Қоғамымызда ардагерлердің құқын қорғап, тіршіліктегі өзекті мәселелерін шешуде әжептәуір рөл атқарып келе жатқан «Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі дейтін бірлестік бар. Ол – республикамыздың әрбір облысында, оған қоса Астана, Алматы қалаларында филиалдары жұмыс істейтін үлкен құрылым. Бүгін осы бірлестік ардагерлердің республикалық VІ съезін өткізбек. Ардагерлер үшін өте маңызды осынау жиынның қарсаңында қоғамдық бірлестіктің орталық кеңесінің төрағасы, генерал-полковник Қайырбек Сүлейменовке жолығып, бірқатар сұрақтар қойған болатынбыз.
– Қайырбек Шошанұлы, алдымен өзіңіз төрағалық етіп отырған бірлестік туралы, оның осы уақытқа дейін атқарған шаруалары туралы қысқаша баяндап өтсеңіз.
– Ардагерлер ұйымы 1987 жылы өмірге келген. Оның алғашқы басшысы Ұлы Отан соғысына қатысқан, кезінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған Шәңгерей Жәнібеков ағамыз еді. Содан кейін Сағадат Нұрмағамбетов, Мақтай Сағдиев секілді қайраткер, ардагер ағалар басқарып, бірлестіктің гүлденуіне, қоғамда маңызды рөл атқаруына белсене ықпал етті. Оның ішінде, осы бірлестікті 18 жыл басқарған Мақтай ағаның еңбегін бөліп атау керек. Өйткені, ол кісі еліміз тәуелсіздігін алған 1991 жылдан бастап 2009 жылдың қыркүйек айына дейін төрағалық етіп, тәуелсіздікті жаңадан алған алғашқы қиын жылдардың өзінде ардагерлердің өмірін жақсартуға, олардың үнін естіртуге, қоғамда белсенді болуына, үкіметтің оларға әрқашан да назар бөліп отыруына көп еңбек сіңірді. КСРО тараған алғашқы жылдарда дүкендердің сөрелері бос қалып, зейнетақы да, жалақы да кешіктірілетін сол тұсты әлі ешкім ұмыта қоймаған болар. Осы кезде, әсіресе, ардагерлердің еңсесін түсірмеу жағы мықтап ескерілді. Әрине, одан кейін ел экономикасы оңалғаны да өзімізге белгілі. Осы ширек ғасырда ардагерлер үшін талай жақсылықтар жасалды деуге болады. Оның ішінде олардың зейнетақысын көбейту, Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерін пәтермен қамтамасыз ету, жалғызбасты кісілерге материалдық қолдау көрсету мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Мәселен, өзім осы бірлестікке төрағалық еткен соңғы бір-екі жыл Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойына сәйкес келіп, ардагерлер үшін көп жақсылықтар жасалды. Тек Астана қаласының өзінде Ұлы Отан соғысына қатысқан 107 ардагерге Елбасы өз қолымен пәтер кілттерін табыстады. Жалпы, еліміздің әрбір аймағында да Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің пәтер мәселелері шешілген десек, қателеспейміз. Оған қоса жергілікті жерлерде, яғни облыстарда біздің ұсынысымыз бойынша филиалдарымыз белсенді түрде жұмыс атқарып жатыр. Соның нәтижесі болар, Қызылорда облысында жеті мың тыл ардагері коммуналдық төлемдерден босады. Ақтөбе облысында он мыңның үстіндегі тыл ардагеріне коммуналдық төлемнің елу пайызын төлейтін жағдай жасалды. Бірнеше облыста осы ардагерлерге ай сайынғы зейнетақысының үстіне 3-4 мың теңге сыйақы қосылып отырады. Бұл да болса, зейнетақыдан басқа кірісі жоқ қарттар үшін әжептәуір көмек.
Өткен жылы Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті бір отырысында Елбасы «Ардагерлер үйін» ашу туралы мәселе көтерген болатын. Көп кешікпей-ақ Қызылорда, Павлодар облыстары осы үйлерді ашты. Қостанай облысында бір ғимаратты жергілікті әкімдік «Ардагерлер үйін» жасау мақсатында жөндеуден өткізуде десем, бұл орайда басқа да облыстар қалыс қалмайтын болар деген ойдамын. Ал енді бұл үйдің мәнін айтайық. Кейбіреулер мүгедектер үйі мен қарттар үйін шатастырып жатады. Олай емес. Бұл үйде ешкім отбасымен не жалғыз өзі барып айлап, жылдап тұрып алмайды. Бұл – ардагерлер басқосып, ас-суын ішіп, дойбы, шахматын ойнап, аздап сырқаттанғанда инесін салдырып, жан рахатын табатын демалыс орны. «Ардагерлер үйінде» жаңа айтқанымыздай, спорт залы, медпункт, күндізгі стационар, тынығуға арналған арнайы бөлмелер, ардагерлер кеңсесі жұмыс істейді. Астана қаласының әкімі де ардагерлер үшін осындай үй ашуға жуырда өткен жиналыста сөз бергенін құлағымыз шалды. Зейнеттегі кісілер үшін өзіне басшылықтың назар аударуы бір ғанибет қой.
– Ардагерлер дегенде, ең алдымен Ұлы Отан соғысына қатысқан кісілер көз алдымызға келеді. Сосын тылда еңбек еткен кісілерді де ардагер деп жатамыз. Жалпы, ардагерлер дегеніміз кімдер? Елімізде қанша ардагер бар?
– Қоғамдық пікір солай қалыптасқан соң соғыс ардагерлері, еңбек ардагерлері деген тұрақты тіркестер көп қолданылатыны рас. Ал, шынтуайтында зейнеттік демалысқа шыққан кісінің бәрі ардагер. Бұл тұрғыдан алғанда, елімізде осы кезде 1 миллион 635 мың 342 ардагер бар. Оның ішінде 11 мың 445-і Ұлы Отан соғысына қатысқандар, 238,8 мыңы соғыс кезінде тылда еңбек еткендер, 4 мыңы концлагер тұтқындары, 3 мыңнан аса соғыста қаза болғандардың жесірлері, 1672-сі тың игерушілер және еңбек ардагерлері болса, қалғандарының бәрі зейнет жасындағы ардагерлер.
– Сонда әлгінде өзіңіз айтқан «Ардагерлер үйіне» кез келген зейнетке шыққан кісі бара ала ма?
– Әрине. Ол ешқандай жабық мекеме емес қой. Зейнетке шыққан кісінің бәріне де жол ашық.
– Соңғы жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан кісілер мен тылда еңбек еткен кісілердің мәртебесін теңестіру туралы мәселе көтеріліп, баспасөз беттерінде көп жазылып еді. Содан не нәтиже шықты?
– Иә, бұл өзі көп қозғалған мәселе. Бірақ әзірге нақты бірдеңе айту қиын. Рас, тылда еңбек еткендердің ішінде де Ұлы Отан соғысына қатысушылармен мәртебесі теңестірілген белгілі бір категориялар бар. Бірақ, әзірге 238 мыңның үстіндегі ардагерді соғысқа қатысқан, «ең жасы» 85-86-дағы азшылыққа теңестіру мүмкін бола қоймайтын сыңайлы.
– Байқап отырсам, сіздердің ұйым қоғамдық бірлестік деген атауымен-ақ бюджеттік мекемеге жатпайтыны белгілі. Осыншама филиалды қалай ұстап отырсыздар? Оның үстіне көмек сұрап келетіндер бар дегендей...
– Бюджеттік мекемеге жатпайтынымыз жарғымызда да тайға таңба басылғандай бекітілген. Сондықтан мемлекеттің ортақ қазанына көз сүзбейтініміз белгілі. Бізге көмектесетін бірен-саран меценаттар бар. Кезінде ардагерлер қолымен салынған өнеркәсіптердің қазіргі басшылары көмек қолын созып бағуда. Міне, солардан түскен қаржылармен жан бағып отырмыз. Жергілікті филиалдарда да солай. Ал, көмек сұрап келетіндердің мәселесіне келсек, олардың көпшілігін жергілікті филиалдар арқылы шешуге тырысамыз. Жергілікті филиалдар комиссия арқылы көмек сұраушының жағдайын анықтап алып, тиісті жәрдем көрсетіп жатады. Мәселен 20-30 жылдан бері пәтері жөнделмеген қариялар болса, жалғызілікті кісілер дәрі-дәрмек алатын ақша таппай жатса, филиалдар міндетті түрде көмектеседі. Бірақ олар миллиондап береді екен деген ой тумауы тиіс. Өйткені, өздері де тиын санап отырғандықтан, белгілі бір мөлшерде ғана көмектеседі. Ал, біздің орталық кеңес үкіметтік, парламенттік деңгейде шешілетін мәселелерге жәрдемдеседі. Олардың мүддесін қорғауға ықпал жасайды. Жалпы, біздің бірлестік тікелей қаржы беріп көмектесетін емес, ардагерлердің мәселелерін Үкіметтің алдына қойып, соны мемлекеттік деңгейде шешуге мүдделі ұйым.
– Мемлекеттік деңгейде демекші, ардагерлердің VІ съезінде Үкіметтің алдына қандай мәселелер қойылмақ?
– Сәуірдің 20-сы күні Астана қалалық әкімдігінде өткізілетін бұл жиынға 14 облыстан, Астана, Алматы қалаларынан есеп беру конференциясында сайланған делегаттар келеді. Съезд әр бес жылда өткізілетін болғандықтан, оның алдында облыстарда есеп беру конференциялары ұйымдастырылып, бес жылда атқарылған жұмыстар, алға қойылған мақсаттар талқыланды. Өзім осы есеп беру конференцияларының бірнешеуіне қатыстым. Съезде де негізінен осы конференцияларда айтылған ең көкейкесті мәселелер талқыланады. Бұл орайда Үкіметтің алдына қоямыз деп отырған мәселелердің ең негізгісі – қымбатшылық жайы болмақ. Еліміздің әр түкпіріндегі зейнеткерлер зейнетақысының өскеніне қуанып-ақ отыр. Бірақ, бағаның күрт өсіп кеткеніне наразы. Оларға ең бірінші кезекте ет, май, наннан гөрі дәрі-дәрмек маңызды боп тұр. Өзіңіз білесіз, дәріханаларда дәрінің бағасы аспандап кеткен. Бұл, алдымен дәрілердің тоқсан пайызы шеттен әкелінгеніне байланысты болса, екіншіден, осыны ауыздықтап отыруға Үкіметтің қауқары жетпей жатыр. Зейнеткерлердің пікірінше, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл ардагерлеріне дәрі-дәрмекті тегін бергеннен мемлекеттің қазынасы ортаймайды. Өйткені, бұл ардагерлер қазір онша көп емес, жастары да 80-нен асып кеткен. Бұл жерде тек дәрі-дәрмек қана емес, барлық нәрсенің қымбаттағаны мәселе ретінде көтерілмек. Одан кейінгі тағы бір мәселе – тыл ардагерлерін түгелдей баспанамен қамту жағы. Рас, бізде Ұлы Отан соғысының ардагерлері түгелдей дерлік баспанамен қамтылған. Ал, тыл ардагерлерінде бұл мәселе түгелдей шешімін тапқан жоқ. Сондықтан съезде көтерілетін тағы бір мәселе – баспана мәселесі болмақ. Облыстарда болғанымда, ондағы ардагерлер «Ардагерлер туралы» заңның қашан қабылданатынын сұрап, оны съезде мәселе ретінде қарауды ұсынып еді. Жиында бұл да айтылатын болады. Съезде сонымен қатар, алдағы бесжылдықта қандай шаруалар атқарылатыны да талқыға салынады. Съезд жұмысына делегаттардан бөлек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Денсаулық сақтау министрі, Президент аппаратынан жауапты өкілдер қатысады деп күтілуде.
– Қарт кісілердің көпшілігінің белсенді болатынын білсек те, өткен Президент сайлауына олар қаншалықты атсалысты деген сұрақты қойғымыз келіп отыр.
– Сайлауда ардагерлер ерекше белсенділік танытты. «Біздің Нұрсұлтан Әбішұлынан басқа кандидатымыз жоқ, соған сенеміз, дауысымызды да сол кісіге береміз» деп жұмылған жұдырықтай болып, бірауыздан Елбасын қолдады. Сайлау күні де таңертең ерте тұрып, сайлау учаскелерінің алдында солар жүрді. Сайлау комиссиясының құрамында да ардагерлер болды. Сосын мені таңырқатқан әрі қызықтырған бір жағдай – осы сайлауда жастар ерекше белсенділік танытты. Бұрынғы сайлауларда жастар түске дейін ұйықтап, түстен кейін сайлауға барғысы келсе барып, барғысы келмесе бармайтын. Бұл жолы олар елден бұрын келіп, дауыс беріп жатты. Соған қарағанда, қарты да, жасы да белсенді мемлекеттің болашағы жарқын болар деп болжағымыз келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Айгүл СЕЙІЛОВА.