10 Наурыз, 2017

ШЫҰ еркін сауда аймағының жобасы: мәселелері мен болашағы

398 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Бүгінгі таңда әлемдік экономикада өңірлік экономикалық интеграция назар аударарлық басты тақырыптардың біріне айналды. Соңғы жылдары өтпелі экономикаға ие дамушы елдер мен дамыған елдер арасындағы еркін сауда келісімдерінің саны жылдам артуда. Қазірге дейін, Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) хабарланған өңірлік сауда келісімдерінің саны 199-ға жеткен. Қытай ДСҰ-ға мүше болғаннан кейін өңірлік экономикалық интеграция үдерісіне белсенді қатыса бастады. Қытай үкіметі Еркін сауда аймағын (ЕСА) сыртқы әлеммен байланысты күшейту және елдегі реформаларды жеделдету үшін жаңа платформа ретінде ғана емес, осы аймақтарды көпжақты сауда-саттық жүйесінің маңызды бөлігі ретінде де қарастырып келеді. Қазіргі уақытқа дейін Қытай, материктік Қытай мен Гонконг және Макао арасында Тығыз экономикалық ынтымақтастық келісімі (CEPA), материктік Қытай мен Тайвань арасында Экономикалық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімі (ECPA) бар. Сонымен қатар, Швейцария, Коста-Рика, Перу, Сингапур, Чили, Пәкістан және Грузиямен ЕСА туралы келісімге қол қойылған. Және де Австралия, Корея, Исландия, АSЕАN елдері әрі Жаңа Зеландиямен ЕСА құру туралы келісімге қол қойған. Сонымен бірге, Қытай, Қытай-Жапония-Корея ЕСА, Қытай-Парсы шығанағы елдерінің ын­тымақтастық кеңесі арасындағы ЕСА және Аймақтық кешенді экономикалық әріптестік (RCEP) туралы келіссөздермен қатар, Шри-Ланка, Мальдив аралдары және Норвегиямен ЕСА құру туралы жаңа келіссөздер бастаған болатын. Нәтижесінде, өткен жылы Қытайдың сыртқы саудасы 23,4%-ға артып, 2,54 трлн доллардан 3,66 трлн долларға жетті. Қытайдың жоғарыда аталған елдермен болған сауда көлемі елдің жалпы сыртқы саудасының 25%-ын құрайды. Мысалы, 2016 жылы Қытайдың сыртқы сауда көлеміндегі ең жоғары өсім (65,8%) Қытай мен Чили арасында көрініс тапты. Одан кейінгі орындарды Қытаймен арадағы сауда көлемін 25,8% және 24,6% арттырған АSЕАN елдері мен Пәкістан иеленді. Қытайдың 2001 жылы Шанхайда Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан тарапынан құрылған Шанхай ынты­мақ­тас­тық ұйымы (ШЫҰ) аясында өңірлік экономикалық ынтымақтастықты дамытуға барынша мән бергенін атап өткен жөн. Қазіргі таңға дейін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары өңірлік экономикалық ынтымақтастық туралы төмендегідей құжаттарға қол қойды: (а) өңірлік экономикалық ынты­мақ­­тастықтың басты мақсаттары мен жүзеге асыру барысына және сауда мен инвестицияға қолайлы жағдай жасау үдерістерін бастау үшін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасында келіссөздер жүргізу; (ә) көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламаларын жасау; (б) жоғарыда аталған бағдарламалар бойынша көрсетілген жоспарды жүзеге асыру. ШЫҰ-ға мүше елдер Азия даму банкі мен БҰҰ Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының көмегімен халықаралық автожол тасымалдарын жеңілдету туралы үкіметаралық келісімге қол қойды. Бұл құжаттар ШЫҰ өңірлік экономикалық ынтымақтастығы үшін қажетті құқықтық негіздерді қалыптастырып отыр. Сонымен қатар, ШЫҰ-ға мүше елдердің эко­но­микалық дамуына көмектесу және эконо­микалық ынтымақтастықты тереңдету мақсатында 2005 жылы өткізіл­ген Астана саммитінде Қытайдың сол кездегі төрағасы Ху Цзиньтао ШЫҰ-ның өзге мүшелеріне 900 млн долларлық жеңілдетілген экспорттық несие ұсынған болатын. 2006 жылы Қытайдың Импорт-экспорт банкі Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен жеңілдетілген экспорттық несие беру туралы келісімге қол қойып, 2007 жылы 1,2 млрд доллар жеңілдетілген экспорттық несие берді. 2012 жылғы Шанхай саммитінде Ху Цзиньтао тағы да 10 млрд доллар жеңілдетілген экспорттық несие бөлу туралы шешімін жариялады. Қытайдың кедендік статистикасының деректері бойынша, Қытай мен ШЫҰ-ға мүше елдер арасындағы сауда көлемі 2001 жылы 12,15 млрд доллар болса, 2015 жылы 67,47 млрд долларға жетті. Қытай Сауда министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, 2003 жылы Қытайдың ШЫҰ-ға мүше елдерге салған тікелей шетелдік инвестициясы (ТШИ) 59 млн доллар көлемінде болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 534 млн долларды құрады. Осылайша, Қытайдың ШЫҰ құрылғаннан бері ұйымға мүше елдердің шетелдік инвестициялар бойынша басты серіктесіне айналғаны анық байқалады. Алайда, мұндай оң өзгерістерге қара­мастан, экономикалық ынтымақ­тас­тық­ты нығайту жолында елеулі кедергілер де жоқ емес. Әзірге жоғары кедендік тарифтерді ШЫҰ елдерінің арасындағы сауда қарым-қатынастарын тереңдетуге басты кедергі ретінде қарастыруға болады. Сондықтан, тарифтер мен тарифтерден тыс кедергілерді ең шекті деңгейге дейін төмендетумен қатар, аймақтағы сауда және инвестиция саласын қолайластыру үшін ШЫҰ-ға мүше елдер ЕСА құру тақырыбын көтерген еді. ЕСА құрылуы ШЫҰ-ға мүше барлық елдердің экономикасының дамуына ықпал етіп, аймақтағы жұмыспен қамту және әлеуметтік жағдайды арттыратын болады. Сонымен қатар, Қытайдың ШЫҰ-ға байқаушы елдермен сауда көлемінің ұйымға мүше елдермен сауда көлеміне қарағанда тіпті жылдам артқанын айта кеткен абзал. Мысалы, Қытайдың Үндістан, Пәкістан, Моңғолия және Иранмен жалпы сауда көлемі 2003 жылы 16,09 млрд доллар болса, 2015 жылы 68,15 млрд долларға дейін өсті. Осы жылы Астанада өтетін ШЫҰ саммитінде Пәкістан мен Үндістанның ұйымға толық мүшелік мәртебесін алуы жоспарланып отыр. Сондықтан, Қытайдың Пәкістанмен ЕСА құрғанын және Үндістанмен ЕСА құру туралы келіссөздер бастағанын ескерсек, Қытайдың ШЫҰ аясында ЕСА құру үшін кейбір алғышарттар қалыптастырғанын көруге болады. Қытайдың ШЫҰ шеңберінде экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай арттыруға деген мүддесі әбден түсінікті. Бұл ел осы мақсатта өзінің өнімдерін, еңбек күші мен капиталын көрші елдерге экспорттау үшін ШЫҰ Даму банкін құру және еркін сауда режімін қалыптастыруды қамтыған бірнеше жоба ұсынған болатын. Дегенмен, бұл бастамалар ШЫҰ-ға мүше елдер тарапынан әзірше толық қолдау тапқан жоқ. ШЫҰ-ның Ташкентте өткен соңғы саммитінде тараптар экономикалық өсім қарқыны баяулауының алдын алу үшін ШЫҰ-ға мүше елдер арасында экономикалық көмек көрсетуге келісті. Алайда, тараптар болашақта ЕСА құру мүмкіндігі туралы нақты ақпараттар берген жоқ. Қорыта айтқанда, ШЫҰ-ға мүше елдердің ішкі нарықтарына Қытай тауарларынан келетін ықтимал қысым туралы әлі де алаңдаушылықтың бар екенін айтуға тиіспіз. Алайда, күшті экономикалық мүмкіндікке ие Пәкістан мен Үндістанның болашақта ШЫҰ-ға мүше болуы ұйым аясында ЕСА құру ұсынысына оң әсер етуі мүмкін деп болжам жасауға мүмкіндік беретіндей. Ал бұл өзгерістердің барлығы ШЫҰ Еркін сауда аймағы жобасының іске асу ықтималдылығын арттыра түсетіні сөзсіз. Ажар СЕРІКҚАЛИЕВА, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері