14 Наурыз, 2017

Әртараптандыру ауылдың әлеуетін арттырады

189 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Өңірдегі Қашыр ауда­нына барып келдік. Мол астық өсіретін, ауылдары малға толы, көкөніс-жеміс­тері де, картобы, күн­бағысы, тәтті балы да жет­кілікті, тұрмыс-тір­ші­ліктері ауқатты, әлеует­ті аудан саналады. Ал Елбасы биылғы Жол­дауын­да «Аграрлық сектор эко­но­ми­каның жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агро­өнеркәсіп кешенінің бола­шағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қа­тысты. «Made in Kazakhstan» брен­ді сондай өнімдердің эта­лоны болуға тиіс» деп атап өтті. – Енді инвестициялық жоба­лар­дың есебінен суармалы ал­қап­тардың аумағын ұлғайтуды жос­парлап отырмыз. Елбасы суар­малы егіс алаңын 5 жыл ішін­де 40 пайызға кеңейтіп, 2 мил­лион гектарға жеткізу, ауыл шаруа­шылығын әртараптандыру жай­лы Жолдауында айтты. Қазір аудандағы бірқатар шаруа қо­жа­лықтары суармалы егіс ал­қап­тарының көлемін 130-140 гек­тарға жеткізбекші. Ауданда суармалы егістіктер аумағын 5500 гектарға дейін жеткізетін болсақ, бұл кеңестік кезеңдегі көлемге сай келеді, – деді аудан әкімі Жанат Шұғаев. Екінші бір нәтиже, аудан ор­та­лығы Тереңкөлде жас маман­­дарға арналған 16 пәтерлі жатақ­хана пайдалануға беріліпті. Тұр­ғын үй бағдарламасы шең­берінде 24 пәтерлі төрт тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. – Біз құрылысы бірінші жар­ты­­жылдықта аяқталатын ор­та­лы­қтандырылған жылу және су жүйесі бар 4 пәтерлі бір тұр­­­­ғын үй мен екі пәтерлі бес же­ке үйді сатып алуды жоспар­лап отыр­­мыз, – деді аудан бас­шы­сы. – Сонымен бірге, тірек ауылдарда бюджеттік сала қыз­меткерлері үшін екі пәтерлі үш үйдің құрылысын жүргізетін мер­ді­герлер анықталды. Был­тыр аудан­ға келген 65 жас ма­ман­ның 35-і көтерме қолдау жеңіл­дік­терін алыпты. Аудан­ның 2017 жыл­ға арналған даму бюджеті 1,1 млрд теңгені құрайды. Осы қара­жат­тың есебінен 9 жоба жүзеге аспақ. Аудан шаруашылықтары­­­ның көмегімен ауылдардағы 25 кө­ше­ге асфальт төселіп, жол­дар жөн­деуден өтті. Аудан ор­та­­­лы­­­ғын­да 2 шағын футбол ала­­ңы, бірнеше шағын ойын алаң­­дары жасал­ды. Аудан орталығында Дене шынықтыру, сауықтыру кешені салынады. Қызылдау ауылының клуб үйін осы ауылдық аумақ аума­ғын­дағы бірқатар шаруа қожалық­тарының басшылары 5 миллион теңгедей қаражат жұмсап, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Мұндай игі іске бірқатар шаруа қожалықтары бірлесіп, 22 мил­лион теңгедей қаржы бөліп, үлес қосты. – Былтыр 30 мың тонна кар­топ жинап алдық. Игорь Щер­бак басқаратын шаруа қо­жа­­­лығы картоптың әр гек­тары­­нан 45 тоннаға дейін өнім ал­ды. Иелігінде 600 гектар суар­ма­лы алқап бар болса, оның 160 гектарына картоптың крахмалы аз, голландиялық эли­талы «гала» тұқымын егеді. Тамшылатып суару кешенін іске қосты. Шаруа­шылық орна­лас­қан Бобровка ауылында сыйым­дылығы 6,5 мың тонналық көкөніс сақтау қой­­ма­сын салды. Мол өнім алуға суар­­ма­лы ал­қап­тарды іске қосу және за­ма­науи ауылшаруашы­лық тех­­ни­­­каларды пайдалану арқылы жеттік, – дейді Жанат Шұғаев. Шаруа қожалықтары суармалы алқаптар аумағын жыл сайын арттырып келеді. Жергілікті тұр­ғындарға жұмыс бар. Қазір қой­ма картопқа, көкөніске толып тұр. Қойманың басты ерекшелігі – мұнда өнім сақтау түгелдей компьютермен басқарылады. Екін­ш­іден, жоғарыда айтқаны­мыздай, картоп өсірушілер осын­дай рекордтық көрсеткішке суар­малы алқаптарды тиімді дамыту, өнім өсірудегі жаңашылдықтар арқылы қол жеткізді. Аудан әкімінің айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын нысандардың саны 1342 бірлікті құраса, 1770 адам шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысады екен. Жалпы, аудан бойынша ауылшаруашылық өндірісімен 12 кәсіпорын, 207 шаруа және фермерлік қожа­лық­тар, 6858 жеке шаруалар айналысады. Аудан әкімі Жанат Шұғаевпен болған әңгімеден ауданда ауыл­шаруашылық өнімдерін өнді­ретін кооперативтер құры­лып жатқанын білдік. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы, Қашыр ауданы