12 Наурыз, 2017

«Ақ боз үйдегі» тағдырлар

2592 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
XX ғасыр қазақ халқына қасақана ұйымдастырылған қылкөпір, тамұқ, тозақтарға толылығымен төбе шашыңды тік тұрғызады. Өткенсіз бүгін жоқ. Біз ұрпақты тарихпен, халықтың жадындағы ащы шындықпен көзін ашып, көкірегіне сәуле құйсақ кана өз азаматтық парызымызды өтейміз. Белгілі жазушы Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» трилогиясын («Жазушы» баспасы. Алматы, 2005) оқып шыққанда, оның мігірсіз, инемен құдық қазғандай азапты еңбегі, өз халқының темір құрсаулы, тар шеңберлі жүйеде өткен шерлі шежіре парақтарынан мол білімі, неге аңсары ауса соны сары майдан қылшық суырғандай еркін игеретін қаламгер екеніне шүбәміз қалмады. Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» трилогиясы – тәуелсіздігімізді алғаннан бергі жылдардың жемісі. «Дүниенің бәрін бір етікке тығатын саяси тоталитаризм дәурен құрып тұрған» (Ә.Кекілбаев) заман өз пиғылынан тауып, қайтіп реставрация жасауға келмейтіндей күл-талқаны шықты. Енді оның ірі мінезін де, кір, мерез қылығын да көркем, келісті тілмен, философиялық терең толғаныспен де, сатиралық ащы тілмен де, публицистикалық шалқулар арқылы «кеудесінің есігі бар, құлағының тесігі бар» (Мәшһүр-Жүсіп) көшелі суреткердей эпикалық туынды жазар шақ туды. Қолдан кісен, аяқтан тұсау алынды. Сайын даланы ен жайлап, еркін өмір сүрген бұла халықтың бұғалыққа көнбес асау басының бұлқынысын енді күндіз жүйкеңді, түнде көзмайыңды тауысып қалай көсілте жазсаң да еркің. Смағұл, обалы не, сөйткен. «Еділдің бойы – қанды қиян, Жайықтың бойы – шаңды қиян, Маңғыстаудың бойы – майлы қиян, адыра қалған Үш қиянның» XX ғасырдың отызыншы жылдарындағы топалаңы бар ішекқырындысы – табиғатымен көз алдыңа мөлдірете тосылады. Сірескен тоталитарлық жүйе «бүргені басқа, басты аяққа шығар» деп еді, білімі жоқ, қанында тектілік, ісінде бәтуа, адамгершілік ар-ұятты белінен басып жүре беретін, ішкеніне мәз, жегеніне тоқ, кигеніне кісәпір пенделер эгоизм мен алаяқтықтың көкесін көзіңе көрсетіп, о дүниенің қыл көпірін құрып берді дерсіз... Кешегі келе-келе түйе, үйір-үйір жылқы, отар-отар қой біткен Пахраддин би бүгін кімге жағарын білмей, әр күні санаулы, беделі есігіндегі қозы-лағын баққан Қозбағардан да төмен. Әзберген інісі «соқыр теке» ойнап жүріп, есігіндегі құлы Қозбағар күштеп, «етегін жел ашып, бетіне күн тимеген» ерке, өр, тәкаппар, бойжетіп отырған қарындасын ұстап, сүйіп еді, қарындасы әдепсіздікке ренжігенін байқаған Әзберген кедейдің баласын соғады, сол күш көрсеткеніне таптық саяси мән беріліп, байдың баласы түрмеге айдалады. Пахраддин қызы Хансұлуды Қозбағарға ұзатпақ боп шешім қабылдаған соң ғана інісін ауыр жазадан арашалап, түрменің есігіне жеткіздірмей ауылға қайтартады. Бәрінен жұрдай айырылып, бай болғаны үшін «халық жауы» саналған. Абысын-ажыны бар, құтырған қасқырдай Шеге, Ждақай, Қозбағар, Балжан комсомолдар бар, Бұқарбай, Сұржекей мелисасы бар, әлекедей жаланып, жүні жығылып, құты қашқандарды тәркілеудегі әрекеттері адам дейтін жұмыр басты мақұлықтардан арман шошындырады. Олар сайтанның әулеті: албасты, жын, жезтырнақ, мыстан кемпір, әзәзілдің де қолы батпайтын лас іс-тірлікке жиренбей желігіп кіріседі. Жүрегі жылы, жиған-тергенін бауырына баспай, барын жеке бастарының қамымен шектемей, төңірегімен бөлісе жұмсауға жаралған, қолы ашық, жолы сара, кеудесіне періште қонақтаған Пахраддиннің де асын ішіп, аяғына түкірді. Шойын маңдайлы, аяр, екіжүзді, жылпос, жағымпаз әбілеттер ауыл басқарып, адам тағдырын ойыншық санап, елді білім, білікпен басқарудың орнына, білектің күші, мылтықтың қаһарымен бағындыруға көшкен зауалды күн туды. Ешкімге қылдай қиянат жасап көрмеген әулие бітімді Пахраддин би, ұлты үшін ұлтарақ, халқы үшін қалқан боларлық азамат санап жүрген ауыл жігіттерінің аласұрған ашқарақ аранын, аяуды білмейтін тоңмойын, терін саумай, тілін сауған суқиттығын көзімен көргенде: «Бұл ел оңбас. Оңбас. Ендігі жердегі тірлігіміз осы болса, өз ұрпағымызбен өзіміз жағаласып өтетін болсақ, біткен екенбіз. Біткен екенбіз», – дейді өзеуреген елірме, түсінісуге көркеуде қарсыластарынан жиреніп. Революциямен бірге қантөгіс, зорлық-зомбылық, қиянат, зұлымдық ілесе жүретінін имандылық жүрегіне ұя салған бекзат қария қайдан білсін... Құдасы Шәріп етікші ауылдық Кеңестің төрағасы сайланып еді, байды көрсе ешкікөзденіп бақылдаудан, қарсылық көрсетсе, бұқадай мүйізін білеуден аспады. «Атқа мінгенің – азапқа мінгенің» (Әйтеке би) болды да шықты. Жазықсыздың жүрегін жаралап, жанын жалалы, көңілін қаралы күйге түсіріп, кіндік кескен жер, ұрпағын қалдырған елінен жеруге мәжбүрлейді. Кісілігі мен кесірлігі қосқыртыстанып жататын Жорға Күреңді өкіл ұшқалақ, пәтуасыз Шәріптің орнына «таққа» отырғызып еді, күні кешегі Мажан шалдың оң қолы, ақылшысы, саудасын жасап бармағын жалаған жағымпаз, суқит, жылпос, екіжүзді Жорға Күрең, топтан торғай алдырмаудың орнына, бүгінгіге бұғау салатын, ертеңгіге қылыш сілтейтін нағыз қаныпезер, нағыз сателлиттің өзі боп шықты. Солардың қиянатынан жұлдыздай жанып туған Шеге төрт рет Колыманың дәм-тұзын татып, ақыры түрмеде шіріп өледі. Пахраддин бәйбішесі Сырғамен екеуі шөлді кезіп жүріп, аштық түбіне жетіп, көмусіз қалады. Мажан шал кәртейгенде кемпірімен екеуі жер ауып, сүйегі қайда шашылып қалғаны белгісіз. Нар тұлғалы, өзі мерген, палуан Бұлыш банды деп қудаланып, ақ жолда жүргенде өкіметке есесін ұттырған, кекке уланған нағыз бандылармен шайқас барысында ажал табады, Балқиясы бұл қасіретті көтере алмай жынданып өледі. Өзінің қылмысын бетіне шыжғырып басудан жанбайтын Шәріп, «дұшпанын» кемпірімен екеуін тиісті азық-түлігін бергізбей, аштықтан ісіндіріп өлтіреді. Шегенің «жан досы» саналатын Ждақай, басына киген «Мономахтың қалпағын» онан қызғанып, «кулактың күйеу баласы», «халық жауы» деп домалақ арыздарын тиісті орындарға әкесімен екеуі жарыса «әкімгершіл кеудемсоқтықтан өрбіген мемлекеттік әпербақандықпен» жаудырып, түрмеден оралса, қайтадан түрмеге тоғытып, түбіне жеткенімен қанағаттанбай, қиюы кеткен шаруа мен тұрмыс тауқыметі тырнағына сүріндірген Хансұлуға да ішпеген уын іштіреді. Жетпістің бесеуіне келіп, трагедиялы тағдыр бұйырған, баласы Бұлыш пен келіні Балқиядан қалған көзі, немересі – Едігесін қайтсем адам қатарына қосамын деп тырбанып жүрген кейуананы да ішкі есебін ойлап, зымияндықпен қаралап, арыз жазып, ақыры әділетсіздік қанына қарайтқан Дәу апаны түрмеде өлуге мәжбүр етеді. Қанға құныққан жыртқыштар мен қорқаулар дәуірлеген кеңестік жүйе «бұл адамды сырттай да, іштей де бүлдіре беретін, аяғында жұтатып шығаратын» (Ғ.Мүсірепов) мұндай шошырлық қылық-әрекеті оның саяси құрылысы, мазмұнына тәндігін «Ақ боз үй» романында көзі жіті, көңілі қырағы суреткер Е.Смағұл көңіліңде дүдәмал қалдырмай, қапысыз көркем бейнелеген. Ол өзі қалам тербеп отырған кезеңнің саяси-әлеуметтік, қоғамдық жағдайын терең зерттеген. Қатпар-қалтарыстары, уақыт психологиясы мен заман адамдарын революция қалай бұзып, құлқын өзгертіп жібергеніне дейін айнытпай беруге тырысқан. Жазушы бұлғақты бастан кешіп, ізгілік, әділдік жолынан таймаған, «елдіктің сөзін айтып, интернационалистік болмысы қанында бар, қалың тұман арасында адаспай, қараңғы жұртқа пайдалы ақыл-кеңесі, ісімен шуағын шашқан саясаткер, мемлекет, қоғам қайраткері Апанастың табиғи, дара бітімді образын жасаған. Және бір байқағанымыз, ол шолақ белсенді, шала піскен большевик емес, адамды табына қарай жіктеп, маңдайы жіпситін әсіре «тапшылдарға» қаны қосылмайды. Адамды кісілік қасиеттеріне қарап бағалайды. Пахраддинді «кулак» деп даңғой топ аққарғадай аластап, басына бұлт үйіргенде, кабинетінде оны құшағын жая қабылдайды, көңілі қаралы, жаны жаралы бекзат қарияны уақыт қиыншылығынан мойымай, қалған ғұмырын алаңсыз өткізудің пайдалы соқпағына меңзейді. «Жаңа жолдан» шыққан белсенді комсомол, болашақ ірі істерге шақ пішілген, опалы, жақсы жігіт Шегені де бірнеше рет жалған жала, қиянаттан қорғап, кеңес қызметіне жегеді. Бірақ жаулары Апанастың бетіне күле қарағанымен, жасырын ор қазады. Калашниковтың солақай саясаты зардаптарын түзеу үшін аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланған ол, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалып, алмағайып күндерде ауыл арасының аламан қақтығыстарының жуан ортасында жүріп, кәтепті қара нардың жүгін көтереді. Алайда, «қараңғы үйден» «халық жауын» іздеген әзәзіл саясат оны да құрығынан құтқармай, ағысқа қарсы жүзген «мұзжарғыш кеменің» де жолы кесіледі. Нақақ жала жабылып ұсталады, атылады. Осылайша Смағұл «жарығы есті адамның күндізгідей, әлемді жылуымен күн ететінін» (Нұртуған) санамызға құяды, жүрегімізге балына у қосылған мұң ұялатып, түпсіз терең ойға батырады. Қысқасы, Апанас бейнесінен біз жан-жүрегіңе кір жұқтырмай, ақыл-ойыңды лайламай, азаматтығыңа әжім түсірмей өмірден көшудің үлгісін танығандаймыз. Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады. Аудандағы Сталиннің «оң қолы», «оң көзі» Сұржекей, аймақтағы еркек кіндіктінің бәрін «халық жауына» айналдырып, облыс бойынша көрсеткіште алдыңғы орынға көтеріліп, «беделін бір үстем етіп алып», енді оның өзін қолдап, қылмыскерлерді ұстауға да, жазалау, алқауға да кең жол ашқан, «бағынбай, кісімсініп жүрген» аудан прокуроры Сұранышев пен жаңадан келген, «кеудесі әлі шалқақ» аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қойшыбаевқа қашан Афанасий Грининнің (Апанас) «тазкепешін» кигізіп, «Түркияның жалдамалы агенті, шпионы» етіп шығарудың айла-амалын ойластырумен ұйқысы шала болып жүр. Сұранышевтің де, Қойшыбаевтың да өмір жасы «ұзақ» болады екен, колхоздастыру мен кулактарды тап ретінде жою науқанына НКВД жан-тәнін салып, қатты кірісемін деп жұртты тым ашындырып, мемлекеттің іргесін шайқалта бастағанда, Бас жендет Сталин «жалпыхалықтық» бұл шара біраз «табысқа» жеткізген соң кілт тоқтатып, «асыра сілтегендерді» Ежовымен қоса құрдымға ата бастайды. «Досына ор қазған» Сұржекейдің өзі қазған оры, қанша аққаптал, көкжұлын мелиса болса да, өзіне бұйырады. Онда да көрін өз мектебінен өткен шәкірті, «қара жылан тергеуші» Құлберген қазса, «қылмысын теріп», жоғарыға жеткізген жемтіктесі, арызқой, жылпос, қарғыс атқан – Жорға Күрең. Шындығында да, өмір философиясы ғажап қой: шылаушынды – балық, балықты – халық, халықты – жебір, жебірді түбінде құрт жейді. Қанша қиянат жасап, қиянға шыққаныңмен, Алланың көзі қырағы, құздан құлатады, сүйегің жиналмай қалады. Смағұл Елубай Голощекин, Калашников, Сұржекейлер трагедиясын осылайша пайымдап, моральдық-философиялық мәселелердің қыр-сырына үңілдіріп, хақ жолынан таймай өтуге меңзейтін көркемдік шешім жасайды. Смағұл Елубай «Ақ боз үй» трилогиясының үшінші кітабы «Жалған дүние» романында тоқырау жылдарының тоңына, ит тұмсығы батпайтын меңіреуіне сыналап енеді. Мемлекеттік жүйе, әкімшіл-әміршіл басқару үрдісі, қоғамдық-саяси құрылыс, «біртұтас Кеңес халқын» қалыптастыру мақсатындағы коммунистік империяның пәрменді қитұрқы амал-әрекеттері ыждақатты сарапталынған. Алғы екі романда күллі тағдыры егжей-тегжейлі баяндалатын Хансұлу жасы жетпістің бесеуіне келіп, шаршап-шалдығып, өткен күн естеліктерімен сұйыла бастаған қанын қыздырып, елудегі Түгелханынан өрген екі, Үмітінен туған бір немересіне шүкіршілік етіп, қалған күндерін санап, өксікпен өмірі өтуде... Тағдыры итжыртқан қара терідей жырымдалған Хансұлу өмірлік талқаны таусылып, ажал тақалғанда ішіне бүккенін жазып, ағынан ақтарылады... Үшінші рет «халық жауы» боп ұсталған Шегесінен көз жазып қалғанына да, Жем бойы жақпай, Жетісуға қоныс аударғанына да 40 жылдан асыпты. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан». Жаңа ұрпақ алмасты, немересінің алды жоғары оқу орнын жағалап жүр. Ескі көзден қалғаны «тарғыл бет, басында жапырайған қарасұр тақиясы бар, иығына көнетоз шапан ілген төртбақ, көкшіл көзді шал – Ждақай. Шегесінің басын жұтқан кәззап, Хансұлудың «өмірін тозақ еткен» жәдігөй. Сосынғы тірі жүргені − өмір әбден сілкілеп, кеудесінде жаны қалған байқұс, ақкөңіл, «еңсесі түсіп», азып-тозған замандасы Қозбағар. Ниеті ақ адамды Жаббар ием қашан да желеп-жебеп жүреді емес пе? Жыланның аяғын көргендер некесі қиылған «келіншегін» Шеге тапа-тал түсте тартып алып, ер жігіттің намысын аяғымен таптап кеткенін бетіне шыжғырып басып, екеуінің арасына от жағуға қанша өліп-тірілгенімен, өз шамасын білетін есті жігіт, Хансұлу мен нағашысының арасындағы асықтық сезіміне куәгер болғандықтан, ашуын, қыжылын ақылға жеңдірген. Тіпті Сұржекейдің жетегінде жүргенде де «намысына жеңдірсе», түрмедегі кіріптар Шегенің жанын жаһаннамға жіберіп, есеп айырысудың сәті түсіп еді. Жүрегі нәзік, уызына жарыған момын Қозбағар, олай адамшылық жолынан аттамай, керісінше, нағашысы, бала күнгі досы – Шегеге атылу жазасынан аман қалудың әдісін есіне салады. «Ар ұялар іс қылмыс ақыл – зерегіңіз» (Абай) осы. Кісіге қиянат жасамайтын ала көйлек аңқылдақты дұшпаны да жаманшылыққа қимайды. Берияның жендеттері түн қараңғылығын жамылып, төрт «халық жауын» (ішінде Қозбағар да бар) атуға апара жатқанда есі кіресілі-шығасылы Сұржекей оның қамын жеп, қашып аман қалуына септесіні тиген. Міне, сол қанды күндердің қасапшысына айналған, бағы жанбаған сорлының «шарапаты» арқасында Қозбағар ғұмырын жарты ғасырға ұзартып, жасағанның бір пендесіндей несібесін теріп жеп жүр. Фәни жалғаннан көшер алдында Алланың ерекше жаратқан шынайы пендесі Хансұлумен қоштасар сәтте Ждақай салмағы нарды да мертіктірер күнәсі үшін кешірім өтінеді. Кешегі ел қарғысы майдай жаққан кәззап, бүгін тамыры қураған қаусаған ағаштай міскін. Көп қиянат мүжіген Қозбағар, керісінше, жібектей есілген бекзададай Хансұлудың оң қабағына ілігіп, жастық шақтың көктем лебімен дімкәс, кәрі жүрегіне тау самалын ала келді... «Ақ боз үй» мен «Мінәжаттағы» кейіпкерлер характерін қалыптастырып, дамытатын оқиғалары тұспалдық сипатқа, философиялық-психологиялық талдауларға толы ақиқаттың ауылынан қара үзбейтіндігімен өзі тақырыптас туындылардан оқ бойы озықтығын мойындатты. Бұл екі кітапта Смағұл теңізде жүзген балықтай еркін сілтейді. Қаламы төселген, тақырыбын жете меңгерген жазушы осылай істесе   керек-ті. Сонымен, «Ақ боз үй» трилогиясы – халқымыздың игеріле қоймаған, құпия тарихтың «ақтаңдақ беттері» саналатын тақырыпқа жазылған туынды. Ұзақ жылғы ізденіс нәтижесінде аласапыран шақтың қоғамдық құрылысын, саяси-әлеуметтік, экономикалық негізіне терең бойлай отырып, адам характерін оның ішкі күйін суреттейтін психологиялық тәсілмен ашуда, талдауда жеткен жетістіктері бейжай қалдырмайды. «Көркем сөз – жанның сәулесі» (Ғ.Мүсірепов) ғой. Смағұлдың сол сәулені назарда ұстап отыратынына мысалдар жеткілікті. М.Горький: «Учитесь писать у всех стилистов, но – ищите свою ноту, свою песню» демекші, Смағұлдың трилогиядағы көркемдік ізденістері ішіңді жылытады. Ал «өзін өзі табуы» жағына келгенде, солықтап қалатын тұстары да кездеспей қоймайды. Тарихты көркемдік игеру – азап, сол азапты инемен құдық қазғандай төзіммен игеру кейде кемшін түсіп жатады. Трилогияда жағымсыз кейіпкерлер бір ғана қырынан – жексұрындығы жағынан көрінеді. Ждақай, Сұржекей, Жорға Күрең, Құлберген, Әзберген... Бұлардың негізгілері о баста байдың есігінде жүріп, бейнеті, күні ортақ адамдармен жан жайлауы жарасып жүргендер ғой. Оларды бұзса, заманы бұзды. Сондықтан бойындағы «іске аларлығынан» олар бірден «тазармағанын» ескермеу де тиімді бола бермейді. Қысқасы, ұлтымыздың тарихындағы ең «сұм өмір» саналатын, қазақ қаны селдей аққан, «қанды ғасырды» бейнелеген – «тамұқтан жеткен үн» қолымызға тиді. Енжарлықтың тонын шешіп тастап, ойнап емес, ойлап оқитын дүние. Мінезі салмақты, дүниетанымы жан-жақты, қаламы жүйрік, танымы өткір, талғамы ерен, қиялы ұшқыр, жетпіске келіп отырған Смағұл – осы трилогиясымен-ақ әдебиетімізден жұлдызды орнын сайлап алған бақытты қаламгер. Тұрсын СЫДЫҚОВ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы