14 Наурыз, 2017

Құдалар қайтадан төс қағыстырды

491 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
«Бас жарылып, көз шық­са» да қыңқ демей, жүре бе­ретін қазағымның бүгінгі ұр­пақтары ұсақталып бара жат­қан сияқты. Бұлай тау­сыла сөйлеуімізге жер­гі­лік­ті соттардың бірінде Қыл­­мыс­тық кодекстің 109-бабы бойынша жеке айыптау ісі­нің қаралуы еді. «Е, кім сот­қа жүгінбей жатыр» деуі мүм­кін оқырмандардың бірі. Бар гәп кезінде мыңжылдық туыстықтың белгісі ретінде төс қағыстырып, құйрық-ба-у­ы­р жескен құдалар ара­сын­дағы ерегістің әбден ширығу шегіне жетіп, бір-бі­рі­мен соттасуында болып отыр. Ауылда тұратын жас отау иелері арасында тұтанған кезекті айғай-шудан кейін келіншектің шыдамы әбден таусылса керек, облыс орталығында тұратын аға­ларына шағымданады. Арақ ішіп алса, «батырсынып» кететін күйеуінің шойын жұдырығы бата тиген сықылды. Көз жасын көлдей етіп, телефон қоңыраулатқан қарындасының құлын даусы шырқырай шықса, «ұрыста – тұрыс» болушы ма еді? Ашуға ерік берген қарулы жігіттер күйеу бала­ларын да, арашаға түскен құ­да­ларын да сабап тастайды. Әбден жер болған құдалардың бірі ар-намы­сының аяққа тап­талғанын көлденең тартып, сотқа талап-арыз түсіреді. Сот кезінде қос тарап уағда­ласудың орнына ескі жара­ның аузын қопарып, бір-бірін кінәлауға тырысады. Текетірес ушығып бара жатқаннан кейін сот екі жақты қазақы жолмен бітістірмек ниетпен ауыл ақ­са­қалдарының бәтуалы би­лігіне жүгінеді. «Аталы сөзге ер тоқтар» деген. Жөн сөзге құлақ асқан құдалар бір-бірін кешіріп, қайтадан төс қағыстырады. Бір қызығы, ерлі-зайып­тылар сол күні-ақ татуласқан көрінеді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы