14 Наурыз, 2017

Мүгедек мұңы

311 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Осыдан алты жыл бұрын көлігі бұзылып, ақырған аязды ақпанда далада қалып, екі аяқтың тізеден төмен бөлігінен және қолдарының жеті саусағынан айырылған Алексей Руденконың дәрігерлерден көңілі қалғаны соншалық, айтарға сөзі, атарға оғы жоқ. Мүгедек жан мұңыма ешкім құлақ асар емес деп налиды. Айтуынша, тиісті құжаттарды уақтылы ресімдемеу кесірінен мүгедектігі үшін тиесілі 46 мың теңге жәрдемақы қолына тимей қалған. Оған учаскелік дәрігерді кінәлайді. Бір ай бойы жалғыз табыс көзімнен қағылдым. Мұндай жауапсыз адамдарды қызметтен қуу керек, дейді онсыз да қабағы қатулы кембағал жан ашуға бой алдырып. Мейрамханалардың бірінде қоймашы болып істеген ол ғаріптікке ұшырағаннан кейін әйелі кетіп қалыпты. Жалғыз ұлы да қарайласпайтын көрінеді. Оны бұлардың қылығы емес, жергілікті шенеуніктердің өмірдің ауыр тауқыметін тартқан кембағалдардың тағдырына деген немкетті көзқарасы ашындыратын тәрізді. «Аяқ-қолым енді өсіп шықпайды ғой. Олай болса, мені дәрігерлік тексеруден өткізіп, қайта-қайта сандалтқанша өмірлік мүгедектікке неге шығармайды», деп шырылдаған дауысы сай-сүйекті сырқыратқанмен, облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау, көші-қон департаменті басшысының орынбасары Жанар Нұрбек аталған жайтты заңнама шеңберінде қарастыратынын айтады. – 62 жастағы азаматтың жағдайымен жақсы таныспыз. Оның мүшкіл халі бізді де бейжай қалдыра алмайды. Қолымыздан келгенше жәрдемдесіп жатырмыз. 2011 жылы аяғына ота жасалып, бірінші топтағы мүгедектік берілген. 2012 жылы екінші топқа өмірлік мүгедектік алды. Осыдан екі жыл бұрын бірінші топтағы мүгедекке ауыстырылды. Бұл талаптар медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындылары бойынша жүзеге асырылды. Анатомиялық кемістіктер туралы ережеден ауытқуға еш қақымыз жоқ, – дейді басқарма басшысы. Дәрігерлердің шешімімен Алексейге былтыр аяғына ота жасатуға кеңес берілген. Алайда, ол одан да, әлеуметтік қызметкер көмегінен де бас тартып отыр. Талабы – өмірлік мүгедектікке көшіру. Оны белгілеудің өз тәртібі бар екенін, науқас белгілі уақыт аралығында динамикалық бақылауға алынатынын түсінгісі келмейді. Содан кейін ғана медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысы бойынша өмірлік мүгедектікті беру-бермеу, не басқа топқа ауыстыру мәселесі қаралып, шешім қабылданады. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы