13 Наурыз, 2017

Мемлекет үшін маңызды қадам

120 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Алматыдағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының конституциялық реформаны қолдауға арналған жұмыс отырысы өтті. Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, ҚХА Төрағасының орынбасары Леонид Пито­ленко, ҚХА Кеңесінің мүшелері, республикалық этномәдени бірлестіктердің белсенділері, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесі мен зиялы қауым өкілдері, ҚХА-ның өзге де құрылымдарының басшылары қатысты. Елбасы бастап, ел қостап, бір айдан аса уақыт көлемінде кеңінен талқыланған жаңа реформа ел дамуына бастайтын та­ри­хи маңызды қуатты құжат екенін көр­сетті. Еліміздің түкпір-түкпірінде қызу талқыланған жаңа өзгерістер бүтін бір мем­лекеттің тамырына қан жүгіртіп, болашағын айқындайтын тың серпін деп бағаланды. Басқосуды ашып берген ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов жаңа реформаға байланысты түскен 6 мыңнан астам ұсынысты жан-жақты қарастыра келіп, оның ішінде 19 бапқа 26 түзету енгізілгенін айтты. – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекеттік билік тармақ­тарының арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы бастамасымен жүргізілген конс­титуциялық реформа өз мәресіне келіп жетті. Конституциялық реформаларды талқылауға Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық құрылымдары, этномәдени бірлестіктер белсенді түрде қатысты. Президенттік реформаны талқылауға ел азаматтарының бел­сенді қатысуы азаматтық қоғамның да­муын, мемлекет өмірінің маңызды мәселелері бойынша қоғамдағы келісім мен ауызбіршілікті көрсетті. Біз Парламент пала­таларының бірлескен отырысындағы Конс­титуцияға өзгерістер енгізу туралы заң жобасының қызу талқыланғанына куә бол­дық. Бүгінгі күн еліміздің тарихындағы маңызды сәт болып қалатыны сөзсіз. Елба­сымыз Конституциялық Кеңестің оң қоры­тындысынан кейін Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Конституциялық заңға қол қойды. Конституциялық реформалар, бірін­шіден, Тәуелсіздіктің негіздерін нығай­туға; екіншіден, демократияны әрі қарай ілгерілетуге; үшіншіден, қуатты құқықтық мемлекет құруды жалғастыруға бағытталған. Осы мақсатта мемлекеттік билік орган­дарының арасындағы өкілеттіктер қайта бөлініп, адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау механизмдері, сот жүйесі мен прокуратура органдары жетілдірілді, – деді Е.Тоғжанов өзінің сө­зінде. – Ел өмірі үшін өте маңызды рефор­маларды талқылау мақсатында талай мәрте жиындар өткіздік. Реформаға кел­ті­рілген өзгерістердің маңыздылығы мен өзектілігіне тоқталдық. Азаматтардың ой-пікірін біліп, ұсыныстарын жан-жақты зер­делеп, ортаға салдық. Осы орайда, мем­лекеттік маңызы бар ұсынылған жаңа рефор­маны талқылауға қатысып, ойларын ашық білдіруіне қарап, зиялы қауым өкілдері ғана емес, еліміздің әрбір азама­тының ел болашағына бей-жай қарай алмай­тынын аңғардық. Елбасы ұсынған жаңа бастама алдағы уақытта жемісін беріп, заң шы­ғарушы билік – Парламенттің, Үкіметтің рөлі мен жауапкершілігін арттыру арқылы халқы­мыздың бірлігі мен келісімін нығай­туға бағытталған Қазақстандағы демокра­тиялық үдерістерді жалғастыруға тың серпін беретініне сеніміміз мол, – деді ҚХА Төр­аға­сының орынбасары Леонид Питоленко. Бізге берілген ақпарат бойынша, Елбасы ұсынған жаңа реформаларды талқылау барысында Ассамблеяның 400-ден аса іс-шарасы өткізілген көрінеді. Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде Ассамблея мүшелерінің, сарапшылары мен блогерлерінің, этномәдени бірлестіктер жетекшілерінің 200-ден аса пікірі жарық көрді. Жиынға қатысқан сарапшылар мен этномәдени бірлестіктердің белсенділері де өз ойларын ортаға салып, елдігімізді қуаттайтын жаңа бастама мемлекет игілігіне қызмет жасайтын маңызды қадам екенін айтты. Арман ОКТЯБРЬ, журналист АЛМАТЫ