14 Наурыз, 2017

Құрылыс индустриясының қажетін кім қамтамасыз етеді?

223 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Республикамыздағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп келе жатқан өңірлердің бірі – Ақтөбе. Мұнда өткен жылы құрылыс саласына салынған инвестицияның көлемі 200 миллиард теңгеден асып түскені осы пікіріміздің басты бір дәлелі. Ал биылғы жылы облыста кем дегенде 250 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылады деп күтілуде. Медальдың екі жағы бар дегендей, саладағы мұндай ауқымды істер ең біріншіден орасан мол әрі сан алуан құрылыс материалдарын қажет ететіні де ақиқат. Бұл өз кезегінде қуатты құрылыс индустриясын құру қажеттігін туғызады. Осы арада өңірдегі құрылыс мате­риал­д­арын шығаратын кәсіпорындар тап­сы­рыс берушілердің сұранысын қанша­лық­ты деңгейде өтеп жүр деген сауал туын­дайды. Жергілікті өнім мөлшері қандай көлемде? Міне, осы басы ашық сауалға толық­қанды жауап берілгенде ғана ай­мақ­тағы құрылыс индустриясының қау­қары жөніндегі әңгімені одан әрі жалғас­тыру­ға болатын шығар. Алдын ала жа­сал­ған есептер мен талдаулар өңір кем деген­де құ­рылыс материалдарымен өзін жет­піс па­йызға қамтамасыз ете алатынын көрсетеді. Әйтсе де осы мүмкіндік толықтай пай­­д­а­л­а­­нылып жүр деп айтуға ауыз бара бер­­мей­­ді. Мұның басты сырын өңірдегі бір­қат­ар жергілікті құзыретті мемлекеттік ор­ган­дардың құрылыс кәсіпорындарымен қоян-қолтық, тікелей жұмыс жүргізіп отыр­мағанынан іздегеніміз жөн секілді. Ай­­мақ­­тағы құрылыс материалдарын шы­ға­­ра­­тын кәсіпорындардың жүктемесі 30-40 пайыздың төңірегінде болып жүр­ге­нінің бір сыры осында жатпасына кім кепіл? Со­ның салдарынан құрылыс ком­па­ния­лары өз­де­рі­не қажетті материал­дардың біраз бө­­лі­­г­ін шетелдерден сатып алып келу­ге мәж­­­бүр. Мұның өзі қосымша шы­ғын екені бе­­л­гілі. Оның үстіне бұл жайт құрылыс ба­­ға­­сының өзіндік құны жо­ға­рылауына әсе­­рін тигізбей тұра алмайды. Ақ­төбе об­л­ыс­­тық индустриялық-иннова­ция­лық даму басқармасының басшысы Ерлан Назар­овтың айтуынша, шет ел­ден тасы­мал­дан­ған тауарлар Ресейден, Қы­тай­дан, Гер­ма­ния­дан, Польшадан және Белорус­сия­дан жет­кі­зілген. Жасалған талд­ау­лар сырт­тан әкелі­не­тін құрылыс тауар­лары­ның тең жар­тысы қашықтығы екі мың шақы­рым ай­маққа орналасқан Еуразиялық эконо­мика­лық одаққа мүше елдерден келгенін айғақтайды. Әрине, ықпалдастыққа түскен мемле­кет­тер арасындағы тауар алмасулар­дың мұндай түрін еш айыптауға болмайды. Бұл геосаяси тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге геоэкономикалық тұрғыдан да қажет­ті іс болып шығады. Бұл арада гәп басқада. Гәп – дәл сондай материалдарды шығаратын мүмкіндік және күш пен әлеует өзімізде бола тұра, оны өзгелерден жоғары бағаға сатып алып, жеткізуімізде. Ендеше, облыста сырттан келетін құрылыс материалдарын азайтудың, тіпті өз уақыты келгенде тоқтата қою­дың жолдары қандай болмақ? Бірін­шіден, өңірдегі бүгінгі құрылыс индус­трия­сы әлеуеті аса бір қуатты болмаса да, сон­шама қауқарсыз емес екенін де ба­сын ашып айтқан жөн. Сөзіміз жалаң болмас үшін бұған бірер мысал кел­тіре кет­кеніміз артықтық ете қоймас. Айта­лық, өткен жылы өңірде құрылыс мате­риал­дары өндірісінің көлемі 20 мил­лиард теңгені құраған. Қажетті құры­лыс материалдарының жетпіс пайы­зы жер­гілік­ті құрылыс индустриясы өнім­дері­нің есебінен жабылған. Аз ба, көп пе біл­­мей­міз, дегенмен, мұның өзі қанағат тұтуға тұратындай көрсеткіш екені талассыз. Сөз жоқ, қанағатшылдық жақсы қа­сиет. Дегенмен, қоғамдық өмір, соның ішін­­де құрылыс саласы бір орында тұр­май­­тынын ескерсек, бүгінгі жетістік ер­теңге өлшем бола алмайтынына ерік­сіз келісуге тура келеді. Бұдан шыға­тын түйін біреу-ақ. Бұл құрылыс индус­трия­­сына жаңа қарқын туғызу. Ақтөбе облыс­тық құрылыс, сәулет және қала құры­лысы басқармасының басшысы Серік Төленбергеновтің газет тілшісіне мәлім­дегеніндей, оны одан әрі өркендету және табысты жүргізу үшін өңірде мол мүм­­кін­діктер бар. Өйткені, аймақ аума­ғын­да салаға қажетті шикізаттар да, қаз­ба бай­лықтары да жеткілікті. Бір сөз­бен айт­қанда, түрлі құрылыс материалдарын, оның ішінде кірпіш түрлерін, қиыршық тастар мен құмның сан алуан түрін өндіретін кәсіпорындар да жетерлік. Мәселе мұнда емес, мәселе солардың өндіретін өніміне нақты есеп жетісе бермейді деп тұжырым жасауға болады. Сондықтан, құрылыс кәсіпорындары толық қуатында жұмыс істеуі қажеттілігі ешқандай талас туғызбайды. Ақтөбедегі құрылыс индустриясының өнімдері алдағы жылдарда аймақтағы құрылыс саласын толық қамтамасыз ете ала ма? Бұған күмән келтіру қиын-ақ. Тіпті, олар таяудағы жылдарда қажетті құрылыс материалдарымен өздерін қамтамасыз етіп қана қоймай, артылғанын сыртқы рынокқа шығаруы да әбден мүмкін. Қайтіп, қалай? Өйткені, қазір облыста жергілікті материалды мүмкіндігінше мол пайдалану, қазақстандық үлесті көбейту және импорттық тауарларды біртіндеп ығыстырып шығару жөнінде кең көлемді әрі кешенді бағдарлама жасалған. Мұндағы іс басында жүрген азаматтар жергілікті құрылыс материалын пайдалануды жалаң мақсат деп есептемейді. Басты мақсат оны сапалы шығару болып отыр. Рас, бұған дейінгі тәжірибеде бірқатар жергілікті материалдардың сапасыз шығарылу көріністері де кездесті. Мұндай жағымсыз жайт құрылыс­тың сапасына теріс әсерін тигізбей қоймай­ды. Облыста сырттан келетін құрылыс тауар­ларын азайту мәселелері тек бір бағдар­лама көлемімен ғана шектелмей­ді. Сон­дай-ақ, бұл үшін өңірде бүгінгі күні әлемдегі жетекші өндірісшілердің қаты­суымен жаңа зауыттар ашу қарас­тырылуда. Сонымен бірге, қазіргі кезде құрылыста қолданылып жүрген импорт­тық тауарларды түгелге дерлік көлемде жабу мақсатында бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделген. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы