Соңғы 10 жыл ішінде еліміз экономиканы индустрияландыруды ғана емес, ақыл-ойға жүгінетін инновациялық дамуды да қолға алды. Содан бері көптеген жұмыстар атқарылып, алғашқы нәтижелер көп күттірмей қолға да тие бастады. Ал олар қандай түрде, қайда, қалай жүзеге асып жатыр деген сұраққа келсек, ойға оралатындардың бірі – Ұлттық биотехнологиялар орталығы. Oрталықты айтқан сөздері шет елдердің ғылыми баспасөзінде жиі қолданылатын, еліміздің ғана емес, әлемнің ғылым сахнасында беделі мен білімі жоғары биолог ғалым Ерлан РАМАНҚҰЛОВ басқарады. Біз орталықтың тыныс-тіршілігін білу мақсатымен ғалымды әңгімеге тарттық.
– Ерлан Мірхайдарұлы, сіз басқаратын осы орталыққа оқырмандар тарапынан қызығушылық жоғары. Оқырманға барынша қазақы жалпақ тілмен “биотехнология” терминінің мағынасын түсіндіріп берсеңіз.
– Бұл терминді шартты түрде, барынша қысқартылған түсінікпен алсақ, онда биотехнология кез келген өнімді жасап шығаруда немесе кез келген технологиялық өндірісте сапалы әрі таза өнім алу үшін тірі ағзаны қолдану үдерісі дегенді білдіреді. Мысалы, оған күнделікті тәжірибемізде бұрыннан бар үдерістерге сүттің ашуын, қышқыл сүтті өнімдердің алынуын, яғни айран, шұбат, қымыздың алынуын жатқызуға болады. Немесе ірімшік, шарап, сыраны дайындау барысы. Бұл үдерістерді адамзат бағзы заманнан қолданып келе жатқаны аян. Міне, бұл ең қарапайым биотехнология. Адамдар осыған дейін бұл үдерістердің принципін түсінбестен қолданып келген. Шарап және сыра өндірісінде қантты ашыту барысында спиртке, сүтті қышқыл өнімдерге айналдыратын бактериялар бар екендігінен бейхабар болған. Қазіргі таңда биотехнология мағынасы, әрине, оларға қарағанда әлдеқайда күрделірек. Жоғарыда келтіріп өткен мысалдардан бөлек те түрліше бағыттарда дамыған. Әрі олар өміріміздің сан-алуан бағыттарында көрініс табуда. Заманауи әлем мен дамыған экономикада бұл ұғым таза экологияның, өнімді өндіруде табиғатты, соңғы өнімді түрлі химиялық заттармен ластамайтын жолдармен алу әдістері, ауыл шаруашылығы және түрлі өндірістік үдерісте өнімді алу барысында оған химияны емес, табиғатта кездесетін табиғи өнімдерді қолданудың синонимі десек те болады. Биотехнология – болашақтың технологиясы. Оған жарқын мысал ретінде қалпына келтірілетін энергияны жатқызуға болады. Қазіргі күні жер-жаһан 95-ші бензинді қолдануға көшті. Аталмыш бензиннің 10%-ын мұнайдан алынбайтын биоэтанол құрайды. Ол ауаны ластайтын зиянды заттардан барынша таза әрі мұнай өнімдеріне тәуелділікті азайтады. Биоэтанол дегеніміз, жалпақ тілмен айтқанда, өсімдік тектес шикізаттан алынатын спирт. Өкінішке орай, бүгінгі таңда осынау спирттің басым көпшілігін құрамында қанты (мысалы, қызылша) және крахмалы жоғары өнімдер мен бидайдан алады. Бірақ қазір әлем ғалымдары бұдан бас тартуда. Өйткені тағамды отынға, жанар-жағармайға қолдану дұрыс емес. Сондықтан тез арада биоэтанолды құрамында целлюлозасы көп өнімдерден алуға ауысуда. Мысалы, оған әдетте қажетке жарамайтын, лақтырылатын сабан, ағаштардың діңі секілді материалдар жатады. Егіс далаларында бос жататын әрі өнімнің өнімділігін азайтатын сабанды немесе тағамға пайдаланылмайтын, күтімді қажет етпейтін өсімдік тектестерді, шөптерді Қазақстанның ұлан-байтақ даласында есепсіз көлемде өсіруге болады. Болашақта оларды жинап алып, бұлардан алынатын целлюлоза арқылы еліміздің жанар-жағармайға деген қажеттілігін толық жабуға болады деп ойлаймын. Таяу болашақта осылай болады да. Сондай-ақ биотехнология үдерістері діңгекті жасушалар жасап шығару үшін, ауыл шаруашылығында мал басының өнімділігін көбейту үшін қолданылады.
– Соңғы кезде жиі айтылып жүрген діңгекті жасушалар туралы кеңірек тоқталып өтсеңіз...
– Еліміздің медицина саласында діңгекті жасушалардың қолданысқа енуі соңғы жылдардағы ең үлкен жетістік болып отыр. Ұлттық биотехнологиялар орталығының ғалымдары медицина саласында қолдануға діңгекті жасушалар алу әдісін ойлап тапты. Тұңғыш рет күйіктер мен жараларды емдеу үшін адам терісінен алынған жасушалардың жаңа түрлерін әзірледі. Олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сәйкес қауіпсіз екендігіне тексеруден өткізілді, сондай-ақ Ұлттық ғылыми медицина орталығында клиникаға дейінгі сынақтардан өтті.
Әзірлеп шығарылған әдіс негізінде зақымдалған тері қабатын қалпына келтіруге арналған жасуша трансплантаттары алынады. Жақында тұңғыш рет Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығында жасанды теріні қолдануды жүзеге асырдық. Бұрын аса ауыр күйіктен адам өліп кетуі мүмкін болатын. Ал қазір теріні жамаймыз, соның нәтижесінде жараның жазылып кетуі екі есеге жылдамдайды. Бұл өте үлкен жетістік, жоғары ғылым. ҰБО мұны істей алатын тұңғыш әрі жалғыз орталық. Осы жобаны Елбасыға көрсеткенімізде, менің қолымды қысып тұрып: “Біз сіздерден нәтиже күтеміз”, деді. Яғни өзектілік бар жерде қолдау бар. Қартаюға қарсы күрес, биотехнология, өмір сапасы – біздің келешектегі іс-қимылымыз осыларға тікелей байланысты. Орталықта алғаш рет гепатиттің В және С вирусы секілді қауіпті вирустардың бірқатарын аурудың алғашқы күндерінде-ақ анықтауға мүмкіндік беретін отандық тест-жүйелер әзірлеп шығарылды, бұл әсіресе мүшелерді ауыстырып салу мен қан ауыстырып құйған кездерде, сондай-ақ жүрек аурулары кезінде тромболикалық дәрілердің мөлшерін есептеу үшін аса маңызды.
– Ауыл шаруашылығында қолданылатын биотехнология туралы не айтар едіңіз?
– Қолдан ұрықтандыру, арнайы жемдеу арқылы малдың тез қоң жинауы биотехнологияға байланысты. Яғни ол ауыл шаруашылығында кең қолданыста. Бүкіл әлем өнімділік пен сапаны арттыру мақсатында паразиттер мен түрлі зиянды құрт-құмырсқалармен күресті химиялық әдістермен емес, табиғи әдістермен жүргізуге бетбұрыс жасауда. Қазір таза биологиялық асқа жүгінетіндер саны артып келе жатыр. Бүкіл әлем соған бағыт ұстануда. Қазақстан да бұдан тыс қала алмайды. Ал органикалық таза өнім қалай жасалады? Кез келген кәсіпорын иесі менің өнімім органикалық таза деп сенімді айтуы үшін қандай кезеңдерден өтуі керек? Осы сөзді айтпас бұрын ол кемінде үш жыл бойы өз жерінде құрт-құмырсқалар мен түрлі паразиттерге қарсы пестицидтер мен химиялық тыңайтқыштарды қолданбауы тиіс. Алайда ол бұл жерді өңдеу үшін бірдеңе қолдануы керек қой? Ал ол бұл арада өнімге зиян әкелетін паразиттермен күресте биологиялық құралдар мен тыңайтқыштарды қолданады. Биологиялық тыңайтқыштар арнайы биологиялық зауыттарда жасалады. Ауыл шаруашылығындағы биотехнология дегеніңіз, міне, осы.
– Сонда қалай болғаны? Сапасы мен санын арттыруда қолданылатын химиялық тыңайтқыштардан айырмашылығы неде? Бұл оның екінші бір түрі, яғни аналогы болып шықпай ма? Мұны қалай түсіндіресіз?
– Сіз тыңайтқыштарды айтып отырсыз ба?! Немесе өнімдерге ұқсас әсер етеді дегенді меңзеп отырсыз ба?
– Иә, егер саны мен сапасын бәрібір қолдан жасайтын болса...
– Жоқ. Әрине, қолданыстан кейінгі нәтиже бірдей. Біз жерге фосфатты тыңайтқышты да, биологиялық тыңайтқышты да алатын өніміміздің өнімділігін арттыру үшін қосамыз. Осы тұрғыда олар аналог. Биологиялық тыңайтқыштың атқаратын қызметі осындай. Бірақ олардың жұмыс істеу механизмі екі басқа, мүлдем бөлек десек те болады. Биологиялық тыңайтқыш химиялық секілді жер құрамындағы фосфат көлемін көбейтпейді, кейін осы фосфат өзенге құйылып, ондағы барлық балық қырылып, балдыр басып кетпейді. Ол басқаша жүзеге асырылады. Біздің тыңайтқыштарымызда арнайы симбионтты бактериялар өмір сүреді. Олар өскінге азотты химиялық қосылулар арқылы берудің орнына оны ауадан сіңіруге көмектеседі. Қорыта айтсақ, атқаратын функциялары бойынша аналог, ал жұмыс істеу механизмі бойынша аналог емес. Биотехнология сөзі таза ас, экологиялық таза өнім ұғымын білдіреді. Ол ереже бойынша түрлі салалардағы таза өнімдердің, ол мейлі өндіріс болсын немесе ауыл шаруашылығы болсын, медицинада табиғи таза өнімнің, табиғи заттың кепілі.
– Осы орайда ҰБО-да қызмет ететін мамандар жөнінде айта кетсеңіз.
– Мұнда 380-нен астам жоғары білікті мамандар қызмет атқарады, олардың ішінде 12 доктор және 64 ғылым кандидаты, 2 PhD докторы, 12 профессор және 1 ҰҒА академигі бар. Тағы бір ерекшелік – біздегі қызметкерлердің орта жасы 30-дан аспайды. Мұнда Лондон университеті колледжі, Джон Хопкинс университеті, Ноттингем университеті, Колорадо мемлекеттік университеті сияқты басқа да шетелдік және отандық жетекші жоғары оқу орындарының түлектері жұмыс істейді. Орталық жанынан “Биотехнология. Теория және тәжірибе” ғылыми журналы шығады, онда қазіргі заманғы биотехнологияның проблемалары бойынша отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері жарияланады. Қызметімізде ғылыми медициналық биотехнологияға үлкен үміт артудамыз. Осы сала бойынша жетістіктеріміз қазірдің өзінде аз емес. Ауыл шаруашылығына төл өсімі жоғары асыл тұқымды малдар әкелінді, міне, соларды тексеру керек. Екінші жағынан бізге өсімдік өсіру мониторингін жүйелі қадағалап отыру керек. Бұл біздің негізгі міндетіміз. Былайша айтқанда, сапасы мен санын арттыруда жүйелі еңбек ету үстіндеміз.
– Ұлттық биотехнологиялар орталығының ашылуынан бастап қызмет істеп келесіз бе?
– Жоғарыда орталық 1993 жылы ұйымдастырылған дедік қой. Мен бұл ұжымда 2005 жылдан бастап еңбек етіп келемін. Яғни, биотехнология орталығын басқарғаныма алты жылдан асты. Мен басқарған жылдар ішінде орталық аяғына нық тұрып, адам танымастай өзгерді деп сеніммен айта аламын. Оған осы жылдар ішінде “құс тұмауына”, “доңыз тұмауына” қарсы вакциналар жасап шығарғанымыз айқын дәлел. Олар қазір медицина және ветеринария салаларында қолданысқа енгізілген. “Құс тұмауына” қарсы шығарған вакцинаның еліміздің қажеттілігін толық қамтамасыз етіп келе жатқанына, міне, үш жыл болды. Тұңғыш рет медициналық вакцина жасап шығардық. Бұрын-соңды елімізде осы вакциналар мүлдем шығарылмаған-тұғын. Нәтижесінде Қазақстан әлемде “доңыз тұмауына” қарсы өз вакцинасын жасап шығарған 6-шы ел болып отыр. Бұның барлығы еліміздің инновациялық өндірісті жолға қойғандығының нәтижесі.
– Ауыл шаруашылығында, сондай-ақ тағы басқа қандай салаларда жарқын жобалар бар?
– Жарқын жобалар қатарында атап көрсетер жобалардан кенде емеспіз. Қолайсыз климат жағдайларына және түрлі ауруларға төзімді келетін бидайдың түсімі жоғары жаңа 5 сорты жасап шығарылды. Бірнеше күріш сортын енгіздік. Қызылорда облысында жиі өсірілетін күріштің Бақанас және Мәдина сорттары биотехнология орталығында жасап шығарылды. Олар өндіріске 2008 жылы енгізілді. Мамандарымыз диагностика жасаудың жаңа әдістерін жасап, оны енгізу үстінде. Қазақстанда қатерлі ісік ауруларына, мысалы, тұқым қуалайтын ауруларға бейімділік ерте анықталмайтыны үлкен мәселе болып тұр. Кейде тіпті анықталмайды, болмаса кеш анықталады. Орталық осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында ерте диагностика жасау әдістерін енгізуде. Батыста ерте диагностика жасау нәтижесінде әйелдердің қатерлі кеуде ісігінен емделуі 95 %-ды құрайды. Ал бұл көрсеткіш елімізде 40%-ақ! Келісіңіз, айырмашылық жер мен көктей ғой. Айтқым келгені, ерте диагностика бұл кез келген аурудың алдын алады, емнің нәтижелі болуына үлкен септігін тигізеді. Осы орайда діңгекті жасушалар – біздің үлкен жетістігіміз. Қазір біршама жаңа ғылыми жұмыстар жүргізілуде, осыларды жүзеге асырсақ жақын арада жоғары нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенімдімін. Жуырда Республикалық медициналық жедел жәрдем ғылыми орталығында бірінші рет елімізде бауырды ауыстыру операциясы жасалды. Бауырды алмастырып салу барысында донор мен оны қабылдаушы, яғни рецепиенттің сәйкес келуі өте маңызды. Бұрын алдын-ала жасалатын осы талдаманы елімізде жасамайтын. Ең жақсы дегеннің өзінде Ресейде жасайтын. Қазір біз жүргізген жұмыстардың нәтижесінде осы талдаманы жасай алатын болдық.
– Талдама бұқара халыққа қолжетімді ме?
– Біз осыған дейін мұндай анализді тегін жасап келдік. Неге дейсіз бе? Өйткені бізде медициналық қызмет жүргізуге арнайы лицензия болмады. Біз қазір лицензия алуға талпынып жатырмыз, оны қалай аламыз, солай ақылы болады. Дегенмен бағалық ауқымда жаппай қолжетімді болады деп айта аламын.
Ал соңғы кезде орталық мұнаймен ластанған топырақты жарты жыл ішінде тазартып, оны толық қалпына келтіруді қамтамасыз ететін биопрепараттар арқылы таза экологиялық жолмен тазалауды жүзеге асырып жатыр. Бұл әдіс биоремедиация деп аталады. Өте тиімді әдіс. Мұнаймен ластанған үш ірі аумақты жерлерді тазалап үлгердік. Қарағанды облысы, Маңғыстау облысы және Атырау облысында 200 мың тоннадан астам топырақ тазартылды. Тазалау деңгейі 97%-ға дейін жетеді. Әйтпесе, ол жүздеген жылдар жатушы еді.
– Ұлттық биотехнологиялар орталығы үдемелі инновациялық-индустриялық даму бағдарламасын (ҮИИДБ) қатысып жатыр ма? Сіздер тарапынан жаңашыл жобалар ұсынылды ма?
– Ел өмірінің дамуында ерекше орын алатын жоба болғандықтан, бағдарламадан орталықтың тыс қала алмайтыны анық. Оның үстіне инновациялық жаңалықтар ашып, оны енгізу – біздің негізгі мақсатымыз болып табылады. ҰБО-да бірқатар жобалар ҮИИДБ шеңберінде жүзеге асуда. Біз бағдарламаға жаңа жобалар енгіздік. Бірақ қазір олар бойынша қаржы алмаймыз. Алайда сол жобалар бойынша есептеріміз кірістіріледі.
– Шетелдік ғылыми журналдарда сөзі жиі негізге алынатын, еліміздің биотехнологиясын өрге сүйреп жүрген биолог ғалым өзі туралы не айтады екен?
– Целиноградта орта мектепті алтын медальға бітірдім. Жоғары білімді Мәскеу мемлекеттік университеті, биология факультетінің молекулалық биология кафедрасында алдым. Аспирантураны КСРО Ғылым академиясында молекулалы генетика бойынша оқып, кейін PhD докторлығын АҚШ-тың Техас штатындағы Техас агротехника университетінде қорғадым. АҚШ-та 11 жыл бойы болдым. АҚШ-тың денсаулық сақтау саласында, жеке компанияда жетекші ғылыми қызметкер болып жұмыс істедім.
Мен ғалыммын және бұл менің өмірдегі атағым. Өзімді басқа салаларда елестете алмаймын. Биологияда мен “судағы балықтаймын” десем, өтірік айтқандық емес. Ұлттық биотехнология орталығының тарихын екіге бөліп қарастыра аламын. Мен басшылыққа келгенге дейінгі және одан кейінгі орталық мүлдем екі басқа. Өзімнің келуіммен көптеген жаңалықтар ашқанымды, отаныма пайда әкелгенімді білемін. Міне, осындай қанағаттанарлық сезім менің алға жылжуыма моральды түрде көмектеседі. Өйткені мен Қазақстанымның көтерілуіне қызмет етіп жатырмын. Біздің ұжым елдегі жетекші ғылымды дамытуда.
– Ерлан Мірхайдарұлы, соңғы сұрағым. Қоғамның белсенді мүшесі ретінде, ғалым-биолог ретінде сізді не толғандырады? Осыны есте ұстасақ, назарда болсыншы деген пікіріңіз бар ма?
– Еліміздің бас газеті арқылы туып отырған мүмкіндікті пайдалана отырып, жастарға үндеу жолдасам деймін. Оларды өз саласында мықты кәсіби маман болып шығуға шақырамын. Дипломды өз білімімен алуы тиіс. Жүзеге асырылып жатқан инновациялық бағдарламалар негізінде Қазақстанға жуық арада кәсіби мамандар қажеттігі туындайтын сәт пен олардың еңбекақысы жоғары төлемді болатын кез жақындап келеді. Бізге мамандар өте қажет. Бұл мәселені шешу үшін Үкімет жоғары білім беру жүйесін реформалау және Назарбаев Университеті арқылы үлкен еңбек етуде. Бұл жаңа жүйеге түбегейлі бетбұрыс екені сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ.