Жасыратыны жоқ, балет, опера сияқты бекзат өнерді аймақтағы ағайындар түсінбейді деп ойлаймыз. Түсінбеген соң кім көреді, кім тыңдайды, кім келеді деген ойдың да қылаң беретіні рас. Міне, осы қасаң түсінікті соңғы екі аптадан бері аймақтарға гастрольдік сапармен шығып, өнер көрсетіп жүрген «Астана балет» театры жоққа шығарғандай. Бұл өнер шаңырағы Ақтөбе, Қостанай және Көкшетау қалаларында «Астана Балет GALA» бағдарламасы бойынша концерттер қойып, жұрттың ыстық ықыласына ие болды. Балет өнерін көруге келген жұрттың қарасы көп болғандықтан, барлық концерттерде көрермен залына қосымша орындықтар қоюға тура келді.
Бұл концерттік бағдарламаға танымал хореографиялық миниатюралар мен бір актілі балеттердің үзінділері енген. Тағы бір айтары, бағдарламаның сапасы мен техникалық безендірілуі дәл елордалық сахнадағыдай жасалды. Бірінші бөлімде ұлттық тақырып аясындағы хореографиялық миниатюралар мен балет үзінділері көрсетілді. Әрбір нөмірде халықтың музыкалық сарындары мен эстетикасы аңғарылып, ұлттық нақышқа толы болуы театр репертуарындағы бидің дәстүрлі тәсілдерінің сақталып, ұлттық хореографияға жаңа тыныс біткенін байқатқандай. Екінші бөлімде көрермендер бельгиялық хореограф Рикардо Аморантенің «GAIA» балетін тамашалады. Осы тұста әйгілі балет сыншысы Джессика Тиг «DanceEurope» журналына жазған мақаласында «Астана Балет» театрының репертуары жайлы айта келіп, оның Қазақстанның классикалық балет дәстүрлеріне иек арта отырып, Шығыс пен Батыстың үйлесімі деген баға берген болатын. Астаналық балет ұжымы бұған дейін Мәскеу, Санкт-Петербург, Бейжің, Шанхай, Париж, Вена, Токио, Сеул, Нью-Йорк, Будапешт, Варшава және Баку сахналарында өнер көрсетіп, көрермендер зор құрмет көрсеткен еді.
– «Астана Балет» театры қазақтың орындаушылық өнерінің дәстүрін сақтап, өнерге, оның ішінде, хореографияға деген қызығушылықты арттыруға күш салады, – дейді бізбен әңгімесінде театрдың бас балетмейстрі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тати. – Ақтөбе, Қостанай мен Көкшетауға гастрольдік сапар кезінде көрермен қауымға әлемдік балет тенденциялары мен трендтерін паш етіп, заманауи қазақстандық хореография өнерін көрсетті. Көрермен қауым би өнерінің әсемдігі мен салтанатына куә болады.
– Бізде үлкен-кіші сахна деген ұғым жоқ, – дейді балет әншісі Диана Батырова. – Қандай сахнада өнер көрсетсек те, бар күш-жігерімізді саламыз. Біздің басты сыншымыз – өз көрерменіміз. Шетелдің көптеген қалаларында өнер көрсеттік. Дегенмен, туған елімнің ыстық ықыласына ештеңе жетпейді.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА