14 Наурыз, 2017

«Бар болу» немесе «бордай тозу» дилеммасы

1078 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Ғасырлар тоғысында 6 млн қандасымыздың санасы мен жүрегін жаулап алуымен ұлттық тарихымыздағы ерекше құбылысқа айналған Алаш қозғалысы қазақ халқының өткені мен болашағын, әлемдік үдерістегі орны мен мәртебесін жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді. Кеңестік тарихнамада Алаш тарихы әлеуметтік ілгерілеуге кесе-көлденең тұрған құбыжықтай аяусыз күйеленгеніне қоса, революцияға дейінгі отарлық өлке, оның байырғы тұрғындары – қазақтар барынша мешел қалған, социалистік революцияның арқасында ғана төл мемлекетіне қолы жеткен, ұлтқа айналған қауым ретінде зерделенгені белгілі. ­Шынтуайтына келгенде, Еділ-Жайық­тан Жетісу мен Түркістанға дейін ақ пат­ша­ның құзырына өтіп, ХХ ғасырға қа­дам басқан Ұлы дала елі Азия мен Африкадағы, Еуропа мен Америкадағы ха­лықтардың бі­реу­інен ілгері, біреуінен кейін өмір сүріп жат­қан еді. Оны таптық идео­логия өктем­ді­гімен алдындағы асын іше алмайтындай жа­мандардың қатарына жатқызу берісі – ақи­қатты бұрмалау, әрі­сі – қаскөйлік. Бірде ке­дей, бірде бай бол­ған­дар аз ба, тәйірі. Адам­зат баласының да­муы ешқашан біркелкі бол­ған емес. Бүгінде аузымен құс тістеген АҚШ-тың өзі отарлық қамытынан XVIII ғасырда арылып, тәуелсіздікке қол жеткізсе, Германия­ның бір орталыққа бағынған мемлекетке ай­налғаны ХІХ ғасырдың еншісінде. Тап сол ғасырларда Еуропа мен Азияның ұлан-ғайыр кеңістігінде үстемдік құрған Осман империясы І дүниежүзілік соғыста күйрей жеңіліп, әупіріммен жаны қалған еді. Рас, отарланған қазақ өлкесінің заманауи зауыты мен фабрикасы, темір жолы мен байланысы, университеті мен театры бол­­ған жоқ. Хат танымайтындар да, сіңірі шық­­қан кедейлер де баршылық-тын. Бірақ же­ті атасын, хандары мен батырларын, бабалар сөзі мен ән-күйін, аспан әлемі мен жер бедерін жазбай таныған, адамзатқа әл-Фа­раби мен Ясауиді, Шоқан мен Абайды берген халқымыздың интеллектуалдық әлеуеті бұрынғы ғасырлардағыдан артпаса, кеміген жоқ еді. Жаңа заманда өсіп-өр­кендеудің кілті білім мен ғылымда жат­қанын қапысыз айыра алды. Осыны байқағандықтан да Алаш көсемі Ә. Бөкейхан 1889 жылы: «Қыр халқы... ғылым-білім жайып жатқан һәм өз­дері ғылым-білімге көңіл бөлген себебінен ке­­шікпей-ақ жақсылықты біліп, еңсесін көт­е­ру­ге аяқ басар, өздерінің сүйектеріне берген ақылы-санасы болған соң, сол ... заманда бол­ған балаларымыз бізден ақылды болып, біз­дің заманымыздағы аталарымыздың қы­л­ғ­андарын көріп таңғалар я ойламай қа­ты­рар», деп жазуы әсте кездейсоқтық емес. Ең бастысы, оқу-білімді, ұлттық бі­ре­гейлікті, белсенді өмір позициясын ауыл­да қой бағудан жоғары бағалап, өр­кениет көшіне ілесудің басты шарты еке­нін қарапайым жандар да мойындады. Сол заманда Ә. Бірмұхаммедұлы деген аза­маттың: «Бисмилла деп бастағанда қол­ға алатын ең мұқтаж жұмыс – оқу... Оқу-білімнен соңғы біздің халыққа екінші мұ­қ­таж іс – ынтымақ... Сол себепті әр адамға ке­рек бай, керек ғалым, керек білгіш бол­сын, бес парыздың біріндей міндет: ша­масынан келгенше ыждаһат етіп, ха­лыққа дәулетімен болсын, білімімен бол­сын, өнерімен болсын қызмет етіп, пай­да келтіріп, халықтың қамын ойлау», деп жазуы нағыз көрегендік әрі еш­қашан өзектілігін жоймайтын сөз. Және ол қоғамдық пікірдің сапалы биік деңгейге көтерілгенін айғақтайды. Өл­ке­де­гі қайшылықты ахуал, Еуропадағы өнер­кәсіптік төңкеріс, жаратылыстану мен механика ғылымдарының жетістіктері осылай ойлауға итермеледі. Университет бі­тір­меген перзенті мазмұн-өресі бойынша жа­һан­дық деңгейде ой-пайым түйіндеуге қа­бі­летті халықтың азаттықты аңсамауы, әлем­дік додадан тыс қалуы мүмкін емес қой. Қалай десек те, сауда-саттықпен, діни қа­жеттілікпен, оқу қуумен, тағдырдың жа­зуы­мен әр жердің дәмін татқан қазақтар таяу-алыс елдердің тіршілігінен хабардар болды. «Біз» және «олар» несімен ерек­ше­ленетінін айыра алды. ХХ ғасырға қа­рай өлкеге шетел капиталы келді. Әлем ди­дарын қазақтың тануы тереңдей түсті. Мә­селен, 1904 жылы құрылған «Спасск кен рудаларының акционерлік қоғамы» бас­қ­ар­масына төрт ағылшын және төрт француз кірді, ал қоғамның акцияларын Американың, Германияның, Швецияның, Испанияның және басқа капиталистік елдердің іскер ауқаттылары ұстады. Қолы жеткен қазақтар «әмірқан (американ) етік» киді, «болыскей (польский) кереуетте» жатты. Қысқасы, әлем қазақты қалай білсе, қазақ та әлем дидарын солай біле алды. Міне, осы үрдісті қоғамдық-саяси, ғы­лыми ой елегінен өткізуді барынша терең­деткен, оған танымдық-қолданбалық сипат беруді жаңа белеске шығарған күш алаш­тықтар екені сөзсіз. 1913 жылғы 5-са­нында «Қазақ» газеті былай жазған екен: «Бүгін Еуропада болып жатқан уақиға ертең Азияда болуға ықтимал. Жер жүзінде тіршілік етіп тұрған адамдар, болып жатқан уақиға, істеліп жатқан жұ­мыс, жұмсалып жатқан қулық, сұмдық бә­рінен де хабардар болмақ керек. Неге де­сең, дүниедегі адамдардың пайда, зарары матасулы». «Матасулы» әлемнің ұлтына берері мен сын-қатерін бағалау, халқын азаттыққа алып шығудың мақсат-міндеттерін тарқата тал­дау миссиясы Алаштың пешенесіне жа­зылыпты. ХІХ ғасырдың аяғында бас­тал­ған бұл миссия күні бүгінге дейін жал­ғ­асып келеді. Оның тарихын адами-эли­талық капитал және идеялар тағдыры өлшемімен үш дәуірге жіктеуге болады. Біріншісі – алаштықтардың көзі ті­рі­­сіндегі дәуір. 1937-1938 жылдарғы «Үл­кен террорға» дейінгі аралықты алып жа­тыр. Бір ұрпақтың ғұмырынан да қыс­қа мерзім ішінде тындырған істеріне – әліп­пені жазғаннан Қазақстан шекарасын анықтағанға дейін – баға жетпейді. Екін­шісі – Алаш қайраткерлері ақталғанға дейін­гі дәуір. 1990 жылға барып тіреледі. Ке­ңестік билік Алаш есімі мен ісін санадан өші­ру­ге қанша тырысқанымен, мақсатына жете алмады. Үшіншісі – Алаш идеялары қай­та оралған дәуір. Ол тәуелсіздікпен кел­ді, «Мәңгілік Ел» идеясымен бірге жасаса береді. Ал ұйымдық-практикалық өлшеммен қарайтын болсақ, Алаш қозғалысының дәуір­лері, біздің ойымызша мынадай: бірін­ші – Абай мақтаған толық та кемел жандардан құралған Алаштың «ояну» дәуірі. 1905 жылы Қарқаралы петициясын түзу­мен аяқталды; екіншісі – Алаштың қазақты «оят­­қан» дәуірі. 1916 жылғы көтеріліске дей­ін созылды; үшінші – халықты қорғау жә­не Қазақ мемлекеттілігін қалпына кел­тіру үшін күрес дәуірі. 1919 жылы Алаш Орда та­ра­тылғанша жалғасты; төр­тін­ші – Алаш­тың ұйымдық тұрғыдан тал­қан­далған дәуірі. Ф.И. Голощекиннің Қазақстанға келуімен аяқ­талды. Мұндағы «ояну» мен «оятудың» мәні – отарлық езгідегі халқының халі ауыр­ла­ғанын, болашағы бұлыңғыр тарт­қа­нын интел­лектуалдық ой-санамен ұғынған әлеу­меттік топтың қалыптасқаны әрі солардың сан-алуан іс-әрекетімен қалың бұқараның азаттық жолына түсуі. «Оян, қазақ!» – ХХ ғасырдың басындағы ұлттық идея­мыз. Қазақтың оянғанын 1916 жылғы көтеріліс паш етті. Көтерілісшілер әр өңірде хандықтар құра бастады. 1917 жыл­ғы Ақпан революциясынан кейін Ресей империясының ыдырауы басталды. Осы­ның бәрі Алаш қозғалысының түпкі мақ­сатын – Қазақ мемлекеттілігін қалпына кел­тіру миссиясын атқаруды тездетті. Бұл орайда таразының екі басын тең ұстаудың ма­ңызы зор болды. Бірі – әлемдік тәжір­и­бе­ні теориялық біліммен ұштастыру. Мем­ле­кет, оның сипаты мен құрылысы туралы Макиавеллидің, Руссоның, Сперанскийдің, Лениннің, Вебердің, т.б. еңбектерімен Алаш көсемдері таныс болғанына өз басым күмәнданбаймын. Екіншісі – Қазақ мем­ле­кеті мен билігін халыққа қызмет ететін нысанда түзу. Әлемнің дамуындағы түпкі мақ­сатты адамзаттың азаттықты іздеуі деп біл­ген ғой Гегель. Ендеше, Алаш авто­но­мия­­сы – алаштықтар дәйектеген екінші ұлт­тық идеямыз. Бірақ Ресейдегі билікті қол­ға алған большевиктердің теориясы мен практикасы алаштықтар идеясымен үндесуі еш мүмкін емес еді. Қара күшке сүйенген Сталин, оның қолшоқпары Ф.И. Голощекин Алаш қозғалысын талқандады. Ұлтының азаттығын көздеген алаш­тық­тар қолдан келген мүмкіндіктің бәрін кә­де­ге жаратты. М.Дулатовтың 1909 жы­лы жарық көрген «Оян, қазақ!» өлеңдер жи­на­ғы жаңа толқынның Манифесі деу­ге лайық. Әсіресе, қазақты оятқан дәуір­де «көзі, құлағы һәм тілі» болған «Қазақ» газеті оқыған жанды ақпаратпен, білім нәрімен сусындатты. Ұлы далаға жаһанның жаңалығын, қуанышы мен ренішін, тұлғалары мен қарапайым жанда­ры­ның қам-қарекетін жеткізуде жасындай жарқылдады. «Сыртқы хабарлар» ай­да­рымен Түркия мен Балқандағы соғыс ба­рысы, Қытайдағы қазақтар тағдыры, Түркияның, Болгарияның, Сербияның, Грекияның, Черногорияның қысқаша тарихы, Жапонияның саясаты, Францияның, Австралияның, Англияның, Германияның ха­лықаралық қатынастардағы ұста­нымы, ауған мұсылмандарының отан­сүй­гіш­тігі, Қытайдың АҚШ-пен, Жа­пония­мен, Моңғолиямен байланысы, Англия­да­ғы, Германиядағы, Франциядағы, Швей­цариядағы, Жапониядағы кі­тап шығару ісі, Австралиядағы қой шаруа­шы­лығы, Польшаның азаттық үшін кү­ре­сі, үнділердің ағылшындарға на­ра­зы­лығы, т.б. іргелі оқиғалар баяны оқыр­мандарға үздіксіз жеткізіліп жатты. Ниеті Түркия жағында екенін бірде ашық, бірде ыммен білдіре алды. Алыстағы Американы қазақтың жатсынбағанын 1913 жылғы ақпан айындағы газет мақаласы куәландырады. «Оқу-жазу білмеген адамды Қоспа Америка жүмһүриетінің топырағынан қуарға деген законға жүм­һүр­иет бастығы Тафт қол қойыпты. Қазақтан барушы болса Америкаға кіре алмай­ды екен деп қорыққанынан бұл хабарды жазып тұрғанымыз жоқ. Жазу білмеген адам дүниеде тұруға лайықты емес екенін білдіру үшін жазамыз», делінген онда. Алаш қозғалысы Ұлы дала топы­ра­ғында бой көтерді. Артына жалтақтамай, қиырға көз жіберді. Алайда, оның бүкіл тарихы Күлтегін, Алтын Орда ғасы­р­ларынан үзілмеген импе­риялық өршілдікті де, Еуропалық ағар­ту­шы­лықты да, XVIII ғасырдан бергі отарлық езгі­ні де бойына жинағанын байқай аламыз. Алашқа тән қоғамдық-саяси ой-сана Батыс ойшылдары мен өркениетінің биі­гіне көтерілгеніне педагогикадан, меди­ци­надан, тарих пен әдебиеттен, ауыл ша­руа­шылығы ғылымдарынан жазған ең­бек­тері мен идеялары, Ә.Бөкейханның Ф.А.Брокгауз бен И.А.Ефрон шығарған эн­цик­лопедияда редакциялық алқаға кір­ге­ні, Барлыбек Сыртановтың 1911 жылы жаз­ған «Қазақ елінің уставы» айғақ-дә­лел. Бүгінгі ұғыммен айтсақ, устав Қазақ елінің Россиямен доминиондық қа­рым-қа­тынаста болуын дәйектейді, пар­ла­мен­т­тік-президенттік билікті, адам құ­қы­ғын сақ­тауды конституциялық дең­гейге кө­те­руді қажетсінеді, жерге жеке­мен­шікті қа­­былдамайды. Империялық өрші­л­дік­тің асқар шыңы – Алаш партиясы бағ­дар­ламасының жобасы еді. Бодандықта жүргеніне мойымаған авторлар алдымен бүкіл Ресейдің, содан кейін қазақ өлкесінің жайын қозғайды: І-бапта Ресейдің таяу арадағы мемлекет қалпын болжаса, ІІ-бапта Қазақстанның болашағы сөз болып, Ресей республикасының федерациялық субъектісі мәртебесін алатыны жарияланған. Федерация құрамынан шығу мүмкіндігі қарастырылған. Бағдарламада екі ғасыр бойы қалып­тас­қан буржуазиялық ұстанымдар мен құн­дылықтар көрініс тапқан. «Негізгі құ­қық­тар», «Дін ісі», «Билік һәм сот», «Ел қорғау», «Салық», т.б. баптардың қа­ғидаларын бас­қаша ұғыну мүмкін емес. Демек, Алаш же­тек­шілері дамудың еуропалық жолын таң­дап, жаһандық бәсекеге қабілеттілік биігінен көрінуге қол созды. Егер олар заманауи білім алмаса, әлемдік тәжірибе мен практикадан хабарсыз өмір кешсе, ең ауыры – айтқан сөзді ұғатын әлеуметтік ортасы болмаса, қоғамдық-саяси ойдың ұлттық шеңберінде шектелуі бек мүмкін еді. Өресіз жанды масондықтар, әр жылдары Ресейді билеген Керенский мен Ленин маңына жақындатпайды ғой. Алаштықтардың еңбегін Париж бен Лондонда, Берлин мен АҚШ-та зерттемес еді. Ал отарлық езгі ықпалы неден көрінеді десек, ол бодандықты қабылдаумен келген «дерттерді» – ұлт теңдігі, әйел мәселесі, білім беру жайы, Мемлекеттік Думаға қазақтан депутат сайлауды қалпына кел­тіру, переселендерге кеткен жерді қай­та­ру тәрізді талаптарды күн тәртібіне қой­ғанынан менмұндалап тұр. Бұл – отар ел­дердің бәрінің басынан өткен тағдыр. Алаш қозғалысының дүниеге келген мерзімі қазақ қоғамы мен әлемдік тарих толқынының ажырағысыз байланысын айғақтайды. Сәл шегініс жасасақ, ХІХ ғасырдың 20-жылдарында-ақ отар халықтар тәуелсіздікке жетіп, мем­ле­кетін құра алатынын С.Боливар бас­қар­ған Венесуэла, Перу, Боливия рес­пуб­ликаларының шаңырақ көтеруі алға тартты. Ал ХХ ғасыр басында отар және жарты­лай отар елдерде ұлт-азаттық қозғалысы ба­рынша қанат жая бастаған еді. Оны «Азияның оянуы» деп айшықтайтынымыз бар. Ақиқатында қалың қатпарлы тарихы бар Азия да, Ұлы дала да ешқашан меңі­реу ұйқыға кеткен емес. Бұлар жат қо­лына қарағандықтан, бар болу немесе бордай тозу дилеммасына жеткендіктен шешуші күресті бастады. Оның бірнеше ұқсас әрі мәнді белгілері бар: біріншіден, қозғалыстың басында интеллектуалдық қа­рымы зор, халықаралық танымалдыққа ие зия­лылар қауымы тұрды. Ұлттық азаттық идея­сына бірден келе қалмаса да, ұлтының азат­тығын төл мемлекетін құрудан бөле-жа­ра қарамағандары ақиқат. Екіншіден, қойған талаптары ке­шен­ді әрі жан-жақты (саяси, ғылы­ми, идео­логиялық, әлеуметтік ...) дәй­ек­тел­­гендіктен әрқайсы туған халқының кө­кей­кесті қажеттілігін дәл бейнеледі. Елі, жері бөлек болғанмен бұл талаптар отар елдерге өте жақын, қисынды еді. Мәселен, Қытайдағы мәнжу билігін құлат­қан, ұлт-азаттық күресін биік белес­ке кө­те­р­ген Сунь Ятсен (Ә. Бөкейханмен түй­дей құрдас, екеуі де 1866 жылы дү­ние­ге келген) отарлаушыға қарсы үш ұста­ным­ды – ұлтжандылық, халық билігі, ха­­лық тұрмысы – басшылыққа алды. Ал Үндістан­ның тәу­ел­­сіздігі үшін күрескен М. Ганди күш қол­дан­бау идеологиясын тү­­зіп, ұлт-азаттық күре­сін­де халықтар бір­лі­гіне айрықша мән берді. Дұрыс табылған идея­лар тарихты өзгертті. Осылардың басым бөлігі Алаш қоз­ға­лы­сында да орын алғаны белгілі. Айталық, Азия­ның оянуындағы, азаттық күресіндегі ұқ­састық алаштықтар 1905 жылы ресми билік иесі Петерборға жолдаған Қар­қа­ралы петициясында ап-анық сыртқа шық­ты. Бұл құжаттың мазмұны мен мәнін М.Әуезов былайша ашқан еді: «Петициядағы аталған үлкен сөздері – бірінші, жер мәсе­ле­сі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, пере­се­лендерді жібермеуді сұраған, екінші, қазақ жұртына земство беруді сұраған, үшін­ші, отаршылардан орыс қылмақ сая­сатынан құтылу үшін ол күннің құралы бар­лық мұсылман жұр­тының қосылуында қа­зақ жұртын муфтиге қаратуды сұраған. Петициядағы тілек қылған ірі мәселелер осы. Ол күндегі ой ойлаған қазақ баласының дертті мәселелері осылар болғандықтан, Ахаңдар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан. Көпшіліктің оянуына себепші болған». Басқа өңірлерде де петициялар қабылданды. Бұл арнайы зерттеуге лайық құбылыс. Үшіншіден, бұрын-соңды беймәлім болып келген, бірақ саяси жаңғыруға ауадай қажет күш – партиялар дүниеге келді. Сунь Ятсен негізін қалаған Гоминьдан партиясы 1912 жылы құрылса, М. Ганди Үндістан Ұлттық конгресі партиясының тізгінін 1915 жылы өз қолына алды. Алаш партиясының рәсімделгені 1917 жылы болғанымен, партия құруға талпыныс 1905 жылы басталған еді. Соңғы зерттеулердегі мәлімет бойынша, Алаш партиясының жұмысына тартыл­ған мүше саны 1000 адамның шамасында екен. Төртіншіден, ғасырлар тоғысында әлем­ді аузына қаратқан Еуропадан да тыныштық кете бастаған болатын. Антанта мен үштік одақ арасындағы әлем­ді қайта бөлуге талас соғыс қаупін жа­қын­дата берді. Ақыры ол қазақ жастарын тылдағы жұмысқа жегуге соқтырды. Көп ұзамай Романовтар әулеті тақтан тайды. 1917 жылғы маусымда Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы жа­рия­лаған үндеуде дүбірлі дү­ние­­ге араласу­дан басқа жол жоқ екені анық ай­тылды. «Бір мемлекетке бағынған біздің қазақ сияқты іргелі жұрт жасырынып жүріп күн көре алмайды. Енді бұрынғы қате ізді баспалық, үлгілі жолға түселік, мынау ұлы дүбірге қосылалық, тиісті бәйгемізден құр қалмалық, жұрт болалық. Егер, қазақ, мұны істемесек, кейінгі нәсіл-нәсіптің көз жасына қалғаның...», делінген онда. Алаш қозғалысы әлемдік тарих ба­ры­сы мен заңдылықтарына табиғи кірі­гіп тұрғанына және бір айғақ-дәлел – Ә. Бөкей­хан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы бас­та­ған жұлдызды топтың жал­пы­адам­затт­ық жә­не ұлттық құндылықтарды теңдей қас­терл­е­ге­ні. Бұлардың еңбектерінде бес құрлық тұл­ғалары, ойшылдары, мәдениеті, ғылымы, тарихы қылаудай алалаусыз ұлықталған. Бірде-бір ұлттың атына ғайбат сөз айтылмайды. Өзгені өзіндей көру, үздіктен үйренуге шақыру зая кетпеді. Сондықтан да шығар, эмиграцияға кеткендері (М. Шоқай, А.З. Валиди) демократиялық ортаға кіре қалса, барған жерінің кетігін тауып, кірпіш болып қаланды, саяси-шығармашылық қызметтерін жалғастыра берді, танымалдығы артпаса, бір мысқал төмендеген жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, алаш тәрбиесі мен мектебінен өткен жас буынның үздік, дүлдүл өкілдері (М. Әуезов, Қ. Сәтбаев, Ә. Марғұлан) тоталитарлық қыспақтың өзінде ұлт ұстаздары нұсқаған бағыт-бағдарларын жоғалтпай, әлемдік интеллектуалдық қазынаға олжа салғаны объективті заңдылық. Азаттықты аңсаған алаштықтар Қазақстан­ды қуатты мемлекетке ай­нал­ды­­­рудың жолдары мен мүм­кін­­діктерін қа­­перден шығармады. Жа­по­ниядай, Гер­ма­ниядай, Еуропадай бо­луды армандады. Ал­дыңғы қатардағы ел­дер­дің табыстары мен артықшылықтарын қыз­ғанышсыз құп­тай білді, әлсіздеріне қол көмегі болмаса да, тіл көмегін беруден аянбады. Дамудың эволюциялық жолын құптаған Алаш ұлт-азаттық қозғалысы сол заманғы ең табысты Батыс өркениеті мен үлгісін қазақ өміріне сәйкестендіруге, бейімдеуге басымдық бер­ді. Әрине, батысшылдық қазақтың бол­мыс-бітімін бұзуға әкеледі деген ойы да болған жоқ. Халықтың жасампаз қабілетіне сенді. «Ал, алаштың азаматтары! – деді А.Байтұрсынұлы – Ақсақ қойдай басқадан кейін қалғанымыз ба? Жоқ, қалмас амалын іздеп қамданамыз ба? Қалмаймыз десең, қарап жатпалық. Көп істе көп болып жабылайық! Саңлаулы, саналы халық азаматтары көмек етіп, күш қосып демер деген үміт зор». Алаш көшбасшылары халқын әлемдік додаға кіргізуге, сол арқылы жаһанның дидарын, Ұлы даланың көркін нұрландыруға жол көрсетті. Қозғалыстың тарихында кем­ші­лік пен кінәрат орын алған жоқ деген ойдан аулақпыз. Кейде ауызбіршілік жетпей жатты. Оған материалдық-қаржылық қиыншылықтар қосылды. Мемлекеттің жа­рияланбай, үкіметтің құрылғаны сыртқы байланысты әртараптандыруға септеспеді. Дегенмен, Елбасымыз Н.Назарбаев айт­қандай, «Қазақ зиялыларының жеке ба­сы­ның қасіретімен қатар, өрілген қыз­ме­ті өзінің бірегей құбылыс ретіндегі тұ­жы­рымды деңгейімен ғана емес, азаттық һәм адамгершілік деңгейімен де осы заманмен үндес». Ханкелді Әбжанов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі