01 Наурыз, 2017

Сілеті сілені қатырып жүрмей ме?

492 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Көктемгі су тасқыны облыс әкімі Ерік Сұлтанов­­тың тікелей бақылауында тұр. Тасқынға тос­­қын қоюдың әзірлік шараларына байланыс­ты өңір­де құрамында 2700-ден астам құтқарушы жә­не 867 техника бар жедел топ жасақталған. 41,1 мың тонна инертті материалдар, 139 мың литр жанар-жағармай қоры құрылған. Об­лыс орталығындағы Былғары зауыты, За­речный, Жұмысшы кенті, Береке, Ойқала ша­ғын ­аудандарында су басу ықтималдығы жоғары бол­ғандықтан, су ағатын құбырларды тазалау ерек­ше қарқын алған. Жарты миллион текше метр қар сыртқа шығарылды. Десек те, табиғаттың мың құбылған тосын мінезіне қарсы алдын алу жұмыстары тиянақты атқарылып жатқанына қарамастан, арқаны кеңге са­луға әлі ерте. Көктемнің қалай болары белгісіз. Күн күрт жылынып, сай-саланы сарқырай аққан қарғын су кемерінен асып кетсе, қайтіп жан сақтаймыз деген сауал Уәлиханов ауданының тұрғындарын да қатты мазалап отырған жайы бар. Өйткені, бұл аймақтағы Сілеті су қоймасы қауіпті учаскелердің бірі саналады. «Кісідегінің кілті аспанда» демекші, ауданның тағдыры Ақмола облысында орналасқан су қоймасына тікелей тәуелді. Ол жақтан асау аттай арындай келетін мол су Сілеті өзеніне қосылғаннан кейін оның жағасын мекендеген ауылдарды үлкен әбігерге салып жатады. Осы себепті әкімдіктің кезекті отырысында Уәлиханов ауданындағы Сілеті, Ғ.Мүсірепов атындағы аудандағы – Шарық, Тайсары, Петропавл, Сергеевка су қоймаларына қа­­тысты арнайы мәселе қозғалып, дайындық ша­ра­­ларын күшейтуге басты назар аударылды. Уәлиханов аудандық төтенше жағдайлар жө­нін­дегі бөлімнің жетекшісі Бауыржан Ра­хым­жановтың айтуынша, қар нормадағыдан көп түс­кендіктен, қарғын су төндіретін қауіп-қа­­тер­д­ен арылудың жолдары күні бұрын ой­лас­ты­рыл­ған. Ол үшін су жырып кетеді-ау де­ген жер­­лер есепке алынып, арнайы адам жә­не техни­ка күш­тері бекітілген. Төтенше жағ­дай орын ал­са, бір мыңнан астам адам қауіп­сіз орын­дар­ға кө­ші­рі­л­- ­мек. Орналастыру, тамақ­тан­дыру мә­се­ле­­лері ше­шілген. «Қамданған қапы қалмайды». Жауапты адамдардың мәлімдеуінше негізгі күш-жігер Сілеті су қоймасынан төнетін қатерге қарсы жұмылдырылған. Сілеті су қоймасының басшысы Евгений Сысолятин ерте су босату тәжірибесі алғаш рет қолданып отырғанын, қазір су мөлшері 60 пайызды құрап, ағыс жылдамдығы секундына 20 метр болса, өзеннен жіберілетін су мөлшері артқан кезде екі есеге дейін молаятынын жеткізді. Осыған байланысты жергілікті билік органдарымен бірлесе отырып қорғаныс беріктігіне ерекше мән беріліп, жолдардағы су өтетін құбырларды тазалаудың күшейтілгені байқалады. Тосын апаттың зардаптарын болдырмау шаралары кешенді жүргізілсе, малға да, жанға да еш залалы тимесі анық. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы