Иә, бұған дейін хабарлағанымыздай бүгінгі күні Орал өңірінің тұрғындары төтенше жағдай ахуалын бастарынан кешуде. Жайықтың бойын жайлаған қалың елдің күндіз-түні ұйқы көрмей жүргеніне де он күнге таяды. Қазір республиканың Төтенше жағдайлар, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктеріне қарасты құрылымдардың барлық күш-жігері мен техникалық мүмкіндіктері тасқын суды ауыздықтауға, оған тосқауыл қоюға бағытталған.
Әйтеуір, көңілге медеу тұтарлық жәйт Жайық өзеніндегі жеті метрден асып түскен су деңгейі кеше күндізгі сағат екідегі мәлімет бойынша отыз үш сантиметрге төмендеді. Бұл деректің өзі алда күтілген зардабы зор қауіптің сәл де болса сейілгенін көрсетеді. Сондай-ақ Ресейдегі Саратов облысы Дарғаш ауданы аумағынан бастау алған көктемгі жойқын жайылма су Қараөзен арқылы Жалпақтал ауылына қауіп төндірді. Казталов ауданы жұртшылығы онымен он күн арпалысып тасқын суды Қарасу ауылы бағытына қарай бұра алды.
Ал дәл бүгінгі күні облыстағы ең қауіпті нүкте Ақжайық ауданындағы Алғабас, Қарағай және Бесоба ауылдары болып отыр. Аталған елді мекендер жан-жақтан қоршаған жойқын тасқын судың ортасында қалды. Қауіп-қатер ошағындағы тұрғындарды құтқару жұмыстарымен Төтенше жағдайлар министрлігінің МИ-8 тікұшақтары атқаруда. Оған Төтенше жағдай вице-министрі Валерий Петров басшылық етуде. Облыстағы жер биігі Тасқала ауданында тіркелген. Бұл өңірді де су қаптағанын бұған дейін жазған едік. Су биіктен еңіске қарай ағатыны айтпаса да белгілі. Сол биігіміз – Тасқала, еңісіміз Алғабас болып тұр қазір.
Бұл аймаққа кешелі-бүгін жер қазатын, топырақ үйетін қуатты техникалардың үлкен колоннасы аттандырылды. Өйткені, жергілікті тұрғындар қолдан жасаған бөгеттерді жойқын су алды-артына қаратпай шайып кетіп жатыр. Жоғарыдан, яғни Тасқала ауданы тұсынан ағындаған су мөлшерінің азаятын түрі көрінбейді. Керісінше көбейіп барады.
Кеше облыс әкімдігінің мәжіліс залында өткен жедел кеңесте облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Арман Жалмұханбетов сот-медициналық сараптау нәтижелері бойынша суға батып көз жұмған екі ер адамның жансыз денелері «Зенит» және «Яблонка» саяжай учаскелерінен табылғанын мәлімдеді. Қайтыс болған азаматтардың екеуіне де төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері алда күтілген тасқын су аумағында қалуға мүлдем болмайтыны жөнінде алдын ала ескертулер жасаған. Әрі бұл арадан шұғыл кетулерін талап еткен. Соған қарамастан олар саяжайларынан қозғалмаған. Оның біріншісі өз мүлкін күзетіп қалу жәйтін алға тартса екіншісі саяжайдағы кептерлерін азықтандыратынын айтқан. Қазіргі күні бұл азаматтардың қаза болуының анық-қанығы одан әрі анықталып зерттелу үстінде. Бұл жөніндегі тиісті деректерді қосымша хабарлайтын боламыз, деді жергілікті ішкі істер ведомствосының басшысы.
Орал қаласы мен оның маңында тасқын су ортасында иесіз қалған үйлер мен коттедждердің және саябақтардың алды құлап та жатыр. Келген су ешқайда ақпайтын тұйық суға айналуда. Міне, осы су үйлердің терезелерінің жоғарғы жақтауларынан төмендейтін түрі көрінбейді. Бұл көріністер өңірде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайлардың күрделеніп кетуіне әкеліп соқтырып жүрмей ме? Көңілді күпті қылған осы сауалды Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің директоры Серікбай Иманқұлға қойған едік.
– Қазір өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал қалыпты деуге болады. Бүгінгі күні тасқын судың келуіне байланысты қандай да бір болмасын жұқпалы аурулар түрлері тіркелген жоқ. Дегенмен, жаз шығып келеді. Жазбен бірге шыбын-шіркейлер мен маса қаптайтынын да жақсы білеміз. Мұндай көрініс әсіресе су мол болған жылдары жиі кездеседі. Сол кезеңге де алдын ала әзірліктер жасау үстіндеміз. Дәл бүгінгі күні біз әсіресе ауыз су сапасын әр күн сайын жан-жақты тексеріп отыруға мән беріп отырмыз. Осы мақсатта аз уақыттың ішінде 300 рет өңірдің әр аймағынан сынамалар алынды. Тасқын судың зардабын шегіп баспанасыз қалған мыңдаған тұрғындар Орал қаласындағы мектептер мен арнайы бөлінген ғимараттарға орналастырылды. Оларға берілетін тамақтың сапасын санитарлық дәрігерлер жіті қадағалап отыр.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.
______________________
Суреттерді түсірген: Рафхат Халелов.