13 Наурыз, 2017

Әлеуметтік жобалар жүзеге аспақ

202 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Өткен жылы өңірдегі шетелдік және отандық компаниялар арасындағы өндірістік көрсеткіштер салыстырмалы түрде алғанда қанағат тұтуға тұратындай деңгейде болыпты. Тіпті, бүгінгі әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстардың тигізіп келген салқыны мен кері әсерін есепке алғанда мұны тәуір нәтиже десе де артықтық етпейді. Ал бұл құрылымдардағы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер былтырғы деңгейден бір мысқал кем болмауы керектігі тағы да аян. Тіпті, мұның өзі жеткіліксіз. Ақтөбелік компанияларда инновация мен жаңа технологияларды енгізу, жоғары білікті мамандар даярлау және қазақстандық үлесті көтеру жөнінде жаңа бағдарламалар белгіленуі тіптен құба-құп. Осы орайда, республикамыздағы моно­қалалар құрамына кіретін Хромтау қаласында кешенді іс-шаралар шоғыры қолға алынған. Журналистік іссапар барысында мұндағы «Восход-ariel», «Ақтөбе мыс комбинаты» және «КопперТехнолоджи» ЖШС-лар биылғы жылы да өндіріс қарқынын төмендетпеуге бағыт ұстай білгеніне көз жеткізе түстік. Бұлардың бәрі де жергілікті атқарушы билік өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста қызмет атқарып келеді екен. Шынтуайтына келгенде, өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсет­кіштері бірқатар жағдайларда осындай ірі кәсіпорындардың нәтижелі қызметіне де байланысты екені кәміл. Аталған өндіріс ошақтарының бүгінгі жай-күйі туралы не деуге болады? Ашығын айтқанда, кейбір критерийлер бойынша қарастырғанда жекелеген құрылымдық бөлімшелерде өндірістік көрсеткіштердің төмендеп кеткені жасырын емес. Соның ішінде «Восход-ariel» ЖШС-да хром кенін өндіру мен хромды концентрат өндірісінде өнім көлемінің төмендеу көріністері кездескен. Сонымен бірге, тауарларды тұтынуда және қызметтер көрсетуде жергілікті құрамның мөлшері азайған. Соған қарамастан бұл компаниялар ұжымдық шарт талаптарын орындаған. Тұтастай алғанда, еңбекақыны уақытында төлеу кестесі мен мерзімі бұзылмаған. Тіпті осы аралықта орташа жалақы мөлшері «АқтөбеМыс» компаниясында 3,4 пайызға және «Коппер-Технолоджи» ЖШС-да 3,7 пайызға ұлғайған. Сонымен бірге, жұмысшыларға әлеуметтік төлемдер төлеу ісінде де біраз ілгерілеушіліктер болған. Әйтсе де, медальдың екі жағы бар дегендей, өндірістік компаниялар осы кезге дейін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін терең сезінбей келгенін қостай қою қиын-ақ. Бұған олардың мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобаларына қатыспай келгені айқын айғақ. Дегенмен, кешегі бір күндері бұл бағыттағы іс орнынан жылжып, сең қозғалып кеткені осы олқылықтың орны толғанын танытқандай. Оның жарқын мысалы, аталған компания басшылары Серік Ибатов пен Александр Сизиков Хромтау қаласында мәдениет үйі мен заманауи спорт кешенін және Ақтөбе қаласында балалар бақшасын салып беру жөнінде облыс әкімдігімен келісім жасағаны болмақ. Бұл жобалардың құрылысы жоғарыда айтылғандай, бизнестің әлеуметтік жауап­кер­шілігі аясында биылғы жылы басталмақ. Со­нымен бірге, облыс әкімдігі, кә­сіп­орын басшылары және аумақтық кәсіподақ бір­лестігі аясында қол қойылған меморандум да тең құқылы әріптестік қарым-қатынастардың жаңа қырларын қалыптастырады деп сенгіміз ке­леді. Мұнда үш жақты еңбек қатынастарын рет­теу, жұмысшы-қызметкерлер үшін әлеу­мет­тік кепілдіктерді қамтамасыз ету және ке­лі­сіл­ген іс-әрекеттер мен өзара түсіністік туралы маңызды мәселелер көрініс тапқан. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы