13 Наурыз, 2017

Астана процесінің маңызы аталды

133 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстан делегациясы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Сириядағы ахуалды саяси реттеу мәселелері жөніндегі отырысына қатысты. Қауіпсіздік Кеңесінің жиынында БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнаулы елшісі Стаффан де Мистура брифинг өткізді. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері Сирия Араб Республикасының еге­мен­дігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтас­тығын қолдайтынын білдірді. Олар дағдарысты шешудің жалғыз әрі ор­нықты жолы 2012 жылдың 30 маусы­мында шығарылған, Қауіпсіздік Кеңе­сінің тиісті қарарымен және Сирия­ны қолдау халықаралық қоры­ның мәлімдемесімен мақұлданған Жене­ва коммюникесі негізіндегі сириялық­тардың өздерінің ауқымды саяси процесі деп санайды. Отырысқа қатысушылар БҰҰ ая­сында Женевада биылғы жылдың 3 нау­рызында өткен Сирияның ішкі келіс­сөздерінің үшінші раундына, Стаффан де Мистураның БҰҰ ҚК 2254 қарарына сәйкес болашақ келіссөздердің күн тәртібі туралы хабарламасына жоғары баға берді. Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері айт­қандай, Астана процесінің ая­сын­да қол жеткізілген атысты тоқтату режімінің арқасында саяси келіссөз­дер­ді жал­ғас­тыруға мүмкіндік туды. Олар Сирия дағ­дарысына қатысты тарап­тарды осы режімді толықтай сақт­ауға және БҰҰ ҚК қарары мен 2016 жыл­ғы 29 желтоқ­сандағы келісімдерге сәй­кес, елді мекен­дерге гуманитарлық кө­мек­тер жеткі­зуді қамтамасыз етуге шақыр­ды. БҰҰ арнаулы өкілі С. де Мистура Си­рия дағдарысын шешудің бейбіт жол­дарын іздеудегі Астана процесінің рөлін айрықша атап өтті. Оның пікі­рін­ше, Женева келіссөздерінің кезекті раун­дынан кейін Астананың Сирия дағ­дарысын шешу мәселесіндегі рөлі арта түседі. – Астана процесі БҰҰ аясында Си­рияда бейбітшілік архитектурасын қа­лыптастырудың ажырамас бөлігіне айналды, – деді С. де Мистура. Өз кезегінде, қазақстандық деле­гация БҰҰ делегациясы басшысының Сирия мәселелеріне қатысты дипло­матиялық күш-жігерін жоғары баға­лады. Женева келіссөздерінің арқа­сында тараптар нақты күн тәртібін қалып­тастырды, енді барлық тараптар қолда­ған саяси реформалар туралы келі­сімді жүзеге асыруға тиіс. Жуыр­да Астана мен Жене­вада өткен кезде­сулер алты жылдан бері түйіні тарқа­тылмаған Сирия дағ­да­рысын шешуге, тараптардың түсініс­тікке келуіне, өзара үнқатысулар мен келіс­сөздердің арқасында көзқарастар қайшылығын жоюға ықпал етеді деген үміт басым. Қазақстан делегациясы Сирияның бір­тұтастығын, тәуелсіздігін және егемен­дігін құрметтеу қағидаларына негіз­дел­ген Женева процесіне толық­тай қолдау танытты. Сонымен қатар, халық­аралық қоғамдастықтың терроризммен және экстремизммен күрестегі бірлігін нығайтудың маңыздылығына назар аударды. Қазақстан Президентінің 2015 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассам­блея­сының 70-сессиясының мінберінен айтылған жаһандық терроризмге қарсы коалиция құру туралы бастамасының маңыздылығы ерекше атап көрсетілді.