13 Наурыз, 2017

Жетімдер саны азайып келеді

352 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Білім және ғылым министрлігінде барлық аймақ­тар­мен тікелей байланыста, бейне конференция ре­жімінде Балалар үйлері жанындағы бірыңғай рес­публикалық қамқоршылар кеңесінің отырысы өтті. Балалар үйлерінде тәрбиеленуші балалардың өмірін жақсарту, олардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу, сондай-ақ балаларды Қазақстан азаматтарының отбасыларына беріп, ата-ананың жылылығы мен мейірімін көріп өсетін отбасыға қайтару бойынша жұмыстарды жетілдіруді басты назарында ұстайтын Кеңес отырысында Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова: «Бүгіннен бастап жетім балаларға арналған білім беру мекемелері жанындағы қамқоршылық кеңестері өз жұмысын бастады деуге болады. Кеңестер құрамына үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар, саяси партиялар, бизнес өкілдері, демеушілер мен меценаттар енді» дей келе, балалардың отбасында тәрбиелену құ­қығын жүзеге асыру үшін жұмыстардың белсенді түрде жүр­гізілуіне мән беру керектігін баса айтқан. Бұл ретте, қамқоршылар кеңесі уәкілетті органдармен бірлесе оты­рып, бала қабылдайтын отбасыларды дайындау бойын­ша талаптарды, сондай-ақ балаларды балалар үйінен қа­был­дайтын отбасыға беруді дайындаудың тиімді тәсіл­де­рін жетілдіруде ізденістерге қолдау көрсету бойынша көп­теген ойды ортаға салды. Жиында айтылғандай бүгінгі таңда баланы өз отбасында тәрбиелеуге алғысы келетін отбасылар үшін, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балалардың республикалық мәліметтер базасы құрылып, балаларды отбасына оралтуда заңнамамен орналастырудың жаңа түрлері анықталған екен. Ол – бала қабылдайтын отбасы, бала қонақтайтын отбасы (каникул кезеңдерінде, демалыс және мереке күндері балаларды уақытша орналастыру түрі) сынды заңнамалық тұрғыда белгіленген тәртіптер. Айта кету керек, елімізде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар саны жылдан-жылға азаюда, өткен жылы балалар мен жетім балаларға арналған ұйымдарда 8066 бала тәрбиеленсе, 2017 жылдың 1 қаңтарында олардың саны 7236 болып, балалар санының азаюына байланысты арнайы мекемелер желісі де қысқарған. Яғни жетім бала­ларға арналған ұйымдар жүйесі 48 бірлікке азайған көрінеді (188-ден 140-қа дейін). Отырыс басталмас бұрын журналистер сауалына жауап берген министрдің балалар құқықтарын қорғау бо­йынша кеңесшісі Бәлия Әкімбекова қамқоршылық кеңес мүшелерінің 40 пайызын үкіметтік емес ұйымдар кұрауы қажеттігін, Кеңестің төрағасы да үкіметтік емес ұйымның өкілі болғаны жөн екенін айтқан. «Қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігі қамқоршылық кеңестерін құру бойынша тиісті ережелерді әзірлеп қойды. Жақын арада аталған ережелерді бекіту жоспарланып отыр. Жалпы, заңнамада білім беру мекемелері жанынан қамқоршылық кеңестерін құру нормасы бар» деген ол кеңес жұмысының жал­пы қоғамға ашық болатынын, ақпараттардың жария­лы­лығы қамтамасыз етілетінін жеткізген. Кеңес құрамына қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ба­лалардың құқықтарын қорғау қоры, қабылдаушы ата-ана­лар ассоциациясы, басқару органдары (оның ішінде құқық қорғау органдары), партия және «Атамекен» ҰКП мү­шелері еніп, бірыңғай республикалық қамқоршылар ке­ңесінің келесі отырысы енді 6 айдан соң өткізіліп, оты­рыс­та кеңестің сол уақыт аралығында атқарған жұмы­сы­ның қорытындысы тыңдалып, барлық бұқаралық ақпарат құ­ралдары мен БҒМ және Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің сайтында, интернет-ресурстарда жарияланады деп шешілді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»