13 Наурыз, 2017

Артықшылықтары атап көрсетілді

233 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Елімізде конституциялық реформалардың жүзеге асуы, Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның қабылдануы барша қазақстандықтардың ойы мен көңілінен шығып отыр. Осы тарихи шешімге байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған республикалық бірыңғай күн кестесіне орай Ақтөбе қаласында «Конституциялық реформаның негізгі мақсаты» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді. Ақтөбе облысы әкімдігі аппараты қоғамдық келісім мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған басқосуға ғалымдар, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың және ғылыми-сараптамалық топтың мүшелері, заңгерлер мен мемлекеттік қызметшілер қатысты. Дөңгелек үстелде алғашқы сөз алған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті экономика және құқық институты директорының орынбасары, заң ғылымының магистрі Нұргүл Өрбісінова Ата Заңға енгізілген өзгерістер уақыт талабынан туындағанын атап көрсетті. Әрі бүгінгі қазақстандық қоғамның жедел қарқынмен даму үрдісі де осындай қадамға бару қажеттігін талап еткеніне тоқталды. Президенттің қолындағы аса жауапты бірқатар өкілеттіктердің Парламент пен Үкіметке ауысуы – мемлекетіміздің өзгеге ұқсамайтын даму жолы мен моделіне ешқандай нұқсан келтіре алмайды. Мұндай жағдайда биліктің аталған тармақтарының өкілеттігі кеңейіп, рөлі арта түседі деп қорытты ол өз ойын. Сондай-ақ, Ақтөбе облысы бойынша медиа­цияны дамыту орталығының жетекшісі Сәуле Сейдахметова конституциялық реформаның бітім-болмысы мен сипатына талдаулар жасады. Халық пен биліктің арақатынасын айқындайтын басты Заң ретінде соңғы өзгерістерден кейін ел Конституциясы қасаңдықтан арылып, одан әрі ажарлана түскенін айтты. Кейінгі кезде елімізде саяси жаңғыртуларға баса мән берілуде. Оны ойдағыдай іске асыруға да конституциялық реформа берік негіз қалайды, – деп түйін жасады Сәуле Радуловна. Кездесу кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық орталық төрағасының орынбасары, философия ғылымдарының кандидаты Үмбетхан Сәрсенбин конституциялық реформаның басты мақсаты, билік тармақтарын өзара теңдестіру, ел алдындағы ауыр жүкті тең тартысу екені жөнінде ой тарқатты. Әрі ол президенттік билік вертикалы сақтала беретіні, сонымен бір мезгілде Парламенттің басқару функциясы күшейе түсетіні, экономикалық мәселелер жөніндегі міндеттер Үкіметке жүктелгені аталған реформаның басты мәні болып табылатынын жеткізді. Дөңгелек үстелге қатысушылар консти­туциялық реформаның басты мақсаты мен артықшылықтарын атап көрсетіп, оны бірауыздан қолдайтындықтарын білдірді. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы