Жалпы, отбасын асырау, отбасылы бюджетті жүргізу ер адамның міндеті деген де пікір бар. Дегенмен, нәзік жандылар мансапқа қанша ұмтылғанымен, табиғатынан әйел адам – үйдің ырысы. Отбасылық бюджетті жоспарлауда әр отбасының өзіндік стилі мен тәсілдері болатыны анық. Бірақ отбасылық қазынаның молаюына әйелдің жігері де жеткілікті деуге толық негіз бар. Мысалы, ғалымдар әйелінің күйеуіне көңілі толып, үнемі ерін ойлайтын болса, ол үйдің азаматы табысқа кенелетінін айтады. Ал керісінше, күйеуін кінәлап, оған ренжігенде әйел өзі қаламаса да ерінің жолын жабады екен.
«Ер адамның энергиясы отбасын қорғауға жауап берсе, әйел – гүлденудің, өркендеудің энергиясы», дейді ғалымдар. Төле би «Әйелің жақсы болса, бірінші – иманың, екінші – жиғаның, үшінші – ырысыңның тұрағы» дегені осы болса керек.
Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»