Сауытбек АБДРАХМАНОВ.
Клара: Үйде жүргенде әкеміз, үлкен кісілер ұйқыдан тұрғанда су жылытып, қолдарына су құятынбыз, орамал беретінбіз, демалып, ұйықтап жатса, тысырымызды білдірмей, ақырын жүруге тырысатынбыз. Еркеғали: Кейін біздің қолымызға су құятын болды. Бізге орамал беретін болды. Хикаямыз осылай елу жылдай жалғасып келе жатыр ғой. Шүкіршілік бұған. Менің қазір айтатындарым да сол хикаяның жалғасы. Содан, үйленген соң пәтер жалдап тұруымызға тура келді. Жаңа айтқан Мәмбет Бестібаев деген менің жақсы досым еді, өзі Бөрлітөбенің жалайыры. Ол оқуға 1950 жылы келді, мен 1948 жылы бардым. Керемет тәуір жігіт еді. Содан ауданымыз бір, туған жеріміз, ішкен суымыз бір дегендей, жақсы жолдас болып кеткенбіз. Әкесінен жалқы туған бала еді. Мен Мәскеуден оқу бітіріп келген соң әуелі консерваторияның фольклор кабинетінің меңгерушісі болып істеп, содан соң филармонияда көркемдік жетекші болып барғанымды айтқанмын. Мәмбет сол кезде филармонияның директоры болатын. Сол филармонияның қорасында салынған кішкентай, шағын ғана қонақүй бар еді, үш бөлмелі. Басқа республикалардан, облыстардан әртістер келеді ғой, кейде үкіметтің қонақүйінде орын болмай қалады, кейде филармонияның оған жақсы қонақүй алып беруге ақшасы болмай қалады, сондайда жататын. Соны бір қыс бізге әбден қиналып, қаңғып жүрген кезімізде жаны ашып берді. Сол жерде үлкен қызымыз Жанаргүл дүниеге келді. Талай қиындықтар мен қорлықты көрдік қой. Клара: Өзі жаңа салынған, кеппеген, іші дымқыл. Қабырғалары көгала-көгала болып, көгеріп кеткен. Суланып тұрады. Шелектегі су қатып қалады суықтан. Босанған соң омырауым ісіп, операция жасап, ауырып жатып қалдым. Еркеғали: Сол уақытта керогаз болатын. Әлгі керогазды күндіз-түні жағып қоямыз. Сол жаңағы Жанартай, алғашқы тұңғыш қызымыз ғой, апам соны алдына ұстап алып, сол керогаздың жанында отырады. Үйдің азабын көрдік қой. Автор: Өз балаларыңызға қоса ағаңыздың балалары және бар. Еркеғали: Иә. Олар да кішкентай-кішкентай. Өмірзақ, Сәуле, Жанұзақ. Автор: Клара оқуын жаңа бітірген, үйсіз жүрген кездеріңіз, соған қарамай ағаңыздың балаларын қоса бағып жүрсіздер. Клара ол кезде жұмысқа тұрып па еді? Клара: Мен консерватория бітірген соң әуелі мектепте істедім. Содан Жанаргүл туды. Сонда қойдым жұмысты біразға дейін. Кейінірек консерваторияда істедім. Еркеғали: Иә, консерваторияда кітапханашы болды. Марқұм Қожамияровтың кезі еді. Өмір болған соң неше түрлі жағдай болады ғой. Ондай жағдай екінің бірінің басынан өтті ол уақытта. Сол кезде үйленген адамдардың ешқайсысында пәтер болған жоқ. Бірен-саран қалада тұратындардың балалары болмаса. Біз сияқты елден келген немесе Алматының маңайындағы ауылдардан келген азаматтардың барлығы үйсіз-күйсіз жүрді. Әнеугүні айттым ба, айтпадым ба? Мен бір қаламақы алғанда көк базарға барып, үлкен алюминий астау сатып алдық. Мен сол астауды күзетіп тұрамын. Клара, Құдай сақтасын, далақтап шапқылап барып, ана жерден бір құшақ алюминий қасық, мына жерден алюминий шанышқылар алып келіп, салдыр-гүлдір тастайды. Пышақ, тостаған сияқты алюминийден жасалған табақтар – бәрін әкеледі. Бәрі де алюминий. Клара: Еркеғали әлгілерге қарап тұрып: «Ойбай-ау, мынаның бәрі күміс қой!», деп қояды. Еркеғали: «Жарқырап тұр, мынауың күміс қой», деймін. Әдейі көңілін көтерейін деп айтамын ғой. Бұл мәз болады. Өзі үй болып, дүние жинаған, алғаш өзі алған заттары, жасауы ғой. Базардан алатынымызды алып болған соң, екеуміз астаудың екі құлағынан ұстап, әнімізді айтып, үйге келдік. Ол кезде қалайы қасық, шанышқы – соның барлығы бізге кәдімгідей дүние көрінеді. Әр нәрсе өз уақытына байланысты ғой. Сол уақыттағы біздің эстетикалық талғамымыз да сондай ғана дәрежеде болды ма екен?! Әлде ақшаның жоқтығы ма? Сөйтіп бастағанбыз. Құдайға шүкір, біреуден артық, біреуден кем, ел қатарынан қалған жоқпыз. Дастарқанымыз жиналған жоқ, осы Клараның арқасында біздің дастарқаннан дәм татпаған қазақтың үлкендері кемде-кем шығар бағымызға орай. Біраздан бері әңгімелеп айтып жүрген адамдардың барлығы бізбен аралас-құралас болса, соның бәрі осы апаларыңның арқасы. Елге сыйлы талай адамдар біздің үйден дәм татып қана қойған жоқ, үнемі келетін сыйлы қонақтарымыз болды. Соның барлығы осы Клараның жақсылығы ғой, оның үстіне менің жағымнан болсын, өз жағынан болсын, қашан болса да үй толған бала болатын. Сенің туысың анау, менің туысым мынау деп бөліскеніміз жоқ. Шешемді өз қолынан жөнелтті, күтіп, барлық жұмыстарын атқарып деген сияқты. Алды, қолы кең Клараның. Мұның бір жақсы жері сол. Құдайға шүкір, әлі күнге дейін үйден қонақ үзілген емес. Клара: Сонда емшекте балам бар, өзіміз пәтер жалдап тұрамыз. Қонақтар келгенде әзірлеген тамақ кейде өзіме жетпей қалады. Өзім сондай арықпын, салмағым отыз жеті-отыз сегіз килограмм ғана. Автор: Клара, сізден бір нәрсе сұрағым келеді. Баяғыда, Ерағаң сізге ғашық болатын кезде, сіз бұл кісіге көркіңізбен ғана емес, ән салатын өнеріңізбен де ұнаған боларсыз? Клара: Өлеңді мен бала кезімнен айтып өстім. Үйде жүргенде бұрын ылғи ыңылдап, әндетіп жүретін әдетім бар еді. Одан кейін студенттік кештерде ән салатынмын. Бірақ көркемөнерпаздар үйірмесіне барған жоқпын. Сонан кейін Еркеғалиға тұрмысқа шыққан соң ән салуды қойдым. Еркеғалидің шешесі бар ғой қолымызда, сол кісіден қаймығамын, аузымды ашпаймын. Еркеғали: Жаратылыстан дауысы бар ғой. Бірақ ол уақытта мен ән айтатынын білмейтінмін. Ән сал деп айтқан да емеспін. Кейін үйленген соң, келе-келе байқасам, дауысы әп-әдемі екен. Клара: Сол алғаш үйленген кезде кейде апам: «Әй, сенің жасауың қайда?», деп қояды. «Жасауы несі?» деп ойлаймын. Ол кезде апамның, үлкен кісілердің алдында өлең айтпақ түгілі, дастарқан басында бірге отырып, тамақ ішкенге ұялатынмын. Еркеғали: 1961 жылдан бастап Ғабит Мүсірепов ағаның үйінде болып жүрдік. Онда үйленгенімізге екі-ақ жыл болған. Клара: Мұхаметқали Қасеновтің үйінде бәріміз көңілді отырдық. Осы Обаев бар, ұмытпасам, Шәкен ағай да бар. Алғаш рет өлең айттым сонда. Бәрі аузын ашып қалыпты. «Өлеңді жақсы айтады екенсің», деп жатыр. Ерағаң менің ән салғанымды бұрын естімеген ғой, көзі алайып қарап қалыпты. Еркеғали: Жұртпен бірге тыңдап, сол жолы өзім де таңғалдым. Содан кейін қолдап, рояльде ойнап, сүйемелдейтін болдым. Өзі орысша оқыған. Қазақ әндерінің сөзін кейде дұрыс біле бермейді, соларды, иірімдерін айтып дегендей, біраз баулыдым. Әнеугүні естідің ғой, қалай айтатынын. Жетпіске келген елдің кемпірі осылай айтатын болса, жаман болмайды. Автор: Өткен жолы концерт соңында өзіңіз де: «Мен ән салғызбай қойдым, әйтпесе халық әртісі деген атақты өз талантымен алатын еді», деп айттыңыз ғой. Жеңгейге берген сол бағаңыз дұрыс. Клара: Шәкен аға: «Мынадай әншіні үйде ұстап отырған сен – феодалсың!», деп айтушы еді. Еркеғали: «Надансың сен», дейтін ол. Клара: Кезінде Молодов капелласына шақырды, жеке әнші бол деп. Одан кейін Шамғон Қажығалиев та шақырды. Дос қызым: «Жас кезіңде неге өлең айтпағансың?», деп сұрайды. Мен: «Қайда-а, жас кезімде шаг влево, шаг вправо – расстрел ғой, қазір ғана ғой, енді қартайғанда айтқызып жүргені», десем күледі. Автор: Клара, Ерағаң алғаш сізге өзінің жақсы көретінін, сізбен бас қосқысы келетінін айтқанда «маған шықсаң не ішемін, не киемін демейсің» деп еді ғой. Кейін үй таппай қиналғанда, ішетін тамаққа да ақшаларыңыз жетпей қалып жүргенде сол айтқанын есіне салып ренжіген кездеріңіз болды ма? Клара: Бәрі адамның көңіліне байланысты ғой. Тұрмыста қиыншылықтар болғанмен, менде еш уақытта Еркеғалиға реніш сезімі болған емес. Жоқшылық кездің өзінде де, бір-бірімізді жақсы көргеннен болар, ол қиындықтарға мойымай, ойнап-күліп жүре беретінбіз. Әрі ол кездегі қиындықтар елдің бәріне ортақ еді ғой. Автор: Сондай қиыншылықтарды көріп жүргендеріңізде алғашқы қыздарыңыз Жанаргүл дүниеге келді? Клара: Иә, Жанаргүліміз сол кезде өмірге келді. Өзі ерекше ақылды болды. Туғанына 38 күн болғанда апам бір жолы далада тұр: «Ойбай, мынау бала қызғанғанды біледі, бірақ ешкімге айтпа, көз тиеді», дейді. «Қане, қалай қызғанады?», деп сұраймын ғой. «Мынаны қарашы», дейді. Шотаның немересі бар. Соған апам: «Мойнымнан құшақташы», дейді. Анау құшақтаса, туғанына 38 күн ғана болған Жанаргүл жақтырмай әлгі баланың қолын кәдімгідей итереді. Құшақтама дегені ғой. Мәскеуден оқуын бітіріп келген соң Еркеғали жұмыс істей бастады. Сол уақытта таңертең жұмысқа кеткенде түске дейін тағат таппай оны сағынатын болдым. Жұмысқа кетіп бара жатқанда бетімнен сүйіп кетеді, кешке келгенде тағы да құшақтап жатады. Бір күні бір жолдастары айтады дейді: «Бұларда еврейлердің әдеттері бар, күйеуі таңертең жұмысқа кеткенде әйелінің бетінен сүйіп кетеді екен». Соны айтып бәрі кейде қарқылдап күлетін. Еркеғали ақырындап маған қарайды, мен оған қараймын (Клара жеңгеміз бұларды күле отырып айтты да, осы жерге келгенде өзінің жақсы күлкісімен тағы біраз рахаттанып күліп алды).Азия чемпионаты: Ерлер арасында ел қоржынына екінші алтын түсті
Спорт • Бүгін, 16:00
Түркістан облысының қорғаныс департаменті басшысы тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 15:50
Өскеменге жаңа әкім тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 15:33
Азия Чемпионаты: Абылайхан Жүсіпов қоржынға күміс жүлде салды
Бокс • Бүгін, 15:05
Махмұд Сабырхан ерлер арасындағы алғашқы алтынды еншіледі
Бокс • Бүгін, 14:53
Оқиға • Бүгін, 14:40