14 Наурыз, 2017

Жоба қашан жүзеге асады?

185 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Менің айтайын дегенім, мына көрші Қытаймен шекаралас орналасқан Достық бекетіндегі жағдай. Ашығын айтсақ, темір жол үстінен жылма-жыл салынуы шегеріліп келе жатқан жолаушылар өтетін көпір мәселесі болып тұр. Темір жол үстінен өтетін көпір­дің қашан салынатын­дығы – көпшілік көкейінде жүрген сауал. Көпір жайлы біраз ұсы­ны­стар көтеріліп, қазіргі ауыл әкімі мен бұрынғы бекет бас­шы­­сы тиісті орындарға, яғни, «Қазақ­­стан темір жолы» Ұлт­тық ком­паниясы» акционерлік қо­ға­мы­ның магистралдық желі дирек­циясының филиалына өтініш жолдаған еді. Алайда, көпір салуға тікелей қатысы бар аталған мекеме сырғытпа жауаптан өзге сыңай таныт­пай отыр. Ал жауапта аталған магистралды желі дирекциясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары былай депті: «Жобалаушы жобалық-іздес­тіру жұмыстарын жалғастыру үстінде. Жобалық-сметалық құ­жат­­тама 2014 жылы дайын бол­­ған жағдайда, 2015 жылы Дос­тық стансасында жаяу жүргін­ші­лер көпі­рін салу жоспарла­нып отырғандығын хабарлаймыз». Сол жауап­тан соң да үш жылға тая­ды. Әлі күнге өлі тыныштық. Бекеттің оң қатарын­дағы бой көтерген екі, үш қабатты тұрғын үйлер мен онда қо­ныс­танған отбасылар саны да артып келеді. Ересектер­дің жұ­мыс­­қа, балалардың мектепке жетуі мұң болып тұр. Олар амал­сыз ере­­же­­лер­ді бұзып, қатар-қатар тұрған вагондардың астынан өтуге мәжбүр. Темір жолдың сол жағында мекемелер мен тұрғын үйлер тізіліп тұрса, оң жағы халық­ара­лық автомагистральмен шекте­седі. Сол себепті бұл көпірді автокөлік жолынан асыра салса дұрыс болар еді. Халық қамын ойласақ, үзбей жел соғатын Дос­тық­тағы жоспарланған көпірдің үстін жазғы ыстық пен қысқы ызғар­лы аязға төтеп беретіндей жа­бық қылып, көз тартар сәулет­пен әдіптесе тіптен дұрыс. Жоғары­да айтылған жобаның жолы ашылса деген көп тілеуі – осы. Мұны мәселе етіп көтеріп отырғанымызбен, бұл істің ілгері басатынына күдіктене де қараймыз. Өйткені, аудан орталығынан шығатын 170 шақырым жолдың Достыққа дейінгі 80 шақырымнан астамына ширек ғасыр бойы бірде-бір рет жөндеу жүргізілмеген. Тіпті, алдында осы бас басылым­ға Мәдениет сарайы мен спорт кешені туралы жазылғанымен, ол ғи­ма­раттардың әлі күнге қазығы қағыл­мауы да осыны меңзейді. Бұқаралық спорт пен мәде­ниет­ке жете мән беру керектігін Ел­ба­сы­мыз жеріне жеткізе айтқан бо­ла­тын. Келешек ұрпақ өсіп келе жат­қан шекаралық аймақта бұл шаруа да кенжелеп отыр. Қор­далан­ған мәселелер қомақ­ты. Соның түйінін шешіп, түбегей­лі өзге­ріс­терге қол жеткізу әкім­дер ал­дын­дағы абыройлы міндет болса игі. Сейіт ОМАРОВ, ауыл тұрғыны Алматы облысы