Елбасының конституциялық реформа жасау туралы бастамасы жұртшылық тарапынан кең қолдауға ие болып, заң жобасы бір ай бойы талқыланды. БАҚ беттерінде жарияланған мәліметтер бойынша саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, жекелеген адамдар тарапынан алты мыңға жуық ұсыныс-тілектер түскен. Өңірде де талқылау жиындары өтіп, бірқатарына қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Бір аңғарғаным, демократиялық даму жолына нық қадам басқан еліміздің қоғамдық өміріне қатысты саяси мәселелер облыс тұрғындарын да бейжай қалдырмаған тәрізді.
Енді, міне, конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобы ұсыныс-пікірлерді екшеп, жинақтап, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасы Мемлекет басшысының шешімімен Парламент қарауына енгізілді. Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысына қатысқан Елбасы құжатты ашық және жариялы түрде қарау қажеттігін атап көрсетті. Бәріміздің күтетініміз – осы. Сондықтан да, тарихи шешім қабылдау арқылы демократияландыру үрдістері мен тетіктерін жетілдіру депутаттық корпустан сергектікті, белсенділікті, құқықтық білімділікті талап етері анық. Барлық процедуралардың заңдарға сәйкес атқарылып, ең бастысы, айтылған ұсыныстардың жан-жақты ескерілгені өте маңызды.
Қазақ елінің келешекке бағдарланған стратегиялық мақсаты – әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына ену. Биыл жарияланған Жолдауда осы мақсатқа қарай табандылықпен жетудің басым бағыттары көрініс тапқан. Көз алдымыздағы болып жатқан саяси өзгерістер жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа үлгісін енгізумен қатар, құқықтық, демократиялық тетіктерді нығайтуды діттейді. Ширек ғасыр бойы Қазақстанның өзіне тән саяси моделі ұрақты президенттік билік жүргізіліп келді. Ауқымды реформалар сәтті жүзеге асырылып, жемісін берді. Әлемдегі экономикасы бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына қосылдық. Екі жаңғыру кезеңі арқылы баға жетпес құнды тәжірибе жинақталды. Үшінші жаңғыру «100 нақты қадам» Ұлт жоспары негізінде өткізіледі. Түпкі мақсат экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге бағытталған.
Президент мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу арқылы Үкіметтің жауапкершілігін арттыру, Парламенттің рөлін күшейту қажеттігін талай рет айтқан болатын. Енді Парламент ұсынылған конституциялық өзгерістерді бес негізгі блок бойынша жан-жақты қарайды деген сенім мол. Өйткені, негізгі заңды өзгерту халық сайлаған депутаттық корпусқа сеніп тапсырылғандықтан, мемлекеттік басқару жүйесін тиімді де тұрақты етудің барлық жолдары елдік мүддеден ойластырғаны абзал. Бұл – қатардағы заң нормалары емес, сондықтан кеңінен қабылданған оңтайлы реформалық шешімдер ғана өз нәтижесін бере алары анық.
Заң нормалары арқылы билік тармақтары мен олардың арасындағы өкілеттіктер барынша тиімді етіп қайта бекемделсе, ұтарымыз көп болмақ.
Алтай ҚОЖАХМЕТ,
СҚМУ профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты
Солтүстік Қазақстан облысы