13 Наурыз, 2017

Егіс көлемін азайтуға негіз бар ма?

259 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Соңғы уақыттары «Қазақстанға жылдағыдай көлемде бидай егу керек пе?» деген сұрақ пікірталас туғызуда. Оған себеп болып отырған Ауыл шаруашылығы министрлігінің бидай көлемін алдағы бес жыл ішінде 12,4 млн гектардан 10,1 млн гектарға, яғни 2,3 млн гектарға азайтуды көздеген шешімі. Министрліктің уәжі бойынша, бидайдың барлық егіс көлемінің 64 пайыз алып жатуы келешекте жердің тозуына және өнімнің азаюына алып келмек. Ал барлық егістіктің үлесі 46 пайыз болған жағдайда жұмыс ғылыми негізде дамитын көрінеді... Жалпы, бұл жердегі мәселе әкім­шілік ұстаныммен емес, экономи­калық жолмен шешілуі тиіс. Бастысы, бұл жерде мемлекет халықтың тұтыну қажеттілігін ескергені жөн, яғни еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз етуі керек. Ол дегеніміз, әр адамның тағам тұтынудың физиологиялық нормасы негізінде есептелген тиісті мөлшеріне экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету деген сөз. Содан кейін қорғанысқа қажет нан өнімдерінің мөлшері, тұқым, мал жемінің көлемі анық­талып, олар мемлекеттік тапсырыс ретінде өндірілуі тиіс. Ал басқа көлем­дегі астықты кім, қанша, қалай егіп, оны өзі сақтап, өңдеп экспортқа шығарып жатса ешкімнің қарсылығы болмайды. Бұрынғыдай әр гектарға субсидия, арзан жанар-жағармай және тыңайтқыштар алып, өнімнің экспортталғаны үшін тағы тоннасына 40 доллардан бюджеттен ақша алу, әрине, халыққа қиянат нәрсе. Өйткені, мемлекеттің бюджетіндегі ақша халықтікі, ол салық арқылы жиналады. Бидай өндірушілерге осыншама көмектен кейін Қазақстанда тым болмаса нан арзан болса екен. Бір мысал. Сауд Арабиясында нан күріштен кейінгі басты өнім саналады. Бұл ел адам басына шаққанда нан өнімдерін пайдалануда әлемде бірінші орын алады. Соңғы 35 жылда шикізат пен энергия үш есе өскен, бірақ нан бағасы бұрынғыдай. Бұл ел өз халқының қамы үшін жылына 3 млн тонна бидай импорттайды. Енді әлемдегі бидай экспортына көз жүгіртейік. Бидайды ең көп өндіретін он мемлекеттің көш басында Қытай тұр, сұраныс көлемі 130 млн тонна, одан кейінгі орынды Үндістан (86,6 млн тонна) алады да, тізім Ресей (61 млн тонна), АҚШ (55,8 млн тонна), Франция (40,8 млн тонна), Канада (27,6 млн тонна), Украина (27,3 млн тонна), Германия (26,3 млн тонна), Пәкістан (25,1 млн тонна) және Австралия (24,5 млн тонна) болып жалғаса береді. Қазақстан бұл тізімде Польшамен шамалас, 15-орында. Қазақстан соңғы жылдары орта есеппен 13,5-20,1 млн тонна дәнді дақыл жинады, бұл көрсеткіш ТМД елдерінде Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынды көрсетеді. Орташа өнім гектарынан 10-13 центнерден келеді. Әр жылдары экспортқа 2,8-8 млн тонна бидай шығарады. Ресейде гектар шығымдылығы 21-30 центнер болса, Украинада 23-28 центнер. Көріп отырғандай, біздің елдегі бидай өнімінің шығымдылығы екі есеге жуық төмен. Қазақстан өнімі көп жағдайда жер ылғалдылығының сақталуы мен уақтылы жауатын жаңбырға тәуелді. Ал әлемдегі климат өзгерістерін есепке алар болсақ, жер шарында температура 2 градусқа дейін жылынғанын ескергенде, келешекте көп жылдық қуаңшылық болуы ғажап емес. Сондықтан Елбасымыз айтқан суармалы жерлерді игеру қажеттілігі келешекке меңзейді. Ал суармалы жерлерден бидай өнімдерін бес есеге дейін көп алуға болады. Сондықтан бидай өндірісін оңтүстік облыстарда кеңейтіп, оны тіпті Қызылорда облы­сында өсіруге болар еді. Әр гектарынан 156,4 центнерден өнім алып бидай өсіруден әлемдік рекордты Жаңа Зеландия жасап, Гиннестің рекордтар кітабына 2010 жылы жазылды. Бидайдан жоғары өнім алу жаңалық емес, мысалы, Чехия гектарынан 109 центнер дән жинаса, Ұлыбритания 77,8 центнерді жыл сайын жинайды. Әлемде, өнімділікті ғылыми негізбен ұштастырып арттыру да бар. Мысалға, Беларусьте 1991 жылы бидай шығымдылығы 15,7 ц/га болса, өткен жылы 39,4 центнер болды, ал Өзбекстан суармалы жердің әр гектарынан 48,6 центнерден өнім алады. Қазақстанда бидай шығымдылығы төмен, бірақ сапасы жоғары... Жалпы, еліміздегі бидай бизнесінде жүрген шаруаларға өнімін экспортқа шығаруға мүмкіндік мол. Көрші жатқан Қытайдың өзі жылына 6,7 млн тонна бидай импорттайды. Тунистің өзі 1,1-1,4 млн тонна дән сатады екен. Ендеше, Ауыл шаруашылығы министр­лігінің бидай көлемін алдағы бес жыл ішінде 12,4 млн гектардан 10,1 млн гектарға, яғни 2,3 млн гектарға азайту туралы бастамасын экономикалық тұрғыдан тағы бір екшеп алған жөн. Атамұрат Шәменов, экономика ғылымдарының докторы