14 Наурыз, 2017

Бұл – мемлекеттік қызметтің абыройын асыратын қадам

275 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Билікке деген сенім мемлекеттік қыз­мет­шіден басталады. Отыз дамыған елдің құрамына енуге кепілдік беретін «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының алғашқы 15 қадамы мемлекеттік қызметті саннан сапаға қарай кәсібилендіруге арналуы да заңды құбылыс. Себебі, өз ісін жетік білетін, мамандығына адал мемлекет­тік қызметшілер елге қызмет етпейінше, өркениетті елдердің қатарына қосыла алмаймыз. Мемлекеттік қызметшілерді кешен­ді аттестаттаудан өткізу науқаны – мем­ле­кеттік қызметке ең лайықты адам­дар­ды іріктеп, олардың абыройын, білік­тілігін, еңбегін ескеретін жүйені қалыптастыратын «елге қыз­мет ету» қағидасының жүзеге асуы­ның айғағы. Менің өзім ұзақ жыл бойы мем­лекеттік қызметте жұмыс ат­қар­­дым. Сол үшін бақыттымын. Бірақ, қазір­гі қол­даныстағы «Қазақстан Респуб­ли­ка­­сының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңын­да көрсетілгендей, ешқашан мем­лекет­тік қызметшінің әлеуетін көтеру үшін мұндай жағдай жасалған емес. Күні кешеге дейін біз мансаптық өсу, меритократия деген сөздерді білмеппіз. Жаңадан басшы келсе, ұжымның біраз бөлігі ауысатын. Осыдан болар, мемлекеттің емес, мекеме басшысының көңілін табумен әлек болатынбыз. Ал, қазіргі саясатта іскер мамандарды мансаптық өсіруге аса мән берілген. Сондықтан, өмірін мемлекеттік қыз­мет­пен байланыстырғысы келген та­лантты жастар үшін алаңсыз жұмыс істейтін уақыт туды. Ендігі жағдай­да, мемлекеттік қызметшілердің қабі­летіне қарай өсу мүмкіндігі бар. Сондық­тан, бұрынғымен салыстырғанда мемле­кеттік қызметте кадрлардың орнығуы әлдеқайда өсті. Несін жасырайық, қанша жерден жұмысымыздың алғыр маманы болсақ та, заңның әрбір бабын есте сақтау қиын. Оның үстіне, уақытпен санаспайтын жұмыс режімі ол заңдарды қайталап тұруға мұрша бермейді де. Тек тікелей жұмысқа қатысты нормативтермен шектелеміз. Сондықтан, алдыңғы жылдары аттестаттау жақындай бастағанда, біз осы қиындықтан шығу үшін төте жолдарды іздей бастайтынбыз. Ал қазіргі жағдайда өтіп жатқан аттестаттау сыбайлас жемқорлықтың қан­дай да болсын тәуекеліне мүмкіндік бермейді. Қазіргі таңда мемлекеттік қыз­мет­­шілер заман талабына орай жеке тұл­ғалық сипатын анықтауда бастама­шылдық, шешім қабылдау, жылдамдық, жауапкершілік, серіктестік, қызметті тұтынушыға бағ­дар­лану, қызметті тұтынушыны хабарландыру сияқты 11 құзыретті анықтауға арналған тестілеуден өтіп жатыр. Олар келесі кезекте арнайы аттестаттау комиссиясы алдында кәсібилігіне байланысты әңгімелесуден өтеді. Аттестаттау комиссиясына тиісті меке­менің басшыларынан басқа, мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлес­тіктер мен үкіметтік емес ұйымдар­дың, БАҚ-тардың өкілдері қатысуы да қуантарлық жайт. Бұл кезең ашықтық, жариялылық, әділдік қағидаттарын сақтау мақсатында аудио және бейнекамералармен сүйемелденеді. Осылай­ша жан-жақты қарастырылып, пысықтал­ған аттестаттау науқаны ел сенімін­дегі азаматтардың іскерлік келбетін сомдайды деп сенемін. Сондықтан да мемлекеттік қызметшінің жұмысын объективті бағалауға бағытталған бұл жүйені қолдаймын. Кезінде Аристотель: «Халыққа қыз­мет етіп, жақсылық жасау үшін ғалам­­ды төңкеріп, бай болып немесе күллі адамды басқарып, патша болу міндетті емес. Тек халыққа адал қыз­мет ету керек», депті. Шынында да, еліміз­дің ертеңі – бүгінгі мемлекеттік қыз­мет­шілердің адами және кәсіби құнды­лық­тарына, елжандылығына байланысты. Абдулла АХМЕТОВ, Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры ШЫМКЕНТ