13 Наурыз, 2017

Құдалар қайтадан төс қағыстырды

726 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Бас жарылып, көз шықса» да қыңқ демей, жүре беретін қазағымның бүгінгі ұрпақтары ұсақталып бара жатқан сияқты. Бұлай таусыла сөйлеуімізге жергілікті  соттардың бірінде  Қылмыстық Кодекстің  109-бабы бойынша  жеке айыптау ісінің қаралуы еді.  «Е, кім сотқа жүгінбей жатыр» деуі мүмкін  оқырмандардың бірі.  Бар гәп кезінде  мыңжылдық туыстықтың белгісі  ретінде төс қағыстырып, құйрық-бауыр жескен құдалар арасындағы ерегістің  әбден ширығу шегіне жетіп,  бір-бірімен соттасуында болып  отыр.

Ауылда  тұратын жас отау иелері арасында тұтанған  кезекті айғай-шудан кейін келіншектің  шыдамы әбден таусылса  керек,  облыс орталығында тұратын ағаларына шағымданады.  Арақ ішіп алса, «батырсынып» кететін күйеуінің шойын жұдырығы бата тиген сықылды. Көз жасын көлдей етіп, телефон қоңыраулатқан  қарындасының құлын даусы шырқырай шықса, «ұрыста – тұрыс» болушы ма еді?  Ашуға ерік берген қарулы жігіттер күйеу балаларын да, арашаға түскен құдаларын да сабап тастайды. Әбден жер болған құдалардың бірі  ар-намысының аяққа тапталғанын көлденең тартып, сотқа талап-арыз түсіреді.

 Сот  кезінде қос тарап уағдаласудың орнына ескі жараның аузын қопарып, бір-бірін кінәлауға тырысады.  Текетірес ушығып бара жатқаннан кейін сот екі жақты қазақы жолмен бітістірмек ниетпен ауыл ақсақалдарының  бәтуалы билігіне жүгінеді.  «Аталы сөзге ер тоқтар» деген. Жөн сөзге құлақ асқан құдалар бір-бірін кешіріп, қайтадан төс қағыстырады.

  Бір қызығы,  ерлі-зайыптылар сол күні-ақ  татуласқан көрінеді.

Өмір  ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»  

  Солтүстік Қазақстан облысы