13 Наурыз, 2017

Кооперативтен үміт үлкен

178 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Бірақ түйінді тұстары да жоқ емес «Ауылшаруашылық коо­пе­ра­тивтері туралы» Қазақ­стан Республикасының заңы 2015 жылдың соңында қабыл­данды. Заңға сәйкес Б­атыс Қа­зақ­стан өңірінде де жаңа­дан ауылшаруашылық коо­пер­тивтерін құру және қайта ұйым­дастыру жұмысы жүргізілуде. – Қазіргі таңда облыста 130 ауылшаруашылық кооперативі құрылып, жұмыс жасауда, – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов. Жеке қорадағы малды коо­пе­ративке топтаудың басты мақсаты – мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидия мен жеңілдікті несие көмегін жет­кізу. Бұрын құрылған коо­пе­ративтер өткен жылдың өзінде 398,2 млн теңге субсидия көме­гін алып үлгерді. Оның ішін­де 342,2 млн теңге көмек ал­ған 98 кооператив тұқымдық түр­лен­діруге қатысып, аналық мал басын 17 мыңға жеткізсе, өсім­дік шаруашылығымен ай­на­лысатын «Рубеженский» АШК тыңайтқыштар мен гер­бицид­тердің құнын арзандатуға 3,1 млн теңге, сатып алынған тех­никаларға, жаңбырлатып суару жабдықтарына, көкөніс қой­масы құрылысы шығын­дары­на 53 млн теңге жәрдем алған. Бүгінде облыста мал борда­қы­лаумен айналысатын 23 ауыл­шаруашылық коопера­тиві құрылған. 259 отбасы «Ауыл шаруа­шылығын қаржы­лай қол­дау қоры» АҚ-тың об­лыс­тағы филиалы арқы­лы 3494 бас ірі қара мал са­тып алуға 682,5 млн теңге несие алды. Несие­лі болған шаруа­лар­дың ең көбі Сырым, Терек­ті, Жаңа­қала, Ақжайық аудан­дарынан екен. 2016 жылы Ақжайық ауда­нын­да «Батыс Нық» ЖШС құ­ры­лып, қуаттылығы ауысы­мы­на 50 басты құрайтын мал сою пунктін іске қосты. Мұнда 15 адам қызмет етеді. Өткен ақпан айында Тасқала ауданында «Тасқала Сүт» ЖК ауысымына 1 тонна сүт өңдейтін цех ашып, 10 адамды жұмысқа алды. Зеленов ауданының Дариян ауы­лында «Каверина» ЖК күні­не 40 тонна сүтті қайта өң­дей­тін (сары май, ірімшік, чечил­дің 8 түрі) құрал-жабдық са­тып алып, монтаж жұмысын жүр­гізуде. Кәсіпорын наурыз айын­да ашылады, мұнда жаңа­дан 40 адам жұмысқа алынбақ. Облыс орталығының маңы­нан «сүт белдеуін» құру туралы идея көптен бері айтылып келеді. Қала тұрғындарын ағар­­ған­мен қамтып отырған да негі­зі­нен қала маңындағы жеке шаруа­лар екені рас. Бүгінде облыс­та сүт бағытында 2 коо­пе­ратив құрылып, жұмыс жасау­да. Оның бірі – «Батыс Сүт» АШК Зеленов ауданында, екіншісі – «Адал» АШК Терек­ті ауданында орналасқан. Ал 2017 жыл қандай бол­мақ? Биыл облыстың тұқым­дық түрлендіруге қатысатын шаруаларына мемлекет тара­пы­­нан 2,5 млрд теңге төлеу жос­­пар­­ланып отыр екен. Шаруа­­лар 5349 асыл тұқымды мал са­тып алуы тиіс. Оның субсидия­лау сомасы 809 млн теңге мөлшерінде. Батыс Қазақстан өңірінің агросекторына 2017 жылы «КазАгро» ҰБХ» АҚ филиал­дары арқылы 8 млрд 700,0 млн теңге бюджеттік несие қарас­тырылған. Бұл өз кезегін­де ауылдық елді мекендерге несие беру арқылы халықты жұмыс­пен қамту және кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етпек. – Бағдарлама аясында 2017 жылдың 1 сәуірінен 30 жел­тоқсанға дейін 12 ауыл­шаруашылық коопера­тивін, 505 мал бордақылау ала­ңын, 1 сүт қабылдау пунктін, 8 мал сою пунктін құру, 10 рефрижератор алу және 10 мал сою пунктін жабдықтау жоспарланып отыр, – дейді Арман Кәрімұлы бізбен әңгімесінде. Мемлекет тарапынан жа­сал­­ған осындай жоспарлы шара­­лардың нәтижесінде жүйе­лі қалыпқа түскен, мем­лекет көмегін пайдаланып отыр­ған шаруашылықтар саны артып келеді. Мәселен, 2013 жылы жеке қосалқы шаруа­шы­лықтардағы ірі қара мал (229 мың) барлық тіркелген мал басының 55 пайызын құраса, 2016 жылы бұл көрсеткіш (207,4 мың) 42 пайызға төмендеген. Бұл – мемлекет тарапынан бе­ріліп отырған қолдаудың және ауыл шаруашылығы коопе­ра­тив­теріне біріктірудің нәтижесі. Дегенмен, өңірде өндірілген барлық сүттің 74,6 пайызы (170 мың тонна) және еттің 53,9 па­йызы (21,9 мың тонна) жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі болып отыр. Кооперативке бірігудің пайдасы барын көріп отырмыз. Ал мұның кемшілігі, олқы тұсы бар ма? – Кооперативке біріксе, со­йы­латын әр бас малға 20 мың теңге, құрама-жемнің әр тон­насына тағы да 20 мың тең­ге субсидия төленетіндігі ауыл­дағы ағайын үшін үлкен қол­дау. Бірақ, біздің ойымыз­ша, осындай оңтайлы бағдар­ла­мада ауылда тұратын мемл­е­кет­тік қызметшілердің мүд­десі, заңдық мәртебесі ескеріл­мей қалған сияқты, – дейді Тас­қала ауданының әкімі Санжар Әлиев. Жасыратыны жоқ, ауы­лда тұ­ратын мемлекеттік қызмет­шілердің ең кемі 80 пайызының ауласында жеке малы бар. Мәселен, мемлекеттік қызметші күні ертең қорасындағы ма­лын кооперативке өткізетін бол­са, онда ол жеке кәсіппен шұғыл­данатын, пайда табатын адам ретінде қарастырылуы мүмкін. Яғни, педагогикалық, ғылыми, шығармашылық қызметтен ғана табыс табуға болады деген «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң талаптарына қайшы келейін деп тұр. Әрине, теориялық тұрғыдан мем­лекет­тік қызметші өз малын жол­да­сының, тума-туыс­тары­ның атына тіркетуі жоққа шыға­рыл­майды. Дегенмен, ол мәсе­лені түпкілікті шешпейтіні ай­дан анық. Мысалы, бір отба­сын­да екі адам мемлекеттік қыз­мет­ші болса қайтпек керек? Әрі бұл жағдай табыс тура­лы дек­ларациямен қалай қабысады? «Сондықтан, ауылда тұра­тын мыңдаған мемлекеттік қыз­м­етшілердің атынан осы мәсе­леге орай тиісті сала бас­шы­лары ел газетінің бетінде нақты түсінік берсе екен», дейді Санжар Әлиев. Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ