13 Наурыз, 2017

"Егемен Қазақстанның" арнайы жобалары таныстырылуда

329 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Астанадағы Ұлттық кітапханада "Егемен Қазақстан" жобаларын таныстыру рәсімі басталды. Шараны ашып, жүргізген "Егемен Қазақстан"  газеті Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі басылым қолға алған үш жобаның мән-мақсатын түсіндірді. "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы аясында іске асатын шаралардың алғашқысы – «Егемен Қазақстан» газетінің архивтегі барлық нөмірлерін жинақтап, беттерін түгелдей сканерлеу арқылы цифрлы нұсқаға көшіру. Бұл жұмыстар бас басылымның 100 жылдық мерейтойына орай қолға алынған болатын. Жоба аясында газеттің «Ұшқын» деген атаумен алғаш 1919 жылғы 17 желтоқсанда шыққан кезінен бастап, «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстаннан» «Егемен Қазақстанға» дейінгі нөмірлері цифрлы мұрағатқа жинақталады. "Елбасы халыққа жолдауында Цифрлы Қазақстан" жобаларын бастауды тапсырған болатын. Осы бағдарлама аясында "Егемен Қазақстанның" жүз жылдық тарихында шыққан сандарын цифрлы жүйелерге енгізуді қолға алдық. Біріншіден, бұл газеттің мұрағатын сақтауға, оны қорғауға мүмкіндік береді. Екіншіден, зерттеушілер үшін өте тиімді болады", деді Дархан Қыдырәлі. Газет нөмірлерін толықтай цифрлы форматқа көшіру келесі жылы аяқталады. Жұртшылық назарына ұсынылған жобалар жөнінде пікір білдірген жазушы, қоғам қайраткері Сұлтан Оразалин "Егеменнің" тарихы - елдің тарихы" дей келе, цифрлы форматтағы газет сандары ел тарихын зерттеушілердің жұмысын жеңілдететінін айтты. Екінші жоба «Цифрлы Қазақстан: Мәңгілік Ел мұралары» деп аталады. Оның аясында «Егеменнің» аса бай фотомұрағатында сақталған, Қазақстанның кеңес дәуіріндегі тарихын, тәуелсіздіктің маңызды сәттері мен жарқын жетістіктерін, қарапайым адамдар тұрмысын бейнелейтін суреттер, сондай-ақ Елбасының, өзге де көрнекті мемлекет, қоғам және мәдениет қайраткерлері мен атақты спортшылардың, Қазақстан қалалары мен көрікті жерлерінің сирек фотосуреттері Уикипедия онлайн-энциклопедиясы арқылы ғаламтор пайдаланушыларына ұсыныла бастады. «Әлемнің кез келген түкпірінен интернет арқылы Қазақстанды іздеген адам осы суреттерді көреді. Суреттердің ағылшын, орыс, қазақ тіліндегі түсіндірмелері болады. Біріншіден, бұл жоба арқылы аса құнды фотоматериалдарды жоғалудан сақтаймыз. Екіншіден, оларды көпшілік назарына ұсынамыз», деді басылым жетекшісі Дархан Қыдырәлі.