Қазақстан • 14 Наурыз, 2017

Ел газеті іргелі жобаларды жүзеге асыра бастады

725 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Ел газеті іргелі жобаларды жүзеге асыра бастады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына биылғы жолдауында Үкіметке «Ци­фр­­лы Қазақстан» бағдарламасын дай­­ын­дауды тапсырғаны белгілі. «Еге­мен Қазақстан» газеті Ақпа­рат және коммуникациялар министр­лі­гінің қолдауымен Елбасы тапсырма­сына қатысты бірнеше маңызды жо­баны қолға алған болатын. Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада осы орайда бірқатар жоба жұртшылық назарына ұсынылды.

«Өткен жылы «Егемен Қазақ­стан» басылымы жаңа формат­та шы­ға бастаса, биыл ұлыстың ұлы кү­­нінде цифрлы қызмет көрсету бой­ын­ша үш бірдей маңызды жоба­ны таныстырмақпыз», деді басылым басшысы Дархан Қыдырәлі. Жо­ба­лардың алғашқысы – «Егемен Қазақстан» газетінің жүз жылдық та­ри­хындағы барлық нөмірлерін ска­нерлеу арқылы түгелдей цифр­лы нұсқаға көшіру. Газеттің «Ұш­қын» деген атаумен алғаш 1919 жыл­ғы 17 желтоқсанда шық­қан ке­зінен бастап, «Еңбек туы», «Ең­­бек­шіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Со­­ци­алды Қазақстан», «Со­циа­­лис­тік Қазақстан», «Егемен Қазақс­тан­ға» дейінгі нөмірлері ци­фр­лы мұ­ра­ғатқа жинақталады. Бұл жұмыс Ал­матыдағы Ұлттық кітап­ха­намен бір­ле­се жасалып жатыр. Бү­гін­ге дейін га­зеттің 1940 жылға дей­інгі сандары ска­нерден толықтай өтіп болды. «Егемен Қазақстанның» архив­те­гі қағаз нұсқасын электронды фор­мат­қа көшіру біріншіден, аса құнды мұ­рағатты сақтауға мүм­кін­дік берсе, екін­шіден, газетті жә­не газет арқылы Қазақстан тарихын зерттеушілер үшін аса тиімді бол­мақ. Мұрағатты то­лықтай цифрлы фор­матқа көшіру ке­лесі жылы аяқ­талады.

 Екінші жоба – «Цифрлы Қазақстан: Мәңгілік Ел мұралары» деп аталады. «Егемен Қазақстан» фото­мұрағатында Қазақстанның өт­кен ғасырдағы және жаңа дәуір­де­гі тұрмысын, тәуелсіздіктің ма­­ңыз­ды сәттерін бейнелейтін су­рет­­тер сақталған. Сонымен қа­тар, Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың, мемлекет, қоғам жә­­не мә­де­ниет қайраткерлерінің, атақ­ты спорт­шылардың, Қазақстан қа­ла­ла­ры мен көрікті жерлерінің си­рек фото­суреттері бар. Wikibilim қо­ры­мен бірлескен екінші жоба не­гі­зінде бұл суреттерді Уикипедия он­лайн-энциклопедиясы арқылы жұ­­рт­­шылық назарына ұсыну басталды. Бұл да аса құнды фотоматериалдар­ды жоғалудан сақтайды және сирек су­реттер арқылы Қазақстанның бір­неше ондаған жылдар бұрынғы өмі­рі­не көз салуға мүмкіндік бе­ре­ді. Ол ма­териалдарға «Егемен Қазақстан­­ның» авторлық құқығы то­лығымен сақталады.

 Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Сингапурдың негізін қалаушы Ли Куан Ю-дің кездесуі, 1991 жыл, 19 қыркүйек (Wikimedia Commons сайтына қойылған сурет)[/caption] «Бүкіл дүние жүзіндегі мә­тін­де­р­дің, фото, бейне­ма­те­риал­дардың ер­кін айналымын қамтамасыз ететін ең үлкен репозитарий Wikimedia Commons деп аталады. Әлемнің кез келген жерінен Қазақстанға қатысты ақпарат, фотоматериал іздеген адам­дар­дың ең бірінші кіретін жері осы. Бұл жүйе заңды түрде кез келген ма­териалды тауып алып, авторлық құ­қықты сақтай отырып, заңды түр­де қолдануға мүмкіндік береді. Сон­дықтан, осы ұсынысты қолдап, «Егемен Қазақстанды» жаңарту бағ­дарламасының бір бөлігі ретінде қол­ға алған газет басшысына рахмет ай­тамыз», деді Wikibilim қорының басшысы Рауан Кенжеханұлы.

Наурыз мейрамы қарсаңында «Егемен Қазақстан» газетінің жаңа сайты іске қосылады. Бұл – басылымның үшін­ші жобасы. Өткен жылдың орта­сынан бері газеттің интернеттегі нұсқасын жетілдіру жолында біраз жұмыс жасалды. Интернет-редакция дербес басылым ретінде өзі дайындайтын сапалы ақпараттарды көбейтуге басымдық берді. Ол мақалалардың кей­бірі отыз мыңға дейін оқылып, оқыр­мандар арасында үлкен резонанс туғызды. Қазақстандық сайттардың жалпы рейтингінде egemen.kz өт­кен жылдың бірінші жартысында 140-орында тұрса, қазір алғашқы 50-ге кі­реді. Ал қазақтілді интернет басылымдар арасында алғашқы бестікте. Сонымен қатар, төте жазу нұсқасын жетілдіру арқасында шетелдегі оқыр­ман­дар саны көбейді.

Бауыржан Момышұлы мен Әлкей Марғұлан жазушылар съезінде (Wikimedia Commons сайтына қойылған сурет)[/caption] Басылымның жаңа интернет-нұс­қасының техникалық ерек­ше­ліктерін газет қызметкері, SEO-инженер Ербол Серікбай таныстырды. Жаңа сайт­та 2005 жылдан бергі материал­дар бір жүйеге топтастырылады. «Егемен Қазақстан» жаңа сайтта заманауи журналистиканың жетіс­тік­те­рін кеңінен пайдалануды мақсат етті. Соған сәйкес, жаңа нұсқадағы ин­тер­нет-басылымда аудио және бейне материалдарға көбірек орын бе­рі­леді. Газет шо­лу­шы­ларының ма­қа­лаларын енді тың­дау­ға және жүк­теп алуға мүмкіндік болады. Жаңа порталдың ерекше атап айтуға тұрарлық ерекшелігі, онда «Егемен Қазақстан» газеті мен Ұлттық бірыңғай тестілеу ор­талығының бірлескен жобасы негі­зін­де оқу орнына түскісі келетін тү­лектер дайындық тестерін онлайн тап­сыра алады.

Таныстыру кезінде айтылған та­ғы бір жаңалық – «Егемен Қазақстан» газетінің жүз жылдық та­­ри­хындағы мақалалардың он томдық кітапқа жинақталатыны. Он томдық жобасына қатысушылардың бірі, профессор Намазалы Омашев зерттеу жұмыстарын жасай жүріп «Егемен Қазақстанның» архивін үш рет қарап шыққанын айтты. «Ол нөмірлер төрт жерде сақ­тау­лы. Біраз беттері жоғалған, қиыл­ған. Ал енді сол архив электронды форматқа көшірілсе немесе ол архив он томдық кітап болып шық­са, зерттеушілер үшін баға жетпес сыйлық болғалы тұр. Өйткені, «Егемен Қазақстанның» архиві өте бай. Оның бір бөлігі төте жазу нұс­қа­сын­да, оларды кириллицаға кө­шіру қа­жет», деді Намазалы Омаш­ұлы. Жинақтың алғашқы алты томы ке­лесі жылы шығады, ал «Егемен Қазақстанның» 100 жылдығына қарай он томдық толықтай оқырман назарына ұсынылмақ. Тұсаукесерге келген меймандар «Егемен Қазақстан» қолға алған жо­балардың маңызы туралы пікір біл­дірді.

Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым: Жобалардың бәрі ірі жаңалықтар екенін, өте маңызды, аса қажет шаруалардың жасалып жатқанын көріп отырмын. Біз жаңалықтан кейін қалмауымыз керек. Бүгінде газеттің мазмұны да жақсарды мақалалары қазір тез оқылады, газеттің өзі де қолға ұстауға ыңғайлы болды. «Егемен Қазақстан» қазір қолдан түспейтін газетке айналды.

Әділ Ахметов, ғалым, «Егемен Қазақстанның» тұрақты авторы: Бүгін «Егеменнің» жаңа деңгейге көтерілген сәтін көріп отырмыз. Қазір еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін компьютерде жұмыс істейді. Көп нәрсені компьютер арқылы оқиды. Президенттің биылғы Жолдауында «Цифрлы Қазақстан» туралы айтылды. Міне, «Егемен» жоғары деңгейден көрініп, маңызды шараны іске асырып үлгерді. Аймақтағы жұрт газетті жаздырып алса, орта­лық­тағы оқырмандар көбіне дүңгіршектен сатып алады. Бірақ «Егемен Қазақстанды» дүңгіршектерден табу қиын болғандықтан, жұрт баспаханадан іздейтін. Қазір күнделікті таңертең компьютерді қоссаңыз, газеттің pdf-нұсқасы келіп тұрады. Газетте саясатты, экономиканы, мәдениетті терең талдайтын мақалалар көбейді. Бүгінде «Егеменнің» қам­ты­майтын саласы жоқ деуге болады. Өте жақ­сы оқы­ла­тын газетке айналды. Газет әлемдік басы­лым­дар­дың же­тістіктерін үлгі етіп отыр. Мысалы, Financial Times га­зетінде ең өзекті мақалалар бірден көрініп тұрады. Қазіргі «Егеменде» де солай. Сирек фотоларға қатысты жобалар да маңызды. Фотошежіре дегеніміз – тарих. Фото да сөйлейді. Сондай құнды суреттерді цифрлап жұртшылыққа ұсыну үлкен жетістік деп ойлаймын. «Егемен Қазақстанның» оқырманы қазір де көп, оған сұраныс бұдан кейін де артады деп сенемін.

Сұлтан Оразалин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Бүгінгі үш жобаның біреуі – бүкіл «Егеменнің» тарихы. Ал «Егеменнің» тарихы – елдің тарихы. Мен Ұлттық кітапханадан газеттің 1928 жыл мен 1968 жыл аралығындағы тігінділерін қарап шыққан едім. Онда өте маңызды мақалалар бар. Олардың сіз­дер шығарғалы отырған он томға кіруі, цифрлы үлгіде жариялануы – қазақ тарих ғылымы үшін ірі оқиға. Өйткені, зерттеуге қажет материалдарды мұрағатта шаң жұтпай, үйде отырып-ақ қарауға болады. Ал қазіргі «Егеменді» қарап отырып бүгінгі тарихымызды білеміз, келешегімізді бағамдай аламыз. Мәңгілік елдің айнасы болатын газет – осы.

Қайрат Сақ, Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы: Журналистика елдің тарихын жазады. «Егемен Қазақстанның» жүз жылғы тарихындағы материал­дарды жоғалудан, көмескіленуден сақтау – баға жетпес еңбек. Және бұл біздің журналистика фа­ку­ль­теті үшін де аса маңызды. Сту­дент­тер бұл жоба арқылы қазақ жур­нал­ис­ти­касының тарихымен кеңінен таны­сады, бірнеше ондаған жылдар бұрын жазылған мақалаларды талдайды, олар арқылы тарихымыздың маңызды кезеңдерін тереңірек біледі.

Ержан ӘБДІРАМАН,

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ,

"Егемен Қазақстан"