01 Наурыз, 2017

Ұлттық бірыңғай тестілеуге бірге дайындалайық!

3537 рет
көрсетілді
41 мин
оқу үшін
Қадірлі оқырман, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында жүктелген міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыру аясында жуырда «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ пен «Ұлттық тестілеу орталығы» РМК өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойғанын хабарлаған болатынбыз. Осы келісімге сәйкес, тараптар бас басылым бетінде биылғы мектеп бітіруші түлектер мен жоғары оқу орнына құжат тапсырушы талапкерлерді Ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлауға арналған екіжақты бірлескен жобаны бастап отыр. Бүгін тұсауы кесілген тың жоба арқылы оқырмандар ҰБТ-ның жаңа форматымен танысуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, бұл арнайы жоба еліміздегі барлық мектептердің мұғалімдері мен оқушылары үшін және орталық қалалардан шалғай, интернет жүйесімен қамтылмаған алыс елді мекендердегі оқушыларға өте қажетті әрі пайдалы әдістемелік құрал міндетін атқарады деп ойлаймыз. Жоба аясында мамандардың консультациялық кеңесін де қамту көзделіп отыр. Тест сұрақтарының жауабы алдағы сандардың бірінде жарияланатын болады.

ОҚУ САУАТТЫЛЫҒЫ

Нұсқау: «Мәтінді мұқият оқып, мәтінге берілген тапсырмаларға дұрыс жауап беріңіз». Зайсан көлін ертеде моңғолша Хуно-Хуто-Нор – «Қоңыраулы көл» деп атапты. Бұл атау алыстан көк толқынның қоңырауша сылдырлап естілуіне байланысты айтылған болар. Зайсан көлі, әсіресе жаздыгүні өте әдемі болады. Ол жаздың тымық күнінде шексіз теңізге ұқсайды. Көл өте үлкен, жағалай біткен көк құрақ. Құсы көп, әсіресе жазғытұрым қаз қаптап кетеді. Жұмыртқаларын қамыс құраққа салады. Қайықпен аралап жүріп қаптап алуға болатын. Қамыстарда шағала, үйрек, қаз, бірқазан, әупілдектер, суында құндыз, ондатрлар мекен етеді. Мұнда шабақ балық көп, одан кейін шортан, қарабалық, сазан, алабұға. Міне, Зайсан көлі бұрын осындай еді. (90 сөз ) Нұсқау: «Сізге берілген бес жауап нұсқасындағы бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тапсырмалар беріледі. Таңдаған жауапты жауап парағындағы берілген пәнге сәйкес орынға, дөңгелекшені толық бояу арқылы белгілеу қажет». 1. Екінші абзацта не туралы айтылған? A) Көлді мекендейтін жәндіктер туралы B) Көлдегі балықтар туралы C) Көлдің көлемі туралы D) Көл атауы туралы E) Қамысты құрақтағы құстар туралы 2. Көлдің «Қоңыраулы көл» аталуы­ның себебі неде? A) Көлде жүзген құс үнінің жағымдылығына байланысты. B) Көлдің әдемілігіне байланысты C) Көк толқындардың жылдамдығына байланысты D) Көлден шыққан ерекше дыбысқа байланысты E) Көл толқындарының бұйралығына байланысты Нұсқау: «Мәтінді мұқият оқып, мәтінде берілген тапсырмаларға дұрыс жауап беріңіз». 1.Айдостың туфлиі жыртылып қалды. Ертесіне сабаққа киіп баратын туфли табыла қоймады. Ауылдағылар ауданға себепсіз бара бермейді. Әкесі жыртылған туфлиінің табанын алып, басқа табаны тозған аяқ киімге тігіп берді. Көзге қораш көрінеді. Оған қарап тұрған әкесі жоқ. «Тамаша емес пе?» деп қояды. 2. Ертесіне еріксіз әлгі аяқ киіммен мектепке барды. Галош секілді бірдеме өзі. Әшейінде партаның үстімен жүгіріп жүретін Айдос осы жолы тыныш отырды. Сұрағандарға «ауырып отырмын» дей салды. Аяғына бәрі қарап отырғандай. Партаның астына тығып әлектенді. Мұғалімдер сабақ сұрайды, бұл дайын емеспін дей салады. Олар да журналға тиісті бағаларын қонжитып жатыр. Тақтаға да шықпады. Өзін қор санады. Тамағына өксік тығылды. 4 сабақ біткенше орнынан тапжылмай отырды. 3. Сабақ аяқталысымен мектептен жүгіре шықты. Еңіреп жылап үйге келді.Үйге кірсе, жаңа туфли әкеліп қойыпты. (113 сөз) kylynshak.wordpress.com/categor 3. 2-бөлімде қандай жағдай туралы айтылды? 1. Айдос келеңсіз жағдайға тап болды. 2. Сыныптастарының барлығы Айдостың аяқ киіміне күлді. 3. Айдос бүгінгі сабағын әдеттегідей оқыды. A) Үшінші B) Бірінші C) Екінші D) Барлығы теріс E) Барлығы дұрыс 4. 1-бөлім бойынша Айдос қандай әрекетке ыза болды? A) Әкесі Айдостың пікірін сұрамағанына B) Ертең сабаққа баратынына C) Ауданға баратын адамның болмағанына D) Әкесінің басқа табан тігіп бергеніне E) Туфлиінің жыртылғанына 5. Қандай мақал-мәтел Айдостың қылы­ғына сәйкес келеді? A) Базарда бәрі бар, ақшасыз ешкім бермейді B) Қалауын тапса қар жанар. C) Қырсыққан жігіт мал таппас. D) Өтірік айтқаннан өлген артық. E) Жылай-жылай жар қазсаң, күле-күле су ішерсің. 6. Айдос неліктен жылап жіберді? A) Туфлисіз қалғанына ренжіп B) Бүгін басынан өткен жағдайға төзгеніне C) Жаңа туфли әпергеніне қуанып D) Ата-анасына сенбегеніне ренжіп E) Сабақ айтпай, тисті баға алғанына Нұсқау: «Мәтінді мұқият оқып, мәтінде берілген тапсырмаларға дұрыс жауап беріңіз». І. Еліміздің әр қаласында театр бар. Бір Ал­маты­ның өзінде 10 мемлекеттік және он шақ­ты жеке­меншік театр бар екен. Ал осы мәдениет ошақ­тарына оқушыларымыз барып жүр ме? Қазір театрға көрерменді көбіне әкімшілік жол­­мен жинайтыны жасырын емес. Ал егер бала­­ларға арналған қойылымдарға көрерменді ар­­н­айы жинап әкелмесе ше? Қанша адам келер екен? Театрдағы көрермен мәселесі төңірегінде Астана қалалық «Жастар» театрының әдеби қызметкері Назерке Жұмабайды әңгімеге тартқан едік. − Қазір театрға балалар өз еріктерімен келеді дей алмаймын. Әрдайым ұйымдастырумен жинаймыз. Әсіресе, қуыршақ театрларына қазақ балаларының қызыққанын көрмеппін. ІІ. Баланың таным-түйсігін кеңейтуде қуыр­шақ театрларының алар орны үлкен. Бізде де, өзге елдерде де балабақша жасынан бастап, бүлдіршіндерге қуыршақтармен көрініс қою бағдарламаға енгізіледі. Аты солай аталып тұрған соң, бұл театрларда тек қуыршақтармен жұмыс жасайды деп ойлайтындар бар. Олай емес. Бұл өнер ошақтары балалардың сана­сына отбасына деген сүйіспеншілікті, еліне, жеріне патриоттық сезімді қалыптастыратын қойылымдарды да сахналайды. Бірақ осы қуыршақтар әлеміне қазақ балаларының көптеп ағылып жатқанын байқай алмадық. Мысалы, Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театрының 200 адамдық орны бар. Қойылымдары екі тілде де қойылады. Орысша қойылымдарында залдың кем дегенде жартысы толып отырады. Ең қызығы, алдыңғы қымбат билеттер бірінші сатылып кетеді. Ал қазақша қойылымдарға әрі кетсе 30 адам келеді. Оның өзінде де ата-аналар ең арзан билеттерді алуға тырысады. «Арзан билетті алып, алдыңғы бос орындарға отыра саламыз» деген түсінік қалыптасқан. ІІІ. Бүгінде қазақтар шетелге жиі саяхат­тайды. Біріккен Араб Әмірліктерінен Алматыға қарай ұшаққа отырарда қасымдағы жеткіншек қазақ баланы сөзге тарттым. «Ал, арабтардың әмірліктерінен не көріп қайттың?» деп сұра­дым. Сол кезде 12-13 жас шамасындағы бала­ның жауабына көңілім толмай қалған еді. Бар айт­қаны – ана шетіндегі жағажай, мына шетіндегі жағажай, биік-биік ғимараттар, дүкендер… Өзім танысқан бірнеше мұражайды атап едім, «бармадық» деп басын шайқады. «Сонда бұл халық туралы не біліп қайттың?» деп сұрадым. Тағы да мардымды жауап бере алмады. Сонда бір елге барып тұрып, мәдениеті мен тарихымен танысуға қызықпағандары қалай? Тіпті, тілін түсінбейтін болсаң да, шетелдің театрына бас сұғып қайтсаң, көп жайды аңғарып қайтуға болады. Мәселен, Сеулде фольклорлық «Nanta» атты театр бар. Билетінің бағасы біздің театрлардан он есе қымбат тұрады. Алматыдағы балалар спектакльдерінің билет құны – 400-600 теңге, Астананың Жастар театрында балалар билеті – 300 теңге. Ал «Nanta» билеті шамамен 5000 теңге көлемінде. Соның өзінде, екі барғанымда да үлкен залда бос орын болмады. Атауы «ретсіз дыбыстар» деген мағынаны беретін бұл театрға корейлер үш жасар баласын да ертіп келеді. Ал бізде актер болуды армандайтын кей бала театр көрмей өседі… IV. Шыны сол, қазақтар бала тәрбиесіне мәдени ошақтарға бару мәселесін қоса бермейді. Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, ұл-қыздарын анда-санда болса да, театрға ертіп баруды ойластырмайды. Қажет көрмейтіндері де бар. Қарлығаш Досанова («Ұлан»,10.02.2015) 7. Екінші абзацтың үшінші абзацқа қатысы қандай? A) Дәлелдейді B) Зерттейді C) Нақтылайды D) Суреттейді E) Сипаттайды 8. Мәтіннің негізгі ойы қай сөйлеммен сәйкес келеді? A) Елімізде театр санын арттыру керек B) Қуыршақ театрының қойылымдары сапасыз. C) Бала тәрбиесіне мәдени ошақтарға бару мәселесін қою керек. D) Шетелде демалудың өзі – бір бақыт E) Театр билетінің құнын өсіру керек 9. «Ал бізде актер болуды армандайтын кей бала театр көрмей өседі…» Автордың айтпақ ойы қандай? A) Баланы жасынан мәдениетке үйрету керек B) Өнер ошағына үлкейген кезде бару керек C) Кішкентай балаға театр қызық емес D) Кез келген арманға қол жеткізуге болады E) Актер болу үшін театрға бару міндет емес 10. Автордың мақаласына түрткі болған жағдай A) Театрдың ішкі тіршілігімен танысу B) Ата-аналардың қамқорлығын көрсету C) Өнер ордасына балалардың сирек баруы D) Театр қызметкерін таныту E) Өнер ошақтарының санының аздығы туралы 11. «Арзан билетті алып, алдыңғы бос орындарға отыра саламыз» деген түсініктің орын алуына не себеп? Ата-аналардың... A) Бағасы бір деп ойлауынан B) Мәдени орынды сыйламауынан C) Немқұрайлылық танытуынан D) Қаражатының жоқтығынан E) Өресінің таяздығынан 12. Үшінші абзацта автордың қандай көңіл-күйі берілген A) Дегбірсізденеді B) Таңғалушылық C) Алаңдаушылық D) Күмәнданады E) Немқұрайлылық Нұсқау: «Мәтінді мұқият оқып, мәтінде берілген тапсырмаларға дұрыс жауап беріңіз». Жиһанкез өзінің қыпшағын еш уақыт тастаған емес. Қыпшағының қос ішегі алыста қалған туған жердің шерменді үнін қозғап, өткен күндерді, албырт жас шағын, отбасында тұрып ән салған қыпшақтың жас сұлуларының әсем әндерін, айлы түндердегі жер солқылдатқан сарбаздар биін еске салатын. Сондайда ол музыка жайлы кітабын бітірсе, туған жерін есіне түсірер осынау сұлу сезімді мұңлы саздардан айырылып қалатындай боп қорқатын. Туған жерін еске алғанда оның көңілін ылғи жабырқау мұң басатын. Әсіресе, соңғы жылдарда мүлде торлап алды. Туған жеріне бір қиялмен шарлап келмей көңілі орнына түспейді. Әрине, жер ортасынан асқан шақта ғұмырының жартысын білім қуып жат өлкеде тентіреумен өткізген жанның көкірегінде болар табиғи сағыныш еді бұл. (100 сөз) Ә.Әлімжанов «Ұстаздың оралуы» Нұсқау: «Сізге берілген бес жауап нұсқасындағы бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тапсыр­ма­лар беріледі. Таңдаған жауапты жауап пара­ғын­дағы берілген пәнге сәйкес орынға, дөңгелек­шені толық бояу арқылы белгілеу қажет». 1. Мәтіннің 1-ші бөлімінде не туралы айтылған? A) аспап туралы B) кітап туралы C) би туралы D) ән туралы E) қыздар туралы 2. Мәтіндегі ойға сәйкес келетін мақал-мәтелді табыңыз? A) Көшерін жел, қонарын сай біледі. B) Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол. C) Мың асауға бір тосу. D) Жамандық қөрмей жақсы болмас E) Туған жердей жер болмас Нұсқау: «Мәтінді мұқият оқып, мәтінге берілген тапсырмаларға дұрыс жауап беріңіз». Бұрын бір тышқан болыпты. Ол өте ақкөңіл, достарымен тату екен. Бірақ жаңа келген мысық оны жегісі келіп тыныштық бермепті. Бір күні оның ұйықтап жатқанын көрген мысық байқамаған болып жалпақ табанымен жаншып өтті. Шошыған тышқан орнынан қарғып тұрып мысыққа: – Мен ешқашан басқаларға жамандық жасаған емеспін. Сен неге маған өшігіп жүрсің? – дейді. Мысық тәкаппарлана: – Саған тышқан бол деген кім? Тышқан екенсің, жеуге тиіспіз! – дейді. Оның түпкі ниетін байқаған тышқан содан былай сақтанып, бұрыш-бұрышта тығылып жүретін болыпты. Бір тәуірі мысық өте ұйқышыл екен. Басы жас­­тыққа тиді болды, қорылдай кетіп, қанша оят­са да оянбайды екен. Мұны білген ақыл­ды тыш­­қан ебін тауып, ұйықтап жатқан дұш­па­ны­ның мойнына қоңырау байлап қойып­ты. Сөй­тіп, жүрген сайын сылдырайтын қоңырау­дың арқа­сын­да алаңсыз ұйықтап, еркін жүретін болыпты. 3. Мәтін мазмұнына сай тақырыпты таңдаңыз. A) Ұйқышыл мысық B) Жаңа дос C) Тату-тәтті өмір D) Қулығын асырған тышқан E) Мысық пен тышқан 4. Мәтіннен мысықтың қай қасиеті байқалады? A) Өркөкіректігі B) Мақтаншақтығы C) Айлакерлігі D) Жалқаулығы E) Батырлығы 5. Тышқанның алаңсыз өмір сүруіне негіз болған жағдай A) Батылдығы B) Шыдамдылығы C) Шапшаңдығы D) Тапқырлығы E) Ептілігі 6. Мәтін мазмұнына сай мақалды табыңыз. A) Ежелгі дұшпан ел болмас B) Жалғыз қаздың үні шықпас C) Диірменде туған тышқан тарсылдан қорықпас D) Екі қошқардың басы бір қазанда піспес E) Досы көпті жау алмайды Нұсқау: «Мәтінді мұқият оқып, мәтінге берілген тапсырмаларға дұрыс жауап беріңіз». 1.Балаға ат қоюдың қаншалықты маңызды екеніне мән бермейтіндер көп. Сол себепті де, әдемі естілетініне қызығып, көбінесе мағынасыз аттарды қоя салады. 2.Бір қызығы, сәбидің қай мезгілде, қай айда дүниеге келгендігі де оның мінезінің қалыптасуына ықпал ететін көрінеді. Дерек­терге сүйенсек, қыста ынталы, талапты балалар дүниеге келеді. Кілең жуан дыбыстардан тұратын қатқыл есімнің қойылуы олардың осы қасиетін одан әрі ұштап, дамыта түседі. Желтоқсанда туған балалар тік мінезді, өте өктем, ал қаңтар мен ақпанда туған балалар байсалдырақ болады. «Бірақ қыста туған сәбилер есейгенде өздерінің қырсықтығының кесірінен ешкіммен сыйыса алмай қиналады. Олар әрдайым елдің алдында болғысы келеді. Егер сіз оның табиғат берген қатал мінезін жұмсартқыңыз келсе, жұмсақ есім таңдаңыз», дейді экстрасенс Заман Сыпатаев. 3. Сыпатаевтың айтуынша, көктемде туған балалар тез ренжігіш, сезімтал, әсершіл. Олардың көбі тумысынан дарынды, бірақ өз­деріне сенімді емес. Осы жасқаншақ, жігер­сіз жұмсақ мінезі олардың көшбасшы болуына кедергі. Сондықтан, қайраттандыру үшін оларға қатқыл есім таңдаған жөн. 4. Жазда туған балаларға, негізінен белсен­ділік пен тәкаппарлық, батылдық тән. 5. Күзде туған балалар өте әмбебап, алғыр және сабырлы. Не істесе де, көп ойланып-тол­ғанады. Бірақ мінездері жеңілтектеу. Оларға ат таңдау соншалықты қиын емес, себебі күзгі балалардың табиғатына ештеңе әсер етпейді. 6. Заман мырза жалпы балаға ат қоюда есімдер құпиясын ескеру керектігін айтады. Біріншіден, есім қалай дыбысталады, соған мән берген жөн. Әрі қарай, мағынасына көңіл бөлу керек. Мәселен, қыз балаға сұлулық, пара­саттылық, ақылдылық қасиеттерін қамтитын есімдер лайық. Ал балаңыз ұл болса және сіз оның болашақта қажырлы да қайратты, дәулетті және ер мінезді азамат болып өскенін қаласаңыз, есімін де соған орайластырып қойғаныңыз абзал. Ең бастысы, өз балаңыздың қандай болғанын қалайсыз? Есімін де соған қарай таңдаңыз. Ат қою – өте жауапты іс. Сонымен қатар, әрбір ата-ана өз баласының бақытты, табысты болуына және үйлесімді өмір сүруіне ықпал ете алады. (267 сөз) http://zhasalash.kz/otbasy/17073.html 7. Мәтіндегі мәліметке сәйкес балаға ат қояр кезде нені ескеру керек? A) Сөздің жаңалығын B) Әріптердің санын C) Сөздердің тіркесуін D) Есімнің дыбысталуын E) Есімнің әдемілігін 8. Қай кезеңде туған балалардың мінезін қатқыл есім өзгерте алады? A) қыста B) көктемде C) жазда D) барлық мезгілде E) күзде 9. Үшінші бөлімге сәйкес қандай есімдер қоюға болады? A) Жамал, Ақылгүл B) Дана, Сабыржан C) Қымбат, Әсем D) Жібек, Меруерт E) Қайсар, Батырхан 10. Қандай пікір мәтіндегі негізгі ойға сәйкес келеді? A) Есімді ай атауына байланысты қойған жөн B) Балаға әдемі естілетін есім таңдаған жөн C) Есімнің мағынасына назар аударған жөн D) Есімді құрметті адамдарға қойдырған жөн E) Есімді заманына сәйкестендіріп қойған жөн 11. Қандай мезгілде туған балалардың мінездері бір-біріне қарама-қайшы? A) Қыс-жаз B) Жаз-күз C) Қыс-көктем D) Көктем-күз E) Күз-қыс 12. Мәтіндегі ойға сәйкес жаңа туған балаға ненің әсері көп? A) Ата-ана таңдауы мен ауа-райының B) Есімі мен күн мезгілінің C) Жыл мезгілі мен есімінің қатқылдығы D) Ай атауы мен есімінің қатқылдығы E) Ауа райы мен жыл мезгілінің Нұсқау: «Мәтінді мұқият оқып, мәтінге берілген тапсырмаларға дұрыс жауап беріңіз». Сіздің назарыңызға 2 мәтін ұсынылады. Бірінші мәтін – әлем чемпионы, қазақстандық Геннадий Головкиннің журналистерге берген сұхбаты. Екіншісі – Геннадий туралы танымал спортшылардың айтқан пікірлері. Геннадий Головкиннің сұхбатынан (1)«Рингтен тыс жерде менің басқа өмірім бар. (2) Рингтен басқа жерде мен жай ғана қара­пайым жігітпін. (3) Ал спорт – менің жұмысым, сондықтан мен оған өте жауапкершілікпен қараймын. (4)Мәселен, мен кеңседе қызмет етсем, ол жерде де дәл солай істер едім. (5) Шаршы алаңға шығу – ойын емес. (6) Мен өз жұмысымда 100 пайыз қырағы болуым керек. (7) Өзімді осы 34 жасымда 25 жасымдағыдай сезінемін. (8)Ал 40 жасымда осы спортта қала аламын ба? (9)Мен Құдай емеспін. (10) Мүмкін, мен осы кездесуден кейін спорттық мансабымды аяқтайтын шығармын. (11) Бұл – бокс. (12) Ал дәл қазір мен өзімді өте жайлы әрі сергек сезінемін», деген боксшының сөздерін Daily Mail басылымы келтірді. Былғары қолғап шеберлерінің сөзінен Леннокс Льюис, ауыр салмақтағы әлем экс-чемпионы: Геннадий әлемдегі үздік үштікке кіретін боксшы. Олар – Мэйвезер, Уорд және Головкин. Шугар Рэй Леонард, америкалық боксшы: Головкин – күш. Егер, ол Коттоға қарсы жекпе-жек өткізсе, жанкүйерлерге нағыз сыйлық болар еді. Адриан Гонсалез: америкалық танымал бейсбол ойыншысы: Хулио Сезар Чавес менің әр уақыттағы сүйікті боксшым болған. Ал қазір маған Геннадий GGG Головкиннің боксы ұнайды. Ол – жақсы боксшы. Сауль Альварес: WBC нұсқасы бойынша әлем чем­пионы: Головкин – әлемнің үздік боксшысы. Ал­дағы уақытта онымен жекпе-жек өткізгім келеді. Джим Лэмпли, HBO телеарнасының комментаторы: Геннадий Головкин – Майк Тайсонға ұқсайтын жалғыз боксшы. Кіші Рой Джонс, 4 салмақ бойынша кәсіпқой бокстан Әлем чемпионы: Геннадий Головкин бокстағы – «құбыжық». Ол орта салмақтағы – жас Майк Тайсон. Андре Берто, орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы: Геннадийдің қолы балға секілді. Қарсыластарын тек нокаутқа жіберуге арналған сияқты. Оның қарсыластары қанша жерден бетін жауып қорғанғанымен, бәрібір нокаутқа ұшырайды. Кен Хершман, HBO президенті: Меніңше, Геннадий Головкин – бокс әлемінің жұлдызы. Геннадийде қазір барлық мүмкіндік бар. Біріншіден, ол өте мықты, екіншіден ол кез келген боксшымен салмақ дәрежесіне қарамай жұдырықтасуға дайын. Фредди Роуч, америкалық бапкер: Мен Голов­кин туралы жақсы сөздерді жиі естимін. Ол үз­дік боксшы, бірақ оның жекпе-жектерін көрмеп­пін. Оның жекпе-жектеріне (Геннадий) HBO телеарнасы қызығушылық танытып, түсіріп жүр. Демек, ол – әлемнің мықты боксшыларының бірі. Владимир Кличко, украиналық боксшы: Меніңше, Геннадий сияқты адам боксқа керек. Ол жеңіске өз күшімен жетіп жүр, ешқандай жасанды жеңісі жоқ. Оны жұрттың бәрі біледі. Бокс жанкүйерлері оны құрметтейді. (323 сөз) Қазақпарат. nur.kz›kk/1095649-gennadiy-golovkin-turaly-alem 13. Берілген мәтіндерді публицистика стиліне жатқызуға бола ма? A) Екеуі де жатпайды B) Тек біріншісін C) Бұл дидарластық сөз D) Тек екіншісін E) Екеуі де жатады 14. Геннадий қай спортшының тал­ғамының өзгеруіне себепкер болды? A) Владимир Кличко B) Адриан Гонсалез C) Джим Лэмпли D) Шугар Рэй Леонард E) Андре Берто 15. 1-мәтіндегі 8-10-сөйлемдер автордың қандай көңіл күйін білдіреді? A) Қорқынышын B) Болжағыштығын C) Сенімділігін D) Ренішін E) Алаңдаушылығын 16. Келесі тұжырымдардың қайсысы мәтінге сәйкес келеді? 1. Осы кездесудің жеңіспен аяқталатыны айқын. 2. Осы кездесудің жеңіліспен аяқталатыны айқын. 3. Геннадийдің өз қабілеті мен күшіне сенімі мол A) 2-ші дұрыс B) 3-ші дұрыс C) 1-ші дұрыс D) 1-ші мен 3-ші дұрыс E) барлығы дұрыс 17. Спортшының парызы туралы бірінші мәтіннің қай сөйлемінде берілген? A) Бірінші. B) Төртінші C) Оныншы D) Үшінші E) Он екінші 18. Қандай спортшылар Г.Головкинді М.Тайсонға ұқсатты? A) Андре Берто, Фредди Роуч B) Леннокс Льюис, Адриан Гонсалез C) Кіші Рой Джонс, Джим Лэмпли D) Владимир Кличко, Фредди Роуч E) Шугар Рэй Леонард, Джим Лэмпли 19. Бірінші мәтіндегі 7-сөйлемге сәйкес келетін тұжырым? 1. Шынықсаң шымыр боласың 2. Денсаулық байлықтан да қымбат 3. Ақылды орнымен сөйлер де, жауабын күтер. A) Бірінші мен екіншісі B) Тек үшіншісі C) Тек біріншісі D) Тек екіншісі E) Екеуі де бұрыс 20. Қандай жауап Геннадийдің бойындағы негізгі қасиетті сипаттайды? A) Еңбекқор B) Қырағы C) Тәуекелшіл. D) Аса ұғымтал E) Тым қарапайым Нұсқау: «Мәтінді мұқият оқып, мәтінге берілген тапсырмаларға дұрыс жауап беріңіз». Бақ ішінде адам болмайтын. Күндіз құс екеш құс та сайрамайтын мұнда. Тек таңертеңгі және кешкі шақтарда Гхутахтың көк жасыл жазығына қарай алыс таулардан қоңыр салқын самал ескенде ғана құстар улап-шулап қоя беретін. Алайда, мұнда бағбан болып келгеніне бір жұмадай ғана болған, бұ дүниенің күйкі тірлігімен қоштасқан жиһанкез жан үшін ең ләззатты сәт таң алдындағы әупілдектің құлақ құрышын қандырар махаббат ынтығына толы, құпияға толы әні болатын. Осындай шақтарда ол ұйқысы қанып, төңірекке рахаттана көз жіберетін де, бұлақтағы тастай суға жуынып, басқа жұмысқа отырмас бұрын қолына қыпшағын алатын. Қос ішекті термелей отырып, әупілдек әніне құлақ тосқан күйде таңғы жұпар ауаны көкірегін кере жұтып, ойын бір арнаға түсіріп, өзінің жазбаларын жалғастыруға әзірленетін. Сайраған құстар әні оны көптен бері арман етіп жүрген музыка жайлы кітап жазуға итермелейтін. Парақ-парақ қағаздар бетінде музыкалық ноталардың толып жатқан белгілері жазылған. Құстар үнінің ырғақты саздарын ден қоя тыңдап, әр дыбысқа дәл анықтама беруге тырысатын, музыка өз ойларын, түйгендерін қағаз бетіне түсіріп, оның тарихы мен теориясын жүйелеумен шұғылданды. Ал сол үздік-создық ойларын бір кітап етіп, ертедегі гректер мен индустардың музыка мен музыка аспаптары жайлы ғылымның негіздері бар еңбектерін тегіс зерттеу қажет. (174 сөз) Ә.Әлімжанов « Ұстаздың оралуы», «Жазушы» Алматы Нұсқау: «Сізге берілген бес жауап нұсқасындағы бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тапсырмалар беріледі. Таңдаған жауапты жауап парағындағы берілген пәнге сәйкес орынға, дөңгелекшені толық бояу арқылы белгілеу қажет». 1. Бағбанды ең ерекше күйге енгізетін сәтті белгілеңіз A) Әупілдектің сиқырлы әніне елтуі B) Бұлбұлдың таңғы үнін естуі C) Қоңыр салқын самал желдің соғуы D) Құстардың сайраған үніне таңдануы E) Таңғы жұпар ауамен тыныстауы 2. Мәтінге сәйкес келмейтін ақпаратты көрсетіңіз. 1.Сайраған құстар әні оның музыка жайлы кітап жазуына кедергі болатын. 2. Алыс таулардан соққан қоңыр самал жел ескенде ғана құстар улап-шулап қоя беретін A) Екеуі де дұрыс B) Дұрыс жауап жоқ C) Тек екіншісі D) Тек біріншісі E) Екеуі де бұрыс Нұсқау: «Мәтінді мұқият оқып, мәтінге берілген тапсырмаларға дұрыс жауап беріңіз». Арқар – қой тұқымдасына жататын жануар. Өзінің денесі сымбатты, биіктігі 125 сантиметрге, салмағы 200 килограмға дейін жетеді. Жазда арқасы мен бүйірі қоңыр, бауыр жағы ақшыл түсті келеді. Еркегінде де, ұрғашысында да мүйіз болады. Құлжасының мүйізі ірі, бұралып иілген, айшықты, аналығынікі нәзік, өте қысқа, бозғылт қоңыр түсті болады. Мүйізіндегі сақинаға қарап жасын анықтайды. Арқар негізінен Орта және Орталық Азияның тауларын, Азияның оңтүстігіндегі тауларды мекендейді. Арқар – биік тауларда тіршілік етуге бейім, аязға өте төзімді жануар. Арқар көбінесе үйір-үйірімен жүреді. Көбіне, көгалды шоқылардың арасындағы далалы өңірде жайылады. Қыста салқын түссе, таудың етегіне, көктем мен жазда таудың субальпілік белдеуіне қарай аударылады. Бұл мезгілде олар 10-15-тен топтанып жүреді.Тек жазда көбею кезінде бөліне бастайды, көбіне егіз туады. Арқарлардың басты жауы – қасқыр мен барыс. Арқар дәмді ет, сапалы тері беретін аң болып саналады. Алайда саны жылдан-жылға азайып барады. Сондықтан қазір оны аулауға тыйым салынған. Қазақстан Ғылым академиясының бір топ ғалымдары арқарды меринос қойымен будандастыру арқылы қазақтың асыл тұқымды арқар-меринос қойын шығарды. (166 сөз) (Интернет материалдарынан) 3. Неліктен арқарды аулауға тыйым салынған? A) Бағалы кәсіптік аң болғандықтан B) Егіз төл беретіндіктен C) Мүйізі үлкен болғандықтан D) Суыққа төзімді болғандықтан E) Меринос қойымен будандастыра­тындықтан 4. Қазақстан ғалымдары қандай ғылыми жаңалық ашты? A) Арқардың тіршілік ету ортасын айқындады B) Арқардың төлдеу ерекшелігін көрсетті C) Арқардың мүйізіне қарап жасын анықтады D) Арқар терісінің сапалылығын дәлелдеді E) Арқардан төрт түлік түрін шығарды 5. Арқардың негізгі жауы нелер? A) Шөп қоректілер B) Сүт қоректілер C) Ет қоректілер D) Қос аяқтылар E) Үй жануарлары 6. Арқар қандай жерлерді мекендейді? A) Тау бөктерлерін B) Құмдауыт ойпаттарды C) Жазық даланы D) Егіс алқаптарын E) Шөлейт жерлерді Нұсқау: «Мәтінді мұқият оқып, мәтінге берілген тапсырмаларға дұрыс жауап беріңіз». Қазақтың киносүйер қауымына танымал кинодраматург, режиссер Ермек Тұрсыновтың телеарнаға берген сұхбаты ұсынылады Бұдан кейін кино түсірем бе, білмеймін... – Кино әлеміндегі алғашқы қадамдарыңыз қандай болды? 1.-1992-93 жылдары Америкада жүргенімде режиссер ретінде алғашқы дебютім болды. АҚШ-тың Юта штатында Солт-Лейк-Сити деген қала бар. Сол жердегі кино мамандарына бірнеше сценарий жазып бергенмін. Бір күні кино түсіру алаңына келсем, режиссер жоқ екен. Стив деген продюсер бар еді, материалды өзімнен артық ешкім білмейтінін алға тартып, фильмді қолға алуымды сұрады. Қысқасы, кино алаңына итергендей етіп шығарды. Бұл кездейсоқ жағдай. Мен режиссер емеспін, негізгі мамандығым – кинодраматург. Сөйтіп басталып кетті. Бірнеше бейнеролик түсірдім. Олардың тапсырысымен әлеуметтік жарнама түріндегі екі фильм түсірдім. Алматыға қайтып келгеннен кейін де сценарий жазуды тоқтатқан жоқпын. «Мұстафа Шоқайды» жаздым. «Қазақфильмнің» президентінің орнына Анар Қашағанова келгенде Ақтан Арым Құбат деген қырғыз режиссеріне берген «Келін» сценарийі бойынша түсіруді «Материалды өзіңнен артық ешкім білмейді, әрі бастағаннан кейін аяғына жеткізу керек» дегенді айтып, кино түсіру алаңына итергендей етіп шығарды. Кейбіреулер режиссерлік үшін күресіп жүрсе, мен мәжбүрліктен қолға алдым. Сөйтіп аяқ астынан режиссер болып шыға келдім. – Режиссер ретінде өзіңізді қалай бағалай­сыз? Сіздің бойыңызда режиссерлік қасиет ба­сым ба, әлде кинодраматург ретінде мықты­сыз ба? 2. – Драматург бола жүріп, көптеген сце­нарий жаздым. Режиссерге бересің. Кейін кино шыққанда қарасаң, көңілің толмайды. «Әттеген-ай!» дейтін тұстары көп болады. Сценарийді жазғанда бір киноны көз алдыңа елестетіп отырасың. Кино шыққанда қарасаң, сенің алдындағы суретіңмен сабақтаспайды, мүлдем басқа жаққа кетіп қалады. Ештеңе айта алмайсың. Өйткені, режиссердің көз­қарасы басқа. Бірнеше рет сценарийлерім ойлағанымдай емес, мүлдем басқа кино болып шыққанда ішімнен өкініп жүрдім. Жалпы, режиссер ретінде біреудің жазған сценарийін түсіре алмаймын. Тек қана өзімдікін түсіремін. Егер бір жерден қате кетсе, тек өзіңнен көресің. Ең бастысы – жауапкершілік. Өзіңе, өз ісіңе деген жауапкершілік. Ешқандай тапсырыспен жұмыс істемеу керек. Жұмысты қолға алдың ба, оны жоғары кәсіби дәрежеде істеу керек. Өз шығармашылығыма баға бере алмаймын. Бірақ, кәсіби дайындықпен келгенім анық. 3. Жауапкершілік дегеннен туады, бір киноға шамамен екі жылдай уақыт кетеді. Бұл аз уақыт емес. Ал менің досым Тимур Бекмамбетов жылына төрт кино түсіреді. Тимурды жақсы көремін. Мәскеуде жүргенде жақын араласатынбыз. Өте дарынды, мықты жігіт. Бірақ, оның кинолары жеңілтек. Көбінесе компьютерге сүйене отырып жасалады. Бұл адамның интеллектісіне байланысты нәрсе емес. Мұнда техникалық, технологиялық интеллект басымдыққа ие болып тұр. 4. Қазір кино түсіру еріккеннің ермегіне ай­на­­лып кетті. Жақсы кино көргенде адам қуануы керек. Ал қазіргі біздің киноларды көр­ген­де қуана алмайсың. Өйткені, деңгей түсіп кет­ті. Елік­теу көп. Өз ойымыз жоқ. Жұрт­ты күл­­дір­гіміз келеді. Күлкінің өзі де түкке тұр­­май­тын болып шығады. Ойсыз. Күлкі­нің өзі­нің ар жағында ой болуы керек. Ал қазір­гі кино­лардағы күлкі – «аха-ха, иха-ха». Бұл дүние­лер, яғни соңғы жылдары кино деп түсі­ріліп, кино ретінде көрсетіліп жүрген дүние­лер – кино емес. Баян Есентаева, Нұртас Адамб­ай­лардың түсіріп жүргендері кино деуге келмейді. Мейлі ғой, түсіре берсін. Бірақ, басын ашып алу керек, олардікі ешқандай да кино емес. Басқа нәрсе. Жанрын өзгерту керек шығар, бәлкім. Бұлардың ең басты ойы – ақша жинау. Ал нағыз өнер адамы ақша үшін жазбайды. Мұхтар Әуезов Абайды ақша үшін жазған жоқ. Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықовтар ақшаның құнын білетін, бірақ ақша үшін жазбайтын. Ал қазіргілер о бастан-ақ ақшаны бірінші орынға қояды. Қазіргі кинолардың кино дегеннен гөрі бизнес-жобаға келетіні сондықтан болса керек. Киноның аты да өзгерді қазір. Кино түсіру­ге бел будың ба, бүкіл жан дүниеңмен соған бері­ле­сің, үлкен дайындықпен кірісесің. Басында қорқа­сың. Ылғи сол. Ал кино біткеннен кейін ауыра­сың. Өзім әр кинодан кейін 3-4 айдай ауыр­амын. (500 сөз) 13. Отандық кино жағдайы туралы қай бөлімде ой қозғайды: A) Төртінші B) Екінші C) Бірінші D) Барлығы E) Үшінші 14. 4-бөлімде автор кімге кино туралы ойын өзгерту керек деп кеңес береді? A) Нұртасқа B) Шәкенге C) Сұлтанға D) Абайға E) Мұхтарға 15. Ермек Тұрсыновтың адами қасиеттері туралы қандай ой түюге болады? A) Ол – отандық киноиндустрия саласын дамытуға күш салған адам B) Ол – жауапкершілігі жоғары және өз ісіне адал адам C) Ол – Америкада тәжірибе жинақтаған режиссер D) Ол – өз сценарийлеріне кино түсіріп жүрген танымал режиссер E) Ол – білімі мен тәжірибесін ұштастыра білген адам 16. Қай жауап 1-бөлімінің мазмұнына сәйкес келіп тұр. 1. Ермектің режиссер болуына сценарийді өзі жазуы септік болды 2. Ермектің режиссер болуына кездейсоқ жағдай себепкер болды 3. Ермек Тұрсынов еркінен тыс режиссер атанды A) Үшіншісі B) Екіншісі C) Үшеуі де бұрыс D) Үшеуі де дұрыс E) Біріншісі 17. Ермек Тұрсыновтың айтуынша, неге кинодраматургтің дайын фильмге көңілі толмайды? A) Себебі, бар атақ режиссерге тиесілі болады B) Себебі, режиссер жұмысын өте жоғары бағалайды C) Себебі, кинода режиссердің көзқарасы басым болады D) Себебі, актерлердің ойыны ұнамайды E) Себебі, драматургтің жауапкершілігі басым болады 18. Сұхбат қандай мақсатпен алынды? A) Ермек Тұрсыновтың кино туралы ойын білу үшін B) Ермек Тұрсыновтың фильдерін жарнамалау үшін C) Ермек Тұрсыновты таныстыру үшін D) Отандық фильмдерге талдау жасау үшін E) Баян Есентаева мен Нұртас Адамбайға сын айтқызу үшін 19. Берілген мақал-мәтелдердің қайсысы Ермек Тұрсыновтың айтқан сын сөзіне сәйкес келеді? A) Жылтырдың бәрі күміс емес B) Ер сыншысы – елі C) Қорыққан мен қуанған бірдей D) Михнат болмай, рахат болмас E) Көз – қорқақ, қол – батыр 20. 3-бөлімде Ермек Тұрсынов Тимур Бекмамбетовке қатысты не айтады? A) алаңдау B) күмән C) мақтау D) сын E) ой-пікір Нұсқау: «Мәтінді мұқият оқып, мәтінге берілген тапсырмаларға дұрыс жауап беріңіз». Күн көңіл күйді көтеріп, күйзелістің алдын алады. Өз кезегінде, көңіл күйге жауап беретін заттар иммундық жүйені күшейтеді. Ультракүлгін сәулелер ағзада жүріп жатқан көптеген процестерді – тыныс алу, зат алмасу, қан айналу мен эндокриндік жүйенің жұмысын күшейтеді. Бұдан өзге, күн сәулесінің әсерінен ағзамыз D дәруменін өндіреді. Қызық дерек: Күн сәулесінің әсерінен синтезделетін D дәруменінің мөлшері мына факторларға байланысты: сәуле толқынының ұзындығы мен терінің әуелгі пигменттігінде. Күн астында таңертең және күн батарда жүрген пайдалы, сонымен қатар, тері неғұрлым қараторы болса, күн сәулесі әсерінен D дәрумені соғұрлым аз өндіріледі. D дәрумені кальций мен фосфор минерал­дарын сіңіруді реттейді. А дәрумені кальций және фосформен бірігіп, ағзаны суық тиюден, көз және тері аурулары­нан қорғайды. Тіс жегісі мен қызыл иек пато­логиясының алдын алады, сүйектердің, омыртқаның беріктігіне жауап береді, остеопороздан қорғайды. Алайда, бұл ағзаны осы дәрумендермен қамдау үшін шыжыған күннің астында жата беру керек дегенді білдірмейді. Ағзада D дәруменінің қажетті деңгейін қалыпта ұстап тұру үшін жаз айларында аптасына 2-3 рет 5-15 минут қол мен бетті күнге қыздырып алса жеткілікті. (161 сөз) http://bilim-all.kz/article/3818-ZHaz-mezgilinin-densaulyqqa-paidasy--men-qandai-qaupi-bar 3. Жаз мезгілінде қай уақытта күн көзіне шыққан пайдалы? A) 8 сағаттық жұмыс уақытынан кейін B) Жұмыс уақытының ортасында C) 8 сағаттық жұмыс уақыты кезінде D) Түскі үзіліс кезінде E) Кеш батқаннан кейін 4. Жаз айларында қанша уақыт күнге қыздырыну керек? A) Аптаның төрттен бір бөлігін, бір сағаттың екіден бір бөлігін B) Апта бойы, бір сағат толық C) Аптаның екіден бір бөлігін, бір сағаттың үштен бір бөлігін D) Аптаның үштен бір бөлігін, бір сағаттың төрттен бір бөлігін E) Аптаның бестен бір бөлігін, бір сағаттың үштен бір бөлігін 5. D дәрумені адамның сөйлеу мүшесінің қайсысына пайдалы? A) Жақ B) Тіл C) Таңдай D) Тіс E) Ерін 6. Қандай теріде күн сәулесі әсерінен болатын D дәрумені көп өндіріледі? A) Қара түсті B) Сары түсті C) Торы түсті D) Баран түсті E) Қоңыр түсті Нұсқау: «Мәтінді мұқият оқып, мәтінде берілген тапсырмаларға дұрыс жауап беріңіз». Айнабұлақ! Мыңбұлақ! Өмірге тұңғыш келгенімде дүниеде теңдесі жоқ нәрлі суымен мені шомылдырған, мені жуындырған бұлақ. Мен алғаш суын ішкен, мені әлдилеп сүйген, маған сенген, туған жерім Мыңбұлақ... Біз де сүйек, еттен жаралған жанбыз. Біздің жанымызды тебіренте соққан жүрек болаттан құралған емес, бірақ біздің жүрек – отты жүрек. Оның оты болатты ерітіп, жаңқадай жандыратын от. Біздің жүрегімізде қауіп-қатерді көтеріп, өлімді жеңетін бір жарық – ана сүтін ақтап, туған елді, Отанымызды сүю сезімі. Бізде ер атасы – махаббат, өмір атасы – халық, ел намысы – ер қолында. Біз намысты елдің ұлымыз. Жеңілмес күшіміз сонда. (94 сөз) Бауыржан Момышұлы Нұсқау: «Сізге берілген бес жауап нұсқасындағы бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тапсырмалар беріледі. Таңдаған жауапты жауап парағындағы берілген пәнге сәйкес орынға, дөңгелекшені толық бояу арқылы белгілеу қажет». 1. Мәтінде «жаңқадай жандыратын от» дегені не? A) Айнабұлақ B) Махаббат C) Жүрек D) Мыңбұлақ E) Намыс 2. Берілген мақалдардың қайсысы мәтіннің түйінін ашып тұр? A) Ерлік пен еңбек – егіз B) Талапты ерге нұр жауар C) Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас D) Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі E) Ерлік тәрбиеден туады