Өмір бар жерде өзгерулер бар. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан». Оның өзі тіршілік заңы. Өзгерістер ауыл шаруашылығында да, ауылдың өзінде де байқалуда. Бірақ, ол әлі біз күткендей дәрежеде емес. Оның да өзіндік себептері бар. Кезінде ауыл шаруашылығын реформалауда қателіктерге жол берілді. Елімізді азық-түлікпен қамтамасыз етушілерге несие алудың қиындығы көп болды. Өнімнің өзіндік құны қымбат, бағасы арзан, өткізуі қиын сияқты тағы басқа себептері жетерлік. Тіпті, керек десеңіз, сол себептердің қатарында «біздің ағайын жалқау, бойкүйездігі басым, шаруаға қыры жоқ» деген уәж айтып, кінәлаушылар да табылып жатты. Рас, көбінің істің көзін таба алмай, нарықтық қатынастарға бейімделіп кетуі қиын тиіп жатқаны шындық. Әйтпесе, біздің халық талантты, еңбекқор халық. Өнер, білім, әдебиет пен спортта танылып жатқаны тәрізді, бұл саланы да жақсы игеріп әкетері ақиқат.
Ел тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатқан адамдар арасынан шағын топтар құрып, жыл сайын шетелдерде, онда да «жығылсаң нардан жығыл» дегендей, бізден көп алға озып кеткендердің, оның ішінде ауыл шаруашылығы жоғары дамыған елдерде атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, танысып қайтуына мүмкіндік жасалып тұрса, көп нәтижесі болар еді. АҚШ, Канада фермерлерінің шаруашылықтары, Израильдегі кибуцилер, голландиялық гүл өсірушілер, немістердің деревнялары, Болгарияның көкөніс алқаптары, Польшаның жеміс баулары, Австрияның, Австралияның, Жаңа Зеландияның қой шаруашылықтары, жапон, корей күріш егістіктері секілді ауылшаруашылық секторында көрсетуге дүниелері жетерлік елдер бар. Бір-екі мысал келтіріп кетуге де болады. Жер көлемі біздің елдегі бір облыс аумағынан аспайтын Нидерланд елін алайық. Голландықтардың гүл өсіруден аты шыққанын бәріміз білеміз. Алайда, бұл елдің ауылшаруашылық өнімдерін экспортқа шығарудан әлемде екінші орын алатынынан көбіміз хабарсызбыз. Мұнда тіпті, ауыл шаруашылығы министрлігі де жоқ екен. Немесе соңғы жылдары аграрлық секторы мықты дамып кеткен Польша мемлекеті экспортқа жылына 25 млрд доллар көлемінде ауылшаруашылық өнімдерін шығаруда. Ал ол негізінен шағын шаруашылықтар, жеке кәсіпкерлер күшімен жүзеге асуда. Сондай-ақ, шөл мен тастақты жерге бау, егін салған еңбекқор еврей халқы өнімдерін өздеріне де, өзгелерге де жеткізіп жатыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Бірақ, мұның бәрі шаруашылық жүргізіп жатқан адамдарымыздың сол дүниелерді өз көзімен көргеніндей болмайды. Сол себепті де олардың шетелдегі әріптестерінің жасап жатқан жұмысын көріп қайтуына мүмкіндік берген абзал. Ол үшін мемлекет арнайы бағдарлама қабылдауы қажет. Оны Сыртқы істер министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Кәсіпкерлер палатасы секілді өзге де құрылымдар бірлесіп атқаратын болады. Мұндай жобаны кем дегенде бес жылдай жүзеге асырған жөн. Одан кейінгі кезеңде жалғастырудың қажеттілігі бар ма, оны уақыт көрсетер. Мүмкін, әрі қарай кәсіпкерлер мемлекет көмегіне сүйенбей, жақсыны көрмек үшін өз күштерімен-ақ барып қайта беретін болар.
Енді мұндай шараларға қаржы керек екені белгілі. Қазір қаржы дағдарысының әсері әлі сезіліп тұр. Көптеген салаға қатысты қаржылық қысқартулар болып өтті. Де-
генмен де, еліміздің болашағы үшін жүзеге асырылып жатқан жобалар, мемлекетттік бағдарламалар жетерлік. Қырқына шыдағанда қырық біріне неге шыдамасқа. Бір жылда 200-300-дей қарапайым еңбек адамдарының шетелде болып қайтуын ұйымдастырып тұруға соншалықты мол қаржы кете қоймас. Ауыл шаруашылығын аралаған адамға қымбат қонақ үй, қымбат ресторан керек емес. Жоғарыда келтіргендей, үйінде болған бір-екі адамның кейбір шығындарын фермердің өзі-ақ көтеріп алуы мүмкін. Кім біледі, сол фермердің қонағына ықыласы ауып, таныстығы достыққа ұласып, еліне қайтқаннан кейін де шаруашылығын жүргізуге одан әрі көмегін жалғастырып жатуы да ықтимал.
Тұрмыс әдемілігіне не жетсін. Осы орайда, тағы бір ой мазалайды. Еуропа елдерін айтпағанда, көршіміз Ресейде үй шаруашылығын жүргізуге қажетті ақыл-кеңес қосатын түрлі-түсті безендірілген «Сад и огород», «Мой прекрасный сад», «Ваши 6 соток», «Хозяйство» сияқты журналдар, басылымдар көптеп шығады. Қазір интернет дамыған заман. Бүгінде аталған басылымдардың интернеттік нұсқасы белең алып келеді. Міне, осыған ұқсас журнал және сайттардың қазақ тілінде де пайда болуына ынталандырулар, тиісті қолдау мен жеңілдіктер көрсетілсе дейсің.
Осының бәрі – ауыл мәдениетінің артуына, ауыл келбетінің жақсаруына қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмегі бола ма деген тілектен туып отырған пікірлер. Үнемшілдік, ұқыптылық, жинақылық, еңбекққорлық жағынан біздің ағайынның басқалардан кем болмағанын, сонымен бірге әрбір үй отбасылық бюджетін байыта түскенін қалағандықтан осындай ойларды ортаға салуға тура келіп отыр. Қажет деп табатын тұстары болып қалар.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
журналист
ҚЫЗЫЛОРДА