Референдум • 01 Қазан, 2024

Қазақстандағы референдум барысын 30 елдің бақылаушылары бақылайды

118 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясының отырысында Қазақстанда АЭС салу жөніндегі референдумға қатысатын шетелдік бақылаушылар мен журналистердің саны туралы баяндалды. ОСК мүшесі Мұхтар Ерманның айтуынша, 30 елден байқаушылар келеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандағы референдум барысын 30 елдің бақылаушылары бақылайды

Фото: kursiv.media

Мұхтар Ерманның айтуынша, 30 мемлекеттің, оның ішінде 4 ірі халықаралық ұйымның атынан барлығы 177 байқаушы аккредиттелген.

«Бүгінгі таңда мониторингке қатысатын халықаралық ұйымдардың қатарында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі бар. Жалпы, республикалық референдумды бақылауға 30 шет мемлекеттің өкілдері қатысады», деді Мұхтар Ерман.

Сонымен қатар Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Сыртқы істер министрлігінде әлемнің 14 елінен 38 БАҚ-тың 162 шетелдік журналисі тұрақты аккредиттелгенін айтты.

«Олардың референдумды бақылауға құқығы бар. Бірақ 38 шетелдік журналист тікелей референдумға уақытша аккредитация алды. Жалпы референдумды 37 елден 200 шетелдік журналист бақылайды», деп түсіндірді ол.

Ал Қырғызстан астанасында Қазақстан Республикасы Елшілігі жанындағы сайлау учаскесінде АЭС құрылысы бойынша алдағы республикалық референдумға белсенді дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тізімде 300-ден астам ел азаматтары бар екені хабарланды.